Парламент Сенатының депутаты Бейбіт Исабаев Президенттің референдум өткізу туралы ұсынысы билік пен қоғам арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға оң ықпалын тигізетінін айтты.
«Еліміз маңызды саяси өзгерістердің алдында тұр және бұл өзгерістер азаматтардың қатысуынсыз жүзеге аспайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында осы ойды жеткізді» - деді депутат.
Президент Ата Заңымыздың 33 бабына өзгеріс енгізу ұсынылғаны туралы айтты. Бұл Конституцияның үштен бір бөлігі, яғни ауқымды әрі маңызды өзгеріс болып есептеледі. Бейбіт Исабаев Мемлекет басшысы осыны ескере отырып, республикалық референдум өткізуді ұсынғанын айтты.
«Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының, референдум әрбір азаматтың елдің тағдырын айқындауға тікелей қатысу мүмкіндігі дегені сондықтан. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық» - деді Бейбіт Исабаев.
Депутаттың пікірінше, Президент Қазақстанды демократиялық құндылықтар негізінде нығайтуға мән беріп отыр.
«Еліміз қаңтар оқиғасын басынан өткерді. Геосаяси ахуал да шиеленсіп тұр. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы Президентіміздің тікелей бастамасымен қолға алынған реформалардың дені саяси трансформацияны көздейді. Конституциялық өзгерістерді тұтас ұлттың талқысына салу бастамасын да демократияға негізделген саяси жаңарудың белгісі деп қабылдаймын» - деді Сенат депутаты.