– Қазір Конституциялық кеңес үлкен өзгерістер топтамасын қарастырып жатыр. Елдің Ата заңына отызға жуық түзету енгізіледі. Олар саяси жүйеден бастап, елдің құрылымын өзгертуге дейінгі маңызды мәселелерді қамтиды. Бұл реформа азаматтарымыздың өмірін жақсартып, әр адамның бақытты болашағын қалыптастыруға бағытталған.
Біз өзіміз үшін ғана емес, ұрпағымыз үшін шаңырағы биік, керегесі кең, табалдырығы берік Жаңа Қазақстанды құруға дайынбыз. Ол үшін әлеуетіміз де, күшіміз де, жігеріміз де жетеді. Тарихи сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын халықпыз. Ендігі кезекте саяси реформаларды аяғына дейін жеткізуіміз маңызды. Бұл реформалардың мәні мен мақсатын халыққа дұрыс түсіндіру ортақ борышымыз. Себебі кез келген тарихи бетбұрыстар халықтың шынайы қолдауына ие болса ғана жүзеге асады. Бұл бағытта елге жанашыр, мемлекетшіл, отаншыл азаматтардың күш-жігерін біріктіру қажет.