Қазақтардың «мемлекет құрушы халық» рөлі бар. Ел иесі ретінде қазақтарға ел іргесінің сөгілмеуі, бірлікке селкеу түспеуі, тұрақтылықтың шайқалмауы үшін тарихи жауапкершілік жүктеледі. Елімізді мекен еткен әрбір диаспора өкілі де жауапкершілік арқалауы керек. Әлем бүлініп жатқанда, біз бөле-жарылмауымыз қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясындағы талқылауды осылай түюге болады. Құрылтайда Президент Қ.Тоқаев сөз сөйлеп, Ассамблея қызметінің басымдықтарын айқындап берді.
Сессия жұмысына Парламент депутаттары, орталық меморгандар басшылары, өңірлердің әкімдері, Ассамблея мүшелері, аймақтық және республикалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, саяси партиялар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ 425 ҚХА мүшесі қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ҚХА сессиясын «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Бірлік, татулық және бейбітшілік – мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемде жаңа сын-қатерлердің туындауына түрткі болған геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.
– «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Бұл ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол Ассамблея «құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді» деп бағалады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқарады. Сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны ары қарай дамытудың бағытын белгілеу. «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметінің үш негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі ҚХА рөлін күшейту.
– Ассамблеяның Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәртібінен түсуіне септігін тигізеді. Ассамблеядан ұсынылған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этникалық топтардың мүддесін тиімді қарастырады. Мұндай модель халықаралық тәжірибеге және Қазақстанның парламенттік жүйесінің ерекшелігіне сай келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ҚХА-дан Сенат депутаттығына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет екенін нықтады. Бұл мәселенің бәрі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңартылған заңда көрініс табуы тиіс.
– Партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бірмандатты округтер бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этникалық әралуандығын шынайы көрсетеді. Сонымен қатар этносаралық факторды саясиландыруға және бұл тақырып бойынша арандатушылық сипаттағы пікірталастарға да мүлде жол беруге болмайды, – деді ол.
Қ.Тоқаев бұл бағытта Ассамблея тарапынан түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуі қажет екенін баса айтты.
– Елімізде тұратын барлық этнос өкілінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өзін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі, – деді ол.
Ақпараттық жұмыстарды күшейту және Ассамблеяның қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі – «екінші басымдық» ретінде аталды. Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымынша, еліміздің әрбір азаматы жұртшылық алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек.
– Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да! – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы алуан түрлі мәдениетімізді танытатын бірегей ақпаратты кеңінен таратуға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі.
Ол келесі айда жаңа диалог алаңы – «Ұлттық құрылтайдың» алғашқы отырысы өтетінін хабарлады. Бұл жиын елімізді дамытудың өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды жұмылдыруға бағытталған.
– Бұл жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтайдың құрамына депутаттар, ҚХА мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірдің, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, бейресми ұйымдардың, бизнес қауымдастықтар мен өндіріс саласының өкілдері кіреді. Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет ҚХА Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев
Үшінші басымдық – құқық қорғау қызметін күшейту. Осы бағытта Ассамблея медиацияға негізделген кәсіби келіссөз жүргізушілердің бірегей институтын қалыптастыруға кірісті.
Президент қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскеніне назар аудартты. Осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерілді.
– Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді «Екінші Республика» деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі! Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады, – деді ол.
Қ.Тоқаев әзірленген сол түзетулердің тарихи маңызы бар деп есептейді. Бұл – мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңі.
– Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын! Референдум – аса маңызды демократиялық институт. Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы, қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң қабылданды. Содан бері Конституцияға 4 рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Зиялы қауым, әрбір қоғам өкілі қазіргі тарихи мезетте Жаңа Қазақстанның мән-мағынасы мен құндылықтық бағдарларын нақты түсінгісі келеді: ол нені білдіреді, не береді, нені мақсат-мұрат тұтады? Сол себепті Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділетті Қазақстан екенін айтып, түсініктеме бере кетті.
– Жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы. Жаңа Қазақстан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалауға болмайды. Азаматтардың бәрін ортақ іске жұмылдырмайынша, мемлекеттік аппарат та, кез келген саяси шешімдер мен экономикалық тетіктер де елімізді жаңартуға қауқарсыз. Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет. Біз непотизм мен патернализмге, коррупция мен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұғынып, ұстану қажет. Заңдар догма емес, ол азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үшін жетілдіріліп отыруы тиіс. Заң, әділдік және тәртіп бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады, – деді ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды. Мұның бәрі елдің жарқын болашағы мен халықтың әл-ауқаты үшін қажет.
– Көзқарастарымыз бен наным сеніміміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын этникалық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне өшпенділікке жол берілмейді, – деді Президент.
Ол төзбеушіліктің, «өзіміз және өзгелер» деп бөле-жарылудың кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды. Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауы, нығайтуы тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деген ұстанымын жеткізді.
– Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз. Сөз соңында сіздерді алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.