Төртқұдықтықтар «AMANAT»-тaн көмек күтеді
Төртқұдықтықтар «AMANAT»-тaн көмек күтеді
341
оқылды
«AMANAT» партиясының елдің мұң-мұқтажын тікелей өз ауыздарынан тыңдау үшін шалғайдағы ауылдарды аралап жүргеніне, міне 1,5 айдан асты. Саяси ұйымның Павлодар облысындағы қоғам­дық қабылдау бөлмесінің осындай бір сапарында Төртқұдық ауылына жолы түскен еді. Елді мекен Екібастұздың әкімшілік бөлінісіне кіргенімен, қаладан 90 шақырым. Ауылда жалғыз кен байыту фаб­­рикасы бар, бірақ одан тұрғындардың бәріне жұмыс табыла бермейді. Басқа өндіріс жоқ. Сондық­тан адамдар жанбағарлық жұмыс іздеп, жыл сайын жан-жаққа кө­шіп кетуде. Әсіресе, жастар жағы то­лассыз ағылуда. Қазір мұнда не­гізінен жасы ұлғайған адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қал­ған. Ауру-сырқаулы кісілер бар. Ауыл­дық­тар барлық керек-жарақ­тарын, ас-суы мен дәрі-дәрмегін Екібастұздан алдырады. Бірақ оған жиі­летіп кө­лік жалдап бара беру оңай емес, әсі­ресе қыстың боранды күндері қиын. Қоғамдық қа­был­дау бөлме­сінің мамандарына төртқұдық­тық­тар осы және басқа да арыз-шағымдарын жеткізген болатын. – Мен аурушаң жанмын, жүрегім қағады, бойымда қант құрамы ша­мадан тыс дейді. Жүріп-тұруым қиын. Күнделікті үзбей ішетін дәрі-дәрмегім бар, оны 4 мың теңгеге көлік жалдап Екібастұздан ал­­­дырамын. Ауылда дәріхана жоқ, дәрі жоқ. Жалғыз медбикеміз бар, оның өзі аурушаң, оның бар жұмысы өзіміз әкеліп берген екпені салумен шектеледі. Болды! – дейді ауыл тұрғыны Сара Ибраева. Сондай-ақ басы ауырып, балтыры сыздаған науқастың бәріне дә­рігерге емделу үшін, әйтпесе дәрі-дәрмегін алдыру үшін Екібас­тұзға баруға тура келеді. Ал ауылда же­­дел жәрдем жоқ. Тұрмыстық проб­лема қинаған ауылдықтар әкім қаламен екі ортаға қатынайтын көлік мәселесін шешіп берсе екен дейді.