Бірлік – береке бастауы
Бірлік – береке бастауы
2,364
оқылды
Мамыр айының алғашқы күні елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері бірлік пен татулық мейрамын атап өтеді. Бұл күн – 130-дан астам ұлт пен ұлыстың арасындағы ынтымақ пен татулықтың нышаны. Асылы Осман Асылы ОСМАН, қоғам қайраткері, ғалым: – 1 мамыр Кеңес үкіметінің кезінде еңбекшілердің мере­кесі еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Н.Назарбаев бұл күнді бірлік күні ретінде өз­герт­ті. «Бірігу – ата-баба өсиеті, бөліну – қоғам қасіреті» деп Төле би айтып кеткендей, ел болашағы үшін бірлік бәрінен де қымбат. Бірлік бар жерде тірлік бар. Сондықтан бұл мере­ке­нің біздің өмірімізден алатын орны ерекше. Егемендіктің қа­дірін біліп, бейбіт аспан астында тұтас ұлт болғанымыз өзі­мізге жақсы. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі – елі­міздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсі­ністігі мен сыйластығы. Сол себепті достық пен бірлікті нығайту сөз жүзінде қал­мауы керек. Қазақстандықтарды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Алла азаматтарымыздың дендеріне саулық, бастарына амандық берсін! Жаңа Қазақстанды мекендеген ұлттардың бірлігі арта берсін! Шиповских Геннадий ШИПОВСКИХ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Еліміз үшін аса маңызды мерекелердің бірі бірлік кү­ні биыл қасиетті Ораза айтпен қатар келді. Әлемде бо­лып жатқан қазіргі саяси оқиғалар ел бірлігінің бәрінен қым­бат екенін ұғындыра түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел тұтастығын сақтап, қой үсті­не бозторғай жұмыртқалайтын заман орнату басты мақ­саты екенін айтты. Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «жат жұрт­тардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қан­дай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзыл­маған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бар­лы­ғымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Споткай Максим СПОТКАЙ, Сенат аппараты басшысының орынбасары: – Біз 1 мамыр мерекесінің мағынасын дұрыс түсінуіміз керек. Бұл – жай ғана «халықтар достығы» күні емес, бүкіл хал­­қымыздың бірлігі күні. Қазақстан бірліктің арқасында ең күрделі тарихи кезеңдерінде басқа түскен қиындық­тар­ды еңсере алды. Қазақ халқы тәуелсіздік жолындағы күрес пен өзінің аумақтық тұтастығын бірліктің арқасында ғана қорғап қалды. Біз бірліктің арқасында 30 жыл ішінде қа­зіргі заманғы мемлекеттілікті, тиімді басқару жүйесін ор­наттық, қоғамдық келісім мен татулықты нығайттық. Біздің барлық жетістіктеріміз онсыз мүмкін емес еді. Билікке, шенеуніктерге қар­сы болуға болатын шығар, бірақ мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздікке қарсы болу­ға болмайды. Сондықтан егемендік – бұл қазіргі кезеңде бізді біріктіретін биік ұғым. Мемлекет басшысының «алуан пікір – біртұтас ұлт» туралы тұжырымына орай бірлік идеясы ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл осы мерекенің мән-маңы­зын ашып көрсетіп, бірлік идеясына деген көзқарасымызды кеңейте түседі. Осы­лайша, 1 мамыр – ұлтымыздың, барша халқымыздың бірлігі күні. Бұл – біз­дің көзқарасымыз бен ниет-мақсатымыздың бірлігі арқасында ғана барлық ба­ғытта жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынымызды паш ететін күн. Тен Владислав ТЕН, LINGVA TEN тіл орталығының директоры: – «Бірлік бар жерде – тірлік бар», – дейді қазақ халқы. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақ жері – корейлер үшін киелі әрі қасиетті жер. Қазақты сүймеген адам қазақ тілін үйрене алмайды. Мен қазақ тілін өзім ғана үйреніп қоймай, қысқа уақыт ішінде өзгелерге де үйретіп жүрмін. Маған тек тіл емес, жалпы қазақ халқының өзі, салт-дәстүрі, әдеби шығармалары да қызық. Сон­дықтан бізді біріктіретін күш – тіл мен мәдениет, ортақ тарих. Осы бірлігімізден айырылмай, көк байрақтың астында еркін, азат өмір сүре берейік. Қазақ елі үшін оның жан-жақты дамуына жан аямай еңбек етуге дайынмын.