Референдумда халықтың жаңа бастамасы көрініс таппақ
Референдумда халықтың жаңа бастамасы көрініс таппақ
© коллаж: Әсел Балтақызы
401
оқылды
Қазақстан халық Ассамблеясы­ның кезекті жиынында Мем­ле­кет бас­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конс­­титуцияға өзгертулер мен то­лық­­тыру­лар енгізу үшін жалпы­ха­лық­тық референдум өт­кі­зу­­ді ұсын­ды. Яғни, мемлекеттік маңызды мә­селе ал­дағы уақыт­та халық тал­қы­сы арқылы шешілуі мүм­кін. Ал мұн­дай қадам қан­дай оң өзгерістерге жол ашуы мүмкін? Елдің өткеніне көз жү­­гірт­сек, жал­пыхалықтық рефе­рен­дум сонау 1995 жылы өт­кенін кө­ре­­­міз. Сол кезеңнің игілігі көпке дейін бол­ғаны жасырын емес.

Ұсыныс қолдау тауып үлгерді

Алдымен Президенттің жиында айтқан сөзіне зер салсақ. «Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам бас­қалы тұрмыз. Осы реформалар қолға алын­ған кезде Конституцияға енгізілетін өзге­ріс­тер мен толықтырулардың жобасын Пар­ламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қол­даныстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде рес­пуб­ликалық референдум өткізуді ұсынамын», – деді Қ.Тоқаев. Жалпы, Қазақстанда жалпыхалықтық референдум 1995 жылы өткенін көпшілік жақсы біледі. Оған сәлден соң кеңінен тоқ­таламыз. Ал осы жолы «референдум өткі­зу­дің қажеттілігі бар ма?» деген сауал туындауы мүмкін. Әуелі референдум жеке тұлғаның емес, мемлекетті құраушы халықтың пікірін айқындайтын амал екенін ескерген жөн. Сон­дықтан азаматтардың көзқарасы ар­қылы қалыптасатын жаңа саяси қадамдарды жансақтыққа балай алмаспыз. Мемлекет басшысының ұсынысы демде қолдау тауып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин ел Конституциясына енгізілген өзгерістер бойынша референдум өткізу туралы ойын айтқан болатын. «Ел Конституциясына енгізілген төрт түзету әрқашан Парламентте дауыс беру арқылы өтті. Алғаш рет конституциялық ре­форма бүкілхалықтық тікелей дауыс беру арқылы жүзеге асырылмақ, бұл оның жал­пыұлттық сипатын көрсетеді», – деді ол. Қариннің айтуынша, алдағы консти­ту­циялық реформа билік тармақтары ара­сын­дағы қатынастардың тепе-теңдігін оңтай­ландырады. Осылай халықтың мемлекетті басқаруға қатысу мүмкіндігін арттырып, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтпек. Демек, халық билі­гінің бір нышанын аңғарамыз. «Бұл – мем­лекеттік модельдің жүйелі трансфор­ма­циясы. Сон­дықтан референдум ескі үлгіден түпкілікті бас тартып, жаңа саяси жүйені қайта іске қосу үшін қажет», – дейді Ерлан Қарин.

Биліктің бастауы халық екенін нақтылаған қадам

Халықтың ерік-жігері саналатын құ­жатқа қатысты жалпыхалықтық референдум осыған дейін 1995 жылы өткенін тілге тиек еттік. Әлемдік тәжірибені саралай отырып жазылған Конституция сол кезден бері елдің дамуына жол ашқаны рас. 1993 жылғы Конституция ескі әкімшіл-әміршіл ере­желерге сүйенгендіктен, жаңа қоғам тала­бына сай болмағаны жасырын емес. Әрі онда адамның жеке құқығы мен бостандығы, оны қамтамасыз ету қағидалары, мем­лекеттік үкімет билігін жүргізу нысандары, басқару саласындағы демократиялық инс­титуттардың қызметі нақты айқындалмаған болатын. Сондықтан 1995 жылы тамызда бү­кілхалықтық референдум арқылы Қазақ­станның жаңа Конституциясы қабылданды. Оған 7 миллионнан астам азамат қатысқан екен, қазақстандықтардың 89 пайызы жаңа Ата Заңды қолдап дауыс берген. Құжат негізінен 4 құрылымнан тұрды: Конс­ти­туция, Адам құқығы, Билік, Демократия және құқық қорғау. Даму жолын көздеген заңнамада алдың­ғы қатарлы мемлекеттердің тәжірибесі ес­керілгені рас. Қазақстанның таңдауы Фран­цияның 1958 жылғы Конституциясының нұсқасына түсіп, елдің басты құжатының ірге­тасына айналды. Дегенмен өз жолы­мыздан ауытқып кеткеніміз жоқ. Консти­туцияда мемлекеттің келешегін айқын­дай­тын маңызды идеялар көрініс тапты. Та­ри­хи, ұлттық ерекшеліктер де назардан тыс қал­ған жоқ. Референдумға дейін Консти­ту­цияның жобасы жалпыхалықтық талқылау үшін екі мәрте жарияланған еді. 1995 жылғы 30 маусым – 30 шілде аралығында 33 мыңға таяу ұжымдық талқылаулар өтті, 30 мыңнан астам ұсыныстар келіп түсіп, бұларды зерделеу нәтижесінде жобаға 1100 түзету мен өзгерістер енгізілген. Қазір мұның бәрі өткен күннің бір белгісі секілді, бірақ ма­ңыз­ды кезең уақыт өткен сайын мәнін ұқ­ты­рып келеді. Ең білікті деген заңгер-ға­­лым­дар қатысқан құжат мамандар тара­пы­нан жақсы баға алды. Мәселен, заң ғылы­мының кандидаты, доцент Ақылбек Иса­бе­ков «Конституция дер кезінде, қазақ қоға­мы осындай құжатқа зәру болып тұрған кезде туындады. Яғни, елдегі барлық тұрмыс-тіршілік заңмен реттелді» деп еске алады. Конституцияның мазмұнына үңіліп көрсек те, ел үшін маңызды тұстарын аңғарамыз. Мысалы, Конституцияның 1-бабының 2-тармағында Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарына қазақстандық патриотизм жатқызылған. Ал Конституциялық патриотизм қазақстандық патриотизмнің бір түрі, бір бөлігі екені анық. 2-баптың 2 және 3-тармақтарында Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны нақты айтылған. Сол арқылы Қазақстан демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты. Республика қызметінің түбегейлі қағидалары, атап айтқанда, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін эконо­микалық даму саналады. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, кәсіпкерлік қызмет еркін­дігіне және өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы қызмет атқарып жатыр. Ал Конс­титуцияның 8-бабында Қазақстан халық­аралық құқықтың қағида­лары мен норма­ларын құрметтеп, мемле­кеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасауды, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне ара­ласпау, халықаралық дауларды бейбіт жол­мен шешу саясатын жүргізіп, қарулы күшті бірінші болып қол­данудан бас тартатыны баян етілген. Міне, осындай құжат арқылы мемлекет азамат­та­рының қауіпсіздігін, жақ­сы тұрмыс-тір­шілікте өмір сүруін қам­тамасыз етіп отыр. Айтылған ережелерді қа­таң сақтау ар­қылы еліміз өзінің жаһандық жауап­кер­ші­лікке ден қоятынын көрсетіп, әлемдік өр­кениеттің алға басуына үлес қосуға ниетті. Қорыта айтқанда, алдыңғы рефе­рендум арқылы енгізілген өзгерістердің арқасында Қазақстанда нарықтық эко­номика құры­лып, демократиялық қоғам­ның негізі қа­лан­ды. Азаматтық қоғам институттары қа­лыптаса бастады. Енді алдағы уақытта бо­луы мүмкін референ­думда да ел үшін оңды, жаңа бастамалар болары күмәнсіз.