Аттестациядан өтпеген оқушылар спорт мектеп-интернаттарынан шығарылады
Аттестациядан өтпеген оқушылар спорт мектеп-интернаттарынан шығарылады
Сурет: olympic.kz
467
оқылды
Орталық коммуникациялар қызметінде спорттық даярлау туралы брифингте Orda.kz журналисі сұрақ қойды. Оның сөзінше, Республикалық спорт колледжін реформалау кезінде кейбір жас спортшылар, бапкерлер мен оқытушылар оқудан шығуға, жұмыстан босатуға қудаланған, деп хабарлайды Informburo.kz сайты. 
"Студентті ауыстыру үшін басқа біреудің орны босауы керек. Сол себепті "Шаңырақ" шағын ауданындағы және Кәркен Ахметов атындағы олимпиадалық спорт мектептерінен күн сайын "жарамсыз" оқушылар оқудан шығарлып жатыр. Жаңа оқу жылында не болмақ? Оқудан шығарылған оқушылар қайда барады? Бұл қандай да бір стратегиялық жоспар ма? Кім бұған жауап береді? Президент бұл реформадан хабардар ма?" – деп сұрады журналист.
Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Айгүл Бектенованың сөзінше, Олимпиада ойындарында нәтиже болмағаннан кейін ведомство осындай реформа енгізген.
"Кеңес одағынан бері спортшыларды даярлау жүйесі бар. Республикалық спорт колледжі Академия-дайындау орталығы болып қайта құрылады. Олимпиада ойындарында үздік ондыққа кіретін елдерде бұл бұрыннан бар. Барлық спортшы оқу орындарына орналасады. Оқу-жаттығу процесі бар мектеп-интернаттарда жыл сайын оқу жылының соңында аттестаттау өтеді. Нәтижесі төмен немесе жарақаты бар, допинг табылған спортшылар аттестаттау қорытындысы бойынша оқудан шығарылады. Олар далада қалмайды, әрі қарай жалпы білім беру мектептерінде оқи береді. Алты басым спорт түрімен айналысатын спортшылар жаттығу орталықтарында қалады. Қалған спорт түрлерінен "Шаңырақ" шағын ауданындағы және Кәркен Ахметов атындағы олимпиадалық спорт мектептеріне орналасады", – деп жауап берді ол.
Айгүл Бектенова спорт мектеп-интернаттарына Қазақстанның ең үздік оқушылары түсуге ұмтылатынын, олардың дене дайындығы мен спорттағы нәтижелері ескерілетінін атап өтті. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформадан хабардар. Олимпиада ойындарының нәтижесінен кейін президент атына қызметтік жазба жіберілген. Алдын ала мақұлданғаннан кейін реформа жүзеге асырыла бастаған.