Кәдімгі қанттан 15 есе тәтті өнім беретін өсімдік Шымкентте өсіріле бастады
Кәдімгі қанттан 15 есе тәтті өнім беретін өсімдік Шымкентте өсіріле бастады
670
оқылды
Шымкенттік жас ғалымдар қанттың орнын баса алатын өнім беретін стевия дәрілік өсімдігін еге бастады. «Бал шөбі» атауына ие стевия өсімдігінің жапырақтарынан өндірілетін табиғи өнім кәдімгі қанттан 15 есе тәтті. Сондай-ақ, тағамның дәмін қанық ететін табиғи тәттінің бағасы қолданыстағы қанттан арзанға түседі. «ҚазАқпарат» тілшісінің жазуынша, оны қантты алмастырумен бірге, фармацевтикалық бағытта да қолдануға болады. Одан алынатын дәрі-дәрмек те қарапайым азаматтарға қолжетімді болмақ.  width= «Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы елдері осы өсімдікті өсіруге көңіл бөліп отыр. Себебі, стевиядан алынатын биологиялық қоспа қант диабетін емдейтін, ас қорыту жүйесінің жұмысын реттейтін және жүйке жүйесіне оң әсерін тигізетін қасиетке ие. Біз осы дәрілік өсімдікті өз елімізде өсіріп, өндіріске енгізуді көздеп отырмыз», - дейді ғылыми жобаның жетекшісі, PhD докторы Абдуғани Азимов.  width= Стевия жылу сүйгіш өсімдік болғандықтан, Қазақстанның климатына төзімсіз әрі өнуге бейімсіз келеді. Осыған байланысты жоба авторлары оны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің жылыжай кешенінде жүзеге асырып жатыр. Заманауи құралдармен жабдықталған кешеннің топырағы өңделіп, қосымша минералды тыңайтқыштармен байытылған. Жоба сәтті шықса, алдағы уақытта өсімдікті қаладағы жылыжай кешендерінде көптеп өсіру жоспарланып отыр.