«Алтын белгіге» үміткерлердің білімі жекеменшік білім ордасында бағалана ма?
«Алтын белгіге» үміткерлердің білімі жекеменшік білім ордасында бағалана ма?
650
оқылды
Белгілі жазушы-публицист,  Қазақстан Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің назарына хат жолдады. «Құрметті Асхат Қанатұлы! Қазақстанның білім саласын басқаруға Сіз келгелі бірқатар игі қадамдар жасалып жатқаны қуантады. Ұлт үшін, халық үшін пайдалы бастамаларыңызды қолдаймыз. Қызметіңізге абырой мен сәттілік тілейміз», - деген академик қазіргі таңда қазақстандықтарды алаңдатып отырған мәселелерді қаузайды. «Бізді қазір төмендегі жағдай алаңдатып отыр. 2021/2022 оқу жылының соңында, небары бір ай қалғанда «Алтын белгіден» үміткер шәкірттер Назарбаев зияткерлік мектебінде математикадан емтихан тапсыруы керек» деген тәртіп шығыпты. Мұндай талап ата-ананы да, ұстазды да, шәкіртті де аң-таң етіп, түсініксіз жағдайға душар етіп тұр. Бізге белгілісі – Назарбаев зияткерлік мектептерінің «Назарбаев-фонд» қорына тиесілі екендігі. Іс жүзінде бұлар жекеменшік мектептер желісі. Сонда мемлекеттік орта білім беру мектептерінің шәкірттері мемлекеттік емес білім ошағында білім сынатуы қалай болады? Бұл қаншалықты ақылға қонымды? Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебі мен жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасындағы  айырмашылықтар жер мен көктей. Оқу жылы аяқталуға бір ай қалғанда балалардың тағдырын осылай ойыншық ету әділеттілікке жата ма? Он бір жыл бойы көз майын тауысып, бар күш-жігерін жұмсаған баланың білім деңгейін осылайша тартысқа салудың не қажеті бар? Егер шәкірттің  біліміне күмән туатын болса, онда Назарбаев зияткерлік мектептерінен басқа жалпы білім беретін мектептердегі «Алтын белгіні» алып тастау керек шығар. «Алтын белгінің» балаға іс жүзінде берер еш артықшылығы да жоқ. Жоғары оқу орнына түсерде жеңілдік те көрсетілмейді. Тек баланың өзі үшін еңбегінің бағаланған көрсеткіші ғана. Соның өзінде балаға эмоционалдық салмақ түсіру мен психологиялық қинаудың қажеті қанша?! Баланың он бір жылғы еңбегін осылай тартысқа салатын болса, кейінгі буынның оқуға ықыласы артады деу де қиын. Одан да керек пәніне көбірек көңіл бөліп, тек бір салаға ғана мамандануды жөн санайды. Баланың оқуға деген қызығушылығын арттыра алмай жатқанда, тобықтан қаққан мұндай әрекеттер білім саласына абырой қоспасы анық. Биылға дейін «Алтын белгіге» үміткерлердің жазған жұмысы жарты сағаттың ішінде жинап алынып, қалалық  білім беру басқармасында білікті ұстаздардан, білім басқармасының мамандарынан, ұстаздардың біліктілігін арттыратын мекемелердің ғалымдарынан құралған тәуелсіз комиссия мүшелерінің талқысынан өткізіліп, қорытынды баға сол жерде қойылатын. Бұл жерде шәкірт психологиялық қысымға ұшырамастан, өз мектебінде жұмысын жазып, оның жұмысы ғана комиссияда қарастырылатын. Көптеген ұстаздардың пікірінше, осы жүйе ұстаз үшін де, шәкірт үшін де өте тиімді. Құрметті министр мырза! Шәкірттердің мектеп бітірейін деп тұрған шешуші сәтінде аяқ астынан тосын  талап қойылып, «Алтын белгіге» үміткерлерді әуре-сарсаңға салу, шәкірттердің жүйкесін тоздыру орынсыз әрекет деп есептейміз. Мұндай талап педагогтардың тамыз кеңесінде талқыланылып, оқу жылының басында ұсынылуы тиіс еді. Сондықтан осындай бір қайнауы ішінде, асығыс шешім, орынсыз талаптың  биылға тоқтатылуын сұраймыз. Шәкірттердің 11 жылғы жойдасыз еңбегін табан астында тартысқа салып, жігерін жасытып алмай, білімді жастарымыздың өмір жолын дұрыс таңдауына көмек қолын созайық», - деп түйіндейді Марат Тоқашбаев.