Бас мүфти Ораза айт мерекесімен құттықтады
Бас мүфти Ораза айт мерекесімен құттықтады
542
оқылды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы күллі мұсылмандардың ұлық мерекесі – Ораза айтпен құттықтады. Діни басқарма басшысының айтуынша, «айт» сөзі «мерекелеу», «бірін-бірі қуанту, «хал сұрасу» дегенді білдіреді. Сондықтан да ораза айт – адамды мейірімділік пен сауапты іске шақыратын мереке.
«Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын сәті. Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...» дейді. Раббымыз баршамыздың қуанышымызды арттырып, екі дүниеде де мерейімізді үстем еткей», – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы мешіттерде атқарылған ізгі іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына белсенді түрде үлес қосқан барша жанға алғыс білдірді. Сондай-ақ ізгі амалдардың жақсылығы мен сауабы арта түсуіне тілектес екенін айтты.
«Қадірлі жамағат! Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Алла Тағала баршамызды келесі Рамазанға дейін аман-есен жеткізіп, мол сауапқа кенелуді нәсіп еткей.  Халқымыз аман, жұртымыз тыныш, еңселі еліміздің болашағы жарқын, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!» делінген Бас мүфтидің құттықтауында.