Денсаулық – бұл әр адамның және бүкіл қоғамның баға жетпес байлығы. Ұлт денсаулығы – мемлекеттің күші! Денсаулық адамның ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса орнына қиындықпен келетін, орны толмас асыл қазынасы. Ұлы ойшыл Сократқа кезінде мынадай сұрақ қойыпты: «Адамға өмірде не қымбат, байлық па, даңқ па?». Сонда Сократ: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей ауру патшадан бақыттырақ», – деп жауап берген екен. Яғни, адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек.
Сондықтан соңғы кезде елімізде денсаулық сақтау саласын мемлекет тарапынан қайта дамытуға айрықша көңіл бөліне бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Бұл ретте Президент тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда.
Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады:
Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.
Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру.
Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету.
Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар.
Мемлекеттің басты басымдығы әрқашан адам денсаулығын сақтау болып табылады. Адам денсаулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді.
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасының қабылдануы да тегін емес, себебі қазіргі коронавирустық пандемия әсерінен туындаған экономикалық залал, еліміздің қиын кезеңге аяқ басуының белгісі болып табылады. Осындай қиын-қыстау кезеңде ұлттың денсаулығын көтеру ел экономикасын дамытуға байланысты. Егер елдердің табыс деңгейі мен өлім арасындағы корреляцияны қарастыратын болсақ, онда байланыс тікелей байқалады: ел неғұрлым бай болса, өлім деңгейі соғұрлым төмен және өмір сүру ұзақтығы жоғары болады.
Ұлттық жобаның бірінші бағытын жүзеге асыру үшін халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру көзделген. Ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен толықтай қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба аясында жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау үшін бірнеше шара қарастырылған. Біріншіден, жүкті әйелдерді босанғанға дейінгі бақылаумен қамту көзделген. Екіншіден, 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринигтермен қамтамасыз ету қарастырылған. Үшіншіден, 8 өңірде балаларды оңалтуға арналған 8 орталық және 2 ерте араласу орталығын қосымша ашу жоспарланған. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалтумен қамтуды 3 есеге (18%-дан 60%-ға) дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаның екінші бағытында биоқауіпсіздік және сәйкестікті бағалау саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитарлық-эпидемиялық сараптама зертханаларының үлесін үштен бірге дейін арттыру жоспарланған.
Аталған жобаның үшінші бағытында Мемлекет басшысының өткен жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмалар ескерілген. Қолданыстағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ішінде отандық өндірістің үлесін 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу арқылы медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің 50%-ын отандық өндірістен қамту көзделген. Халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттелген зертханалар мен орталықтардың үлесі 100%-ға жеткізіледі. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде отыз жаңа өндірісті іске қосу жоспарланған.
Ал, Ұлттық жобаның төртінші бағытын іске асыру арқылы темекі шегу көрсеткіші 19%-ға төмендейді, сондай-ақ азаматтардың 45%-ы салауатты өмір салтын ұстанып, 50%-ы дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады деген үміт бар. Бұл үшін халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етуді мың адамға шаққанда 53%-ға дейін арттыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да жағдай жасалады.
Бұл күнде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Дені сау ұлт» ұлттық жобасына байланысты оқу орнының реторы Жансейіт Түймебаев жастарға сапалы білім берумен қатар, әлеуметтік-рухани – адамгершілік пен салауатты өмір салтына тәрбиелеу ісін қайта жаңғыртуға ерекше назар аударуда.
Университетте оқытушылар мен студенттерге спорттың көптеген түрімен айналысуға мамандандырылған көп функционалды жаттығу кешендері мен жаттықтырушы мамандардың қызметтері көрсетіледі. Жалпы, спорт кешенінің инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай 7250 ш.м. аумақты алп жатыр.
Салауаттылық, білім, ғылым бар жерде жетілу, кемелдену, даму үрдісі бір сәтке толастамайды. Табыстылық пен жақсы тұрмыс кешу негізі денсаулық пен білімділікте екенін ұлы Абай : «Балаң білімді, парасатты болсын десең, малыңды аяма», – дейді.
Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-і
Экономика және бизнес жоғары мектебі
Э.ғ.к. , доцент м.а. Ж.Т.Бейсенбаев, И.О.Құлиев