Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери міндетін өтеуге қызығушылықты арттыру мақсатында сарбаздарды еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық бойынша оқытуды қолға алды. Осылайша, жастар әскери міндетін өтеп, сұранысқа ие мамандықты меңгеріп шығады.
Жастардың әскери борышын өтеуге қызығушылығын арттыру мақсатында қабылданған шаралар легін Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов таныстырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әскер қызметі саласында бірқатар бастама қолға алынып жатыр. Соның ішінде мерзімді әскерге қызығушылықты арттыру бар. Атап айтқанда, кредиті бар мерзімді әскери міндетін өтеушілерді төлемнен уақытша босату, сарбаздардың отбасына коммуналдық қызмет ақысын төлеуде жеңілдік жасау секілді шаруалар атқарылады. Сонымен қатар білім беру саласында да жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Одан бөлек, әскери міндетін өтеген соң оларды мемлекеттік органдарға жұмысқа орналастыру жоспары бар», – деді Сұлтан Камалетдинов.