Қазақстан Президенті Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрін қабылдады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне жұмыс сапары аясында елордаға келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийартоны қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстанның саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық ынтымақтастығын дамытудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы министрге елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар, Жаңа Қазақстан құру туралы, сондай-ақ Конституцияға түзетулер енгізу үшін референдум өткізуге дайындық жөнінде мәлімет берді.
Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз елінің Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайта түсуге бейілді екенін жеткізді. Петер Сийарто Мажарстан басшылығының Қазақстан Президентін Будапештке сапармен келуге шақырғанын еске салды.
Сонымен қатар кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Петер Сийарто халықаралық және аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.