Уәдесі көп, тындырары жоқ министрлікті Абаев өзгерте ала ма?
Уәдесі көп, тындырары жоқ министрлікті Абаев өзгерте ала ма?
©www.gov.kz
Соңғы Олимпиада ойындарында біздің спортшылардың жолы болмады. Токио Олимпиадасында спортшыларымыз "рекорд" орнатып, тұңғыш рет жазғы ойындардан қоламен ғана оралды. Нәтижесінде, Қазақстан медаль саны бойынша жарысқа қатысып жатқан мемлекеттердің бейресми кестесінде 83 орыннан көрінді. Бұл аз болғандай, ақпан айында Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиадада мүлдем жүлдесіз қалдық. Қазақ спорты өсудің орнына өшіп жатқандай көрінеді. Бюджеттен бөлінген қыруар қаржы мен спортшылардың күш-жігері қайда деген сауал туындады. Міне осы мәселелердің барлығы елдегі спорт саласына зейін қою керегін көрсетті. Бірінші кезекте өзгеріске Ұлттық Олимпиада комитеті ұшырады. Әрине, басшылық тарапы өз орнын сақтап қалды. Алайда Ұлттық Олимпиада комитеті көп қызметінен айырылып, қолы қысқарды. Атап айтсақ, қазір мекеме спорттық федерацияларға бұрынғыдай ақша бөле алмайды. Тіпті, олардың өзінің қаражатын қысып тастады. Оның үстіне, медициналық департамент таратылды. Ал Ұлттық құрамадағы дәрігерлер мен массажистердің бір бөлігі Спорттық медицина және оңалту орталығына ауысты. Шынын айтсақ, олардың ондағы қызметі кәсібіне сай емес. Сарапшылар болса, мұндай қадам – елімізде онсыз да әлсіреген спортты құрдымға кетірудің бірден бір жолы деп отыр. Сөйтіп, ел спортындағы билік Мәдениет және спорт министрлігіне бұйырды. Соған қарай біраз кадрлық өзгерістер болды. Ведомствоның басшылығына бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев келді. Одан сәл ертерек, яғни 2021 жылдың қарашасында Самат Ерғалиев ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы болды. Сәуірдің басынан бері Спортты дамыту дирекциясын (бұрынғы штаттық құрама командалар департаменті) еліміздегі бокс федерациясының бұрынғы атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков басқарды. Ал Үкіметте вице-премьер Ералы Тоғжанов спорт саласына жетекшілік етеді. Қазір олимпиадалық спортпен министрлік айналысатындықтан, ұлттық құрамадағы спортшыларға жағдай жасау да солардың қолында.  Негізгі міндет – спортшыларды жаттығу базаларымен қамтамасыз ету. [caption id="attachment_194790" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©https://liter.kz/[/caption]

Жыры бітпеген Олимпиадалық дайындық орталығы не болмақ?

Министрліктің мәлімдеуінше, олар астанада салынып жатқанына 12 жыл болған, темірі тат басқан Олимпиадалық дайындық орталығының құрылысын аяқтамақ. Естеріңізде болса, ғимарат әлі бітпеді. 2010 жылы билік жобаға 34 миллиард теңге бөлмек болған. Онда спортшыларға қажетті барлық инфрақұрылым: ойын алаңы, стадион, автотұрақ, жаттығу орталығы болады деп жоспарланды. Алайда 2015 жылы мемлекет қаржысы жымқырылды деп құрылысы тоқтайды. Сол кезде орталықтың 30 пайыз жұмысы ғана орындалып, 10 млрд теңге жұмсалған екен. Мердігер «Данстрой» АҚ директорының орынбасары Орал Ибадильдинаның Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Тұматаевқа миллион теңге, Спорт инфрақұрылымы және ойын бизнесін үйлестіру департаментінің директоры Жәнібек Мүтәліповке 400 мың теңге пара бергені анықталды. Сөйтіп, елордалық сот оны 7 жылға өндірістік ғимараттарды күрделі жөндеуге және құрылыс салуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырып, екі жарым жылға бас бостандығынан айырды. Сот сотталушының оң мінездемесін, оның жасы ұлғайғанын ескеріп, жазаны шартты бір жыл сынақ мерзіміне ауыстырды. [caption id="attachment_194791" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©liter.kz[/caption] Кейін ол жерге Ұлттық спорт университетін тұрғызбақ болды. Содан оның құрылысын екі кезеңге бөліп, 5 жылда бітеді деп жоспарлаған. Алайда осы жылдың наурызында Дәурен Абаев Олимпиадалық дайындық орталығының құрылысын аяқтау үшін көп ақша қажет екенін сөз етіп, құрылысты бітіруге әлі 3-4 жылдай уақыттың кететінін жеткізді. Тіпті, бұл құрылысқа биыл мемлекет тарапынан тағы ақша бөлінген. Ол жайында ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасының Самат Ерғалиев айтты.
– Оның жобасы әзірленіп қойған. Биыл мемлекет тарапынан қосымша 10 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Алдағы уақытта спорт, туризм, ғылым, білім секілді кластер ретінде әлемдік деңгейдегі үлкен мекемеге айналады деп сенеміз, – деді ол.
12 жылда жыры бітпеген құрылыстың алдағы төрт жылда біте қоюына сенім аз. Құр шөппен ауыз сүртіп отыра берсек, бұл істен де түк шықпайды. Өйткені биыл үкімет тарапынан бөлінген ақша 3-4 жылға созылатын орталықтың құрылысына жете қоюы қиын. Сол себепті әуел бастағы жоспарда жобаланған шығыны 34 млрд теңгеден асып түспесе, кем түспейтіні анық. [caption id="attachment_194796" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©www.caravan.kz[/caption]

50 жылдық мерейтойға «сыйлық»

1961 жылы ашылған Республикалық спорт колледжі былтыр 50 жылдық мерейтойын атады. Білім ордасы Шамиль Сериков, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Валерий Люкин, Елена Чебукина, Валерий Тихоненко, Ермахан Ибрайымов, Ислам Байрамуков сынды елге белгілі спортшыларды тәрбиелеп шығарған. Алғашында №6 мектеп-интернат аталған спорт колледжінде толық емес отбасының балалары білім алған. Араға он жыл салып спортқа бағытталған орта мектепке өзгерді. Содан бастап, білім ордасы оннан астам олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін тәрбиелеп шығарды. Мектеп бітірген түлектер таңдаған жолынан адаспас үшін жанынан спорт колледжі ашылды. Мұнда жоғары білікті спортшылар мен арнайы спорт мамандарын даярлайтын болды. Бүгінде колледжде спорттың 12 түрі бойынша 500-ге жуық адам білім алды. Бірақ сәуірден бастап білім ордасының орнына Ұлттық құрама спортшыларын дайындайтын орталық ашпақ. Сөйтіп, студенттер мен жаттықтырушылар таратылып, оқу мекемесі жабылды.
ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиевтің айтуынша, ешкім жұмыссыз қалмайды. «Ол жағын реттеп қойдық. Қазір интернат колледжде 481 оқушы бар. Оның 100-ден астамы оқуын бітіреді. Қалғаны – Шаңырақ пен Кәкен Ахметов атындағы мектеп-интернатқа ауысады. 58 жаттықтырушының 40 сонда қалады. Ал қалғаны басқа спорт мектебіне жіберіледі» деген ол еліміз бойынша 14 өңірде интернат-колледж барын айтты.
Елу жылдық тарихы бар, өзіндік жолын салған, қаншама олимпиада чемпиондарын дайындаған білім ордасын үкімет қажетсіз деп тапты. Оның орнына тағы бір олимпиадалық дайындық орталығын ашпақ. Бірақ оның елге берері бола ма? Әлде бұл да құрылысы бітпеген өзге орталықтар секілді тағы қала ма? деген сұрағымызды министрлік жоққа шығарды.
– Колледждің орнына салынатын олимпиадалық дайындық базасы өз уақытында оң нәтижесін береді. Мысалы, жарыстарда жүлделі орындарды иеленген спортшыларға бүкіл жағдай жасалған. Бірақ сайыста үздіктер қатарында көрінбей ондықта жүрген спортшылар көбіне елеусіз қалады. Олар жылына 2-3 рет Ұлттық құрамамен бірлесе оқу-жаттығу жиындарын өткізгені болмаса, қалған уақытында өз өңірлерінде не болмаса қалада жалдамалы пәтерде тұрады. Солардың бәрін бір жерге жинасақ, жақсы көрсеткіш көрсете аламыз. Еліміздің ең мықты спортшылары жаттығатын болады. Сондықтан бұл жоба аяқсыз қалмайды, – дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.

Министр ауысқан сайын қайта жанданатын нысан

Дегенмен министрліктің берген уәдесіне қарамастан, көпірме сөз, бос уәде болып қалмайтынына ешқандай сенім жоқ. Өйткені осындай тағы бір нысан Алматы облысы Қарасай ауданында 2005 жылдан бері бой көтеруде. Құрылысы ұзаққа созылған ғимараттың бірі – осы. 17 жылда қанша министрді, қаншама мердігер компанияны басынан өткерді. [caption id="attachment_194779" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©tengrinews.kz[/caption] Әуел баста бұл жобаны Дәулет Тұрлыханов ұсынған. Ол кезде Тұрлыханов Спорт және туризм агенттігінің басшысы еді. Бес жылда аяқталады деген құрылыстың алғашқы мердігері Ceylan Limited болды. Артынан  «Алмаз-Строй» секілді компанияға ауысып, қазір «Astana Building KZ» ЖШС-ның есебінде. Сонда  Мәдениет және спорт министрлігі, құрылыстың 70 пайыз аяқталғанын ресми мәлемдеген. Екі жылда бітеді деген құрылыстың 28 нысаны бой көтергенін де жеткізген. Сол кезде жұмсалған қаражат көзі 37, 5 миллиард теңге болған. [caption id="attachment_194783" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©www.qapshagai-city.kz[/caption] Арасында құрылыстың тоқтаған да кезі болды. Кейін қайта жанданды. Осыдан төрт жыл бұрын Есеп комитетінің отырысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков 2021 жылға дейін Астана мен Алматы қалаларындағы олимпиадалық дайындық базалары аяқталатынын мәлімдеген. Артынан ҚР Қаржы министрлігінің сайтында, республикалық бюджеттік инвестицияларды іске асыру туралы есепте Алматы облысында 2020 жылдың 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық олимпиадалық дайындық базасының құрылысына 5,45 млрд теңге инвестиция құйғанын көрсеткен. Бірақ былтыр, 2021 жылы бұрынғы министр Ақтоты Райымқұлова құрылысы бітеді деген құрылыстың макетімен танысып қайтты. Сол кезде ол құрылыс жұмыстары қайта жанданатынын айтқан. [caption id="attachment_194785" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©www.qapshagai-city.kz[/caption] Осы жолы да министрлік бұл құрылысқа ақша бөлінгенін сөз етті. «Құрылыс өз жұмысын жандандырып жатыр. 19 млрд теңге мемлекеттен қарастырылды. Қосымша тағы 11 млрд болса, бізге қолданысқа беріледі» деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев. Кімнің сөзі шын, кімдікі өтірік екенін, белгісіз. Білетініміз, мемлекеттен ақша құйылып жатыр, жұмсалып жатыр. Бірақ құрылыс бітер емес. Тіпті, құрылысы басталмаған макеттегі нысан ба деген ой келеді. [caption id="attachment_194786" align="alignnone" width="1200"]министрлік ©www.qapshagai-city.kz[/caption] Ал енді Спорт колледжінің орнына салынатын орталық осының күйін кешпейтініне кім кепіл? Бұл да ертең құрылысы бітпейтін нысанға айналса, халыққа да, үкіметке де берері болмайды. Мұндай олимпиадалық дайындық орталығының болғанынан болмағаны артық емес пе? Не болмаса жаңа нысан бастамастан бұрын, аяқсыз қалған құрылысты бітірген дұрыс емес пе? Осыны елеп-екшейтін үкімет қайда қарап отыр?