Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Жарлықтың мәтінін назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақстан Республикасы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзiлсiн.
2. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын.
3. Осы Жарлық және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.
4. Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
6. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.