Бұл – Мемлекет басшысының ерекше саяси маңызы бар айрықша шешімі – Ерлан Қарин
Бұл – Мемлекет басшысының ерекше саяси маңызы бар айрықша шешімі – Ерлан Қарин
304
оқылды
Бүгін Президент ел Конституциясына түзету енгізу жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринның пайымынша, бұл – Мемлекет басшысының ерекше саяси маңызы бар айрықша шешімі. «Конституциялық реформа жөніндегі референдум – президенттік саяси реформалар бағдарламасын іске асырудың кезекті кезеңі», - деп нақтылады ол. Ерлан Тынымбайұлы бағдарламаның жүйелі сипатқа ие екенін де алға тартты. Оған суперпрезиденттік модельден президенттік мемлекетке түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін нығайту кіреді. «Бұл реформалар қоғам мен сарапшылардың өтініштері мен ұсыныстарына негізделгендіктен, Президенттің оларды референдум арқылы жүзеге асыру туралы бастамасы қисынды деп айтар едім. Қазақстандағы қазіргі референдумның ерекшелігі – Мемлекет басшысы Конституциялық реформаны кеңейтпейді, керісінше өз өкілеттіктерінің бір бөлігін басқа билік институттарына қайта бөледі. Осылайша, Конституциялық реформа жөніндегі алдағы референдум Екінші республиканың – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа, неғұрлым тиімді және теңгерімді моделінің құқықтық негізін қалайды», - деп түсіндірді Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.