Шекарадан өту кезінде Қазақстан заңнамасын бұзған Ресей Федерациясының және Канаданың азаматтығын алған әйел ұсталды.
Павлодар облысы Железин аудандық сотында ол өз кінәсін толық мойындап, 2017 жылдың қараша айында Канаданың азаматтығын, сонымен бірге осы жылдың наурызында РФ азаматтығын алғанын, бірақ заңды білмегеніне байланысты Қазақстан паспортын тапсырмағанын түсіндірді. Ол сотта Қазақстанда туысқандары болмауына байланысты, ел шегiнен шығаруды сұрады.
Айта кетейік, «Қазақстан азаматтығы туралы» Заңның 21-бабына сәйкес, егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, осы елдегі азаматтығын жоғалтады.
«Сот қаулысымен М. есімді азамат ӘҚБтК 496-б. 2-б. көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберу жазасы тағайындалды», - делінген Железин аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.