Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады.
Осы құжаттарға сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2022 жылы 4 030 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл қаражат елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге жұмсалады.
Сондай-ақ ұсынылған түзетулер Мемлекет басшысының азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындауды көздейді. Енгізілген толықтырулардың қатарында халықтың табысын арттыру бағдарламасын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі бағдарламаны іске асыруды қаржыландыру мәселелері бар.
Сенат Төрағасы күрделі жағдайға қарамастан мемлекет экономиканы қорғау үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанын және өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол биылғы ел бюджетінің шамамен жартысы әлеуметтік салаға жұмсалатынына назар аударды.
«Бүгін қабылданған түзетулердің нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға индекстеледі. Мұндай қадам 4 миллионнан астам адамға игі әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге қарастырылды. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де ұлғаяды. Осы шаралардың бәрі экономикамызды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Депутаттар аталған заңдарды қолдай отырып, Үкімет мүшелерінің назарын бірқатар маңызды мәселеге аударды. Олардың қатарында экономиканың өсуін қамтамасыз ететін шаралар қабылдау, мүгедектігі бойынша зейнетақыны индекстеу, елдегі макро және микроэкономикалық жағдайды бағалау және болжау жұмыстарын жетілдіру, сондай-ақ сыртқы қарыздар мен Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемінің өсу қарқынын төмендету сияқты нақты шаралар бар.