Жақында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің төрағалық етуімен «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысында «Оператор» РОП қызметі және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қоршаған ортаны сауықтыруға байланысты жол картасында көрсетілген іс-шаралардың атқарылуы туралы есеп тыңдалды.
Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов көпшілікті Экологиялық кеңестің жаңа құрамымен таныстырып, елдегі экологиялық ахуал туралы қысқаша шолу жасады.
«Экологиялық кеңес былтыр 100-ден астам отырыс өткізді, оның бесеуі республикалық деңгейде ұйымдастырылды. Сол бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға 600-ден астам ұсыныс енгізілді. Өңірлік мәселелерді шешу кезінде шұғыл әрекет ету үшін 17 аймақтық мобильдік топ құрылды. Кеңес отырысының материалдары бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 700-ден астам материал жарияланды», – деп Е.Абақанов 2021 жылғы атқарылған іс-шаралар туралы баяндап берді.
Утилизациялық алым бюджетке аударылуы тиіс
Күн тәртібінде көтерілген алғашқы мәселе – «Оператор» РОП қызметі бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің есебі тыңдалды.
Утильалым бағасы көлік құралының түріне байланысты 437 мың теңгеден 5,9 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал өркениетті елдерде мұндай алымдар біздің ақшаға шаққанда 100 мың теңгеден аспайды. Кейбір мемлекеттерде тіпті ескі көлікті өңдеу зауыттары өндірістік шығынды өтерлік төлем шегінде-ақ жұмыс істейді. Қалыптасқан жағдай көпшіліктің қынжылысын тудырып, бірқатар қалаларда ол наразылық шерулеріне ұласты.
Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке утильалымның құнын төмендету және оны жинау құқын жекеменшік компанияға емес, мемлекетттік органға ауыстыру тапсырма берген болатын.
Сөйтіп «Жасыл даму» АҚ ақпан айынан бастап утильалымды жинауға кірісті. Ал ақпанның соңында вице-премьер-министр Роман Скляр Қазақстанда автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының утильалымы 50 пайызға азаятынын мәлімдеді. Қазір «Оператор» РОП-тың шотына жинақталған қаражатты «Жасыл даму» АҚ-ның теңгеріміне ауыстыру процестері жүріп жатыр.
Әйтсе де, Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бұл қадамның да мәселені түбегейлі шеше алмайтынын айтады. Ол утильалым салықтың бір түрі екенін, сондықтан оның «Жасыл даму» АҚ-ға да, басқа да жекеменшік компанияға емес, тікелей бюджетке түсуі керегін айтты. Депутат ол үшін Экологиялық кодекске өзгерту енгізіп, утильалымнан жиналған ақшаны тек қоршаған ортаны сауықтыруға ғана жұмсауға рұқсат беретін бап енгізу қажет деген пікірде.
Ауа сапасы жақсарады
Күн тәртібіндегі екінші мәселе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы күрделі экологиялық жағдайға арналды. Министрлік 2020-2021 жылдар аралығында негізгі экологиялық проблемаларды талқылау бойынша халықпен бірнеше кездесу өткізген. Соның негізінде экологиялық жағдайды жақсартуға, яғни атмосфералық ауа сапасын арттыру, ауа айналымын жақсарту, газдандыру, көгалдандыру шараларына байланысты Жол картасы бекітілді.
Министр Серікқали Брекешевтің айтуынша, Алматы қаласындағы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО қазандықтарын газға ауыстыру жөнінде шешім қабылданған. Сол арқылы қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді барынша азайтып, 2-ЖЭО жаңғырту жобасын іске асыру қолға алынған. Бұл зиянды шығарындыларды 83 пайызға, яғни 37,8-ден 6,0 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту үшін Алматыда дизельді отынмен жүретін қоғамдық көліктерді сатып алуға тыйым салынған. Сонымен қатар жаңадан 335 электр және газ автобустары алынған. Және жанармай құю стансаларындағы отын сапасы мен автокөліктерді техникалық байқаудан өткізуге қойылатын талаптар күшейтілді. Қалаға кіру-шығу жолдарында 21 «Сергек» жүйесі бекеттері және 19 экопост орнатылған. Олар Алматы қаласының Полиция департаментіне шығарындыларды тіркеу және деректерді беру үшін «Сергек» жүйесімен біріктірілген.
Қолданыстағы заңнамаға ағаштарды заңсыз кесу ережелері бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ағаштарды заңсыз кескен адамның жиырма және отыз есе мөлшерінде өтемақы төлеп, ағаш отырғызуы міндеттелген. Ол бойынша әкімшілік жаза бес есеге дейін қатаңдатылған.
Ал Батыс Қазақстан облысындағы экологиялық кеңестің мүшесі Дархан Сүндетқалиұлының айтуынша, өңірде кейбіреулер заңды белшесінен басып, ерекше қорғалатын немесе парктік аймақтардағы жер телімдерін жекеменшікке сатып алған. Қазір олар жасыл желекті аямай отап, ағаш-талдан босаған орынға құрылыстар салып жатқан көрінеді. Белсенді осы заңсыздықтарға тыйым салыну керек деп санайды.
Тағы бір айта кетерлігі, жаңа Экологиялық кодексте табиғат қорғау шарасы бойынша жергілікті атқарушы билікке біршама еркіндік берілген. Мәселен, әкімдер енді атмосфералық ауа нашарлаған жағдайда елді мекеннің ішіне көлік кіруіне шектеу қоюға, ал қолайсыз метеожағдайлар туындаған кезде ластаушы заттардың шығарылуын реттеу жөнінде уақытша шаралар енгізу өкілетіне ие болды.
Қоршаған ортаның күрделі жағдайына байланысты мұндай жиындарды «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес тек Орталық аппарат кеңсесінде ғана емес, жергілікті жерлерде де өткізіп тұратын болып келісті.