Көзсіз ерлігі көзге ілінбеді
Көзсіз ерлігі көзге ілінбеді
356
оқылды
Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­да­рында елге танылған даңқты мер­ген Төлеуғали Әбдібековтің есімі бүгінде елеусіз қалған. Оның мер­ген­дігіне бір ғана мысал, Кеңес Ода­ғының батырлары, атақты сұрмер­­гендер Ф.Смолячков – 125, В.Зай­цев 255 жаудың көзін жойған екен. Ал құралайды көзге атқан мерген Төлеуғали Әбдібеков 397 фашисті жер жастандырған. Бір батальонға жуық жауынгердің көзін жойған Төлеуғали Әбдібеков «Кеңес Одағы­ның Батыры» атағын алмады.

Мергендік әкесінен дарыған

Сонда да болса неміс басқыншылары Төлеуғали Әбдібековті «Қара өлім» деп атап кеткен. Ол 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданында Насырхан Әбдібектің отбасында дүниеге келген. Балалық шағы азаматтық соғыс оты тұтанған кезбен тұспа-тұс келді. Сол жылдары қы­зыл­дар мен ақтардың жасағы, қарапайым қа­рақшылар ауыл-ауылдардан жиі өтетін. Азаматтық соғыстан кейін жүдеп қалған қазақ ауылдары үлкен қиындықтарды бастан өткерді. Бұған қоса, түрлі ауру тарай бастады. Тоз-тозы шыққан ауыл халқы амалсыздан туған жерін тастап, қайғыра жат жерге қоныс аудара бастады. Сонда батырдың әкесі Насырхан өзінің туған ауылын тастағысы келмей, сонда қалуды шешеді. Күн көру үшін ол аң аулаумен айналыса бастайды. Төлеуғали өсіп, ер жеткенде әкесі оған нысанаға дәл тигізу, нысананы шыдамдылықпен бақы­лау сияқты мергендерге тән қасиеттерге бау­лыған. Әкеге тартып оқ жонған жас аңшы Төлеуғалидың даңқы ауыл-ауылға тарай бастайды. Оның атқан оғы ешқашан мүлт кетпейтін. Тәжірибелі аңшылар мен ақ­сақалдардың өзі жас аңшының олжа­сына таңдай қағысатын. 1932 жылы Төлеуғали туыстарының шақыртуымен Оңтүстік Қазақстанға, «Пахта-Арал» совхозына көшеді. Мұнда ол мақташы болып жұмыс істейді. Төлеуғали осы жерден Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Хабаровск аймағында өтеуге аттанды. Әскердегі алғашқы күндерінен бастап-ақ ол өзінің жинақылығымен, айрықша физикалық дайындығымен және ептілігімен командирдің көзіне түседі. Мергендік жарыс кезінде оның дәлдігіне командирлер мен қаруластары таңданыспен қарайтын. Ол оқ атудан ауданаралық армия жарыстарында да бірінші орындарды иеленіп келді. Әскери борышын өтеп болған соң Төлеуғали өзінің туған кеңшарына ора­лып, мақта өсіру бригадасын басқарады. 1941 жылы аяқасты Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. 1942 жылдың мамырында Шымкент аудандарынан жиналғандар қатарында Төлеуғали да бар еді. Жаңа ша­қырылған жасақ Калинин майданында даңқты қолбасшы Панфилов дивизиясы­ның құрамында ұрысқа кіріседі. Дивизияның 1 077-ші полкінің қол­бас­шысы қо­сым­ша әскерді жақсылап зерттеп, жауын­герлердің қарым-қабілеті мен мүмкін­дігіне қарай тапсырма берді. Жауынгер Әбдібековтің аңшы болғанын білген командир оған оптикалық көздеуіші бар мылтық береді. Командир Төлеуғалиға қару берерде: «Сен аңшысың. Енді саған екі аяқты, бірақ жыртқыш және айлакер аңдардан да әлдеқайда қауіпті жауды аңдуға тура келеді» дейді. Ал өжет қазақ жігіті: «Менің қолым күшті, ал көзім бүркіттікіндей өткір. Жау осыны білсін», – деп жауап қайырады.

Ұрыс даласының ұстазы

Сұрапыл соғыстың қаһарлы күндері де басталды. Бірақ бұған дейін ұрыс даласын көрмеген жауынгерлер үшін кескілескен майдан оңайға соқпады. Алғашқы ұрыс бір аптаға созылды. Снайпер Әбдібеков 19 немістің көзін жойды. Бірақ немістер де қапы қалмады. Қарсы шабуылды үдете түсті. Сол кезде 25 жау жауынгері дәл Төлеуғалидың жертасасына қарай бара жатады. Жаудың 25 сарбазына Төлеуғали жалғыз өзі төтеп беруі керек еді. Дала аңшысының қырағы көзі бірден оптикалық көздеуішке түседі. Әбдібеков нысанадан ешқашан мүлт кетпейтін. Жау әскерінің жақындағанын көріп, оларды біртіндеп нысанаға ала бастады. Келесі сәтте жау офицерлері бірінен соң бірі мұрттай ұшып жатты. Сардарларының оққа ұшқанын көрген неміс жауынгерлерінің зәре құты қалмады. Жан-жағына жалтақтап, мергеннің қай тұста екенін ажырата алмаған неміс бас­қыншылары оңды-солды оқ ата бастайды. Бұл кезде Төлеуғали оқтың қай тұстан атылып жатқанын түсінбей әлекке түскен жау әскерінен бірінен соң бірін жайратып салды. Төлеуғали Әбдібеков Ақырында басқыншылар «қара өлім­нің» қайдан өлім отын төгіп жатқанын анықтады. Сонда олар Төлеуғали жаққа оқ жаудырған. Бірақ оның бірде-бірі мергенге дарымады. Қақтығыс осылай бірнеше минутқа созылды. Ұрыс алаңында оннан астам неміс әскері бір мергенге қарсы оқ атып жатты. Бірақ олардың қатары сәт сайын кеміп жатты. Мерген оғынан 2 неміс қана қашып құтылды. Т.Әбдібеков екі-ақ жылдың ішінде, нақты айтқанда, 1942 жылдың 14 мамыры мен 1944 жылдың 21 ақпаны аралығында жалғыз өзі 397 фашистің көзін жойған. Сонымен қатар ол мергендігімен ғана емес, ұстаздығымен де танылды. Т.Әбді­бе­ков өз полкінде мергендер қозғалысын ұйымдастырды. Сөйтіп, 32 мергенді дайындап шығарды. 8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының «Отан үшін» газетінде 1942 жылдың 18 қыркүйегінде шыққан мақалада мынан­дай үзінді бар: «Қазіргі кезде мерген Әбдібековтің есебінде 102 гитлерлік солдат бар. Енді олар ешқашан біздің жерімізде сасық иісін таратпайды. Менің көзім көріп, қолым винтовканы мықтап ұстап тұр­ғанша фашистерге күн көрсет­пеймін», – дейді мерген. Ал 1942 жылғы 2 қазандағы газетке мергендер слетіне арналған «Ержүрек мергендер жасасын!» атты бас мақала шықты. Онда: «Біздің атақты мергеніміз Әбдібеков бірнеше сағат бұрын 125 фашистің көзін жойғанын баяндады», – деп жазылған. Осылайша, атақты мерген панфилов­шы Төлеуғали Әбдібековтің даңқы бүкіл майданға тарады. Ал 1943 жылы жаңа жыл қарсаңында оның жауынгерлік жетістік­тері туралы бүкілодақтық радиода бағдар­ла­ма дайындалып, таратылды. Бұл ха­барды отбасы, «Пахта-Арал» совхозында­ғы достары мен жолдастары үлкен қуа­нышпен тыңдады.

Ақтық демі қалғанша берілмеді

1944 жылы 23 ақпанда Кеңес Армиясы құрылған күні Төлеуғали жаудың қолынан оққа ұшты. Ол күні Әбдібеков ауырып тұрса да, емделудің орнына майданға шықты. Жаудың мергені оны тура мойнынан атты. Алайда Төлеуғали да оны көздеп, атып түсірді. Қатты жарақат алса да, әскери борышын аяғына дейін орын­дап кетті. Соғыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Төлеуғали Насырханұлы «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту» ор­денімен және қайтыс болғаннан кейін «1-дә­режелі Отан соғысы» және «Ленин» ор­дендерімен марапатталды. Бірақ ол қан­ша ерлік көрсетсе де, «Кеңес Одағы­ның Батыры» атағын алмады. Төлеуғали өзінің өмір­баян­дық ан­кетасында ағасы Кемелбайдың «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшы­рағанын жасырмай жазғанына ғана бола қолбасшылар оны «Кеңес Одағы­ның Батыры» атағына ұсынбады. Де­генмен батырдың еңбегі арнайы атақ­пен баға­ланбаса да, халық алдында ер­лігі ұмы­тылған жоқ.