Еңбек нарығы: «Көлеңкеге» күн түскенде...
Еңбек нарығы: «Көлеңкеге» күн түскенде...
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
231
оқылды
Үш жыл бұрын өзін-өзі жұ­мыс­пен қамтығандардың қа­мын күйттеген Үкімет «көлеңке­ден шығару» жобасын іске асыр­­­ған. Сөйтіп, ешқандай жар­­­­на аудармағаны үшін мем­ле­кет­тің әлеуметтік және меди­ци­налық сақтандыруынан тыс қал­ған­дар салық төлей баста­ды. Осы арқылы өзін-өзі қам­тып отырғандардың саны өсті. Әлеу­­меттік кепілдіктерге қол жет­­кізуге мүмкіндік алғандар­дың қатары артты. Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі «Платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын қолға алмақ. Алайда мұндай қосымша қолданыста бар. Олай болса, салымшылардың қалта­сынан қаржы төленетін қосым­ша жұмысы не үшін қажет?

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көбейді

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дардың қатарына мал бағып, егін егетін, базарда сауда-саттық жасай­тындар да, пойыз төңірегінде арба сүйреп жан бағатындар да кіреді. Сондай-ақ тапсырысқа жұмыс ала­тын фрилансерлер мен жалдамалы үй қызметкерлері, такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар да қосылады. Мәселен, өздері дайын­да­ған тағамдары мен қолөнер бұйым­дарын сататындар бар. Олар­дың өзі нәтижелі және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар болып бөлінеді екен. Айталық, салық төлемін аудару міндеті енгізілмеген кезде, 2017 жы­лы өзін-өзі жұмыспен қамтыған­дар­дың жалпы саны 2 099 222 адамға жеткен. Оның 1 881 484-і нәтижелі, 217 738-і нәтижесіз жұмыспен қам­тыл­ғандар. Нәтижелі дегеніміз – құжаттары ресми түрде тіркелгендер. Ал нәтижесіз жұмыспен қамтыл­ғандар ресми тіркелмей, қызметін «көлеңкеде» қалдыратындар. Олар әлгінде айтқан сауда жасайтындар мен дорба арқалайтындар. Осы аптада халықты жұмыспен қамтуға жауаптылар елімізде нәтижесіз жұ­мыспен қамтылғандар саны азайып жатқанын айтты. Пандемиядан кейін Қазақстанның еңбек нарығы тұрақты жақсарып келеді екен. «Ең­бек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Алек­сан­дра Молчановскаяның айтуын­ша, былтыр жұмыс күші 9,26 мил­лион адамды құрады. Жұмыспен қамтыл­ған­дар саны 2020 жылғы 8,73 млн-нан былтыр 8,81 млн адамға дейін өскен. Оның көбі өзін-өзі жұ­мыспен қамтығандардың есебінен болып тұр. Сөйтіп, жауаптылардың есебін­ше бір жылда өзі-өзі қамтыған­дардың саны 2,5 пайызға артып, 2,1 млн адамды құрапты.

Салықта басқа, статистикада басқа цифр

Статистикалық көрсеткіштің өскені көңіл көншітеді. Алайда ха­лық­тың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын салыққа түскен қаржы­мен бағалау қаншалықты дұрыс? Олай дейтініміз, дамыған елдерде жұмыспен қамтылғандардың статис­тикасын саралаудың бірізділігі бар. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымы тоқсан сайын халықтың жұ­мысы бар-жоғын біліп, кірісін анық­тау үшін үйді-үйді аралайды. Осы арқылы олар тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын анық­тай алады. Ал біздегі нәтижелі жұ­мыспен қамтылғандардың статусы қандай көрсеткіш бойынша нәти­желі болып саналады? Олар еліміздің экономикасына қаншалықты әсер етіп отыр? Рас, соңғы жылдары дара кәсіпкерлікпен айналысып, ай сайын жарнасын төлеп отырғандар көбейген. Жұмыспен қамтуға жауап­тылар солардың есебі арқылы ста­тис­тиканы көрсетіп отыр. Алайда біз­дің елде соңғы жылдары әлеумет­тік көмек пен зейнетақы жарнасын кәдеге жарату, зейнетақы мен дек­ретке миллионмен шығу мақсатында салық төлейтіндердің саны өскенін ескерген жөн. Шын мәнінде, ондай дара кәсіпкерліктің тұрақты жұмыс істеп, елдің экономикасына қанша­лықты пайда әкеліп жатқанын ше­тел­дегідей тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, жарты жыл зейнетақы жарнасын аудартып, несие алатын­дар да өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дар қатарына кіріп кетеді. Бұл сө­зімізді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және талдау басқармасының басшысы Ұлпан Шегенова да растап отыр. Оның сөзінше, еңбек нарығындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың статистикасы жұмыс істеп отырған кәсіпкерліктерді тексеру арқылы емес, тікелей ақпараттық жүйелер­ден, не болмаса Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесіне жүгініп жасалады. Ал олар статистиканы әлеуметтік сауалнама бойынша қа­лыптастырады. Демек, статистикада көрсетілген сан шынайы жұмыспен қамтып отырғандардың санын көрсетпейді.

Платформадан пайда бар ма?

Еңбек министрлігі халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде жұмыс орындарын көптеп құрып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам­дарды тағы да «көлеңкеден» шы­ғаруды жалғастырмақ. Мысалы, қазір қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істесе, олардың бір бөлігі заңнан тыс қыз­мет көрсетеді. Олардың дені бір­реттік қызмет көрсетеді және көп жағдайда құқығы қорғалмайды. Сол үшін министрлік «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын биылдан бастап енгізуді қолға алған. Ендігі жерде үйді тазарту, қорғау, азық-түлік жеткізу сияқты қызмет көр­сететін адамдар қосымшада тір­келіп, тез және ыңғайлы тапсырыс алуға мүмкіндік ала алады. Қосым­шада жұмыс іздеуші мен ұсынушы­ның құқығы мен міндеті, орындау­шының еңбек құқықтарын көздейтін келісімшарт көзделеді. Әрине, қо­сымша жұмысы өзін-өзі қамтитын­дар үшін тиімді. Жұмыспен қамты­лып, құқығы қорғалса, екінші жағы­нан салық төлеп, әлеуметтік кепіл­дікке де қол жеткізеді. Әйткенмен, өткен жолы бір топ депутат қосымша жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Мәжіліс депутаты Ғани Хамзиннің сөзінше, қосымшада рейтингтер, қысқар­тыл­ған еңбек шарты қарастырылған. Платформа жұмысы Kaspi қосым­шасы секілді жұмыс істейді. «Қосым­ша жұмысына «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жауапты. Бұл квазимемлекеттік кәсіпорын, оның жалғыз акционері Еңбек министр­лігі. Яғни, қосымшаны әзірлеу және енгізудің ақысы салық төлеушілердің есебінен төленетінін білдіреді. Оның үстіне, мұндай платформа онсыз да бар. Мәселен, осыған ұқсас Naimi.kz, Easy Top, Market.kz. OLX қосым­шаларын жасаушылар маркетингке өз қаражатын салған. Ал дәл сондай қосымша үшін қаражат бөлу қи­сын­сыз», – дейді депутат. Оның айтуына қарағанда, дәл осыған ұқсас Market.kz-тің тек қызмет көрсету бөлімінде 43 мыңнан астам хабарландыру, Naimi.kz былтыр 134 мың маманды жұмыспен қамтыған. Олар да уәкі­летті орган айтқан мәселелерді ше­шуге бағытталған. Сондықтан «плат­формалық жұмыспен қамту» қосым­шасын енгізу қаншалықты қажет­тіліктен туындап отыр? Бұл орайда Ғани Хамзин қосымшаны көбейте бергенше, жұмыспен қам­тудың жаңа нысандарына ыңғайлы нормативтік реттеуді енгізіп, бюджет қаражатын жеке секторда жұмыс істеп тұрған IT шешімдерді әзірлеуге жұмсауды тоқтату қажет деп топ­шылайды. Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубер­геновтің айтуынша, елде жұмыс жоқ емес, бар. Алайда адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтыған күннің өзінде әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық теңсіздіктер түбегейлі жойыл­май, еңбек нарығында өз бетінше еңбек етіп, ел экономикасына пайда алып келетіндердің саны өспейді.