Үш жыл бұрын өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қамын күйттеген Үкімет «көлеңкеден шығару» жобасын іске асырған. Сөйтіп, ешқандай жарна аудармағаны үшін мемлекеттің әлеуметтік және медициналық сақтандыруынан тыс қалғандар салық төлей бастады. Осы арқылы өзін-өзі қамтып отырғандардың саны өсті. Әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуге мүмкіндік алғандардың қатары артты. Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын қолға алмақ. Алайда мұндай қосымша қолданыста бар. Олай болса, салымшылардың қалтасынан қаржы төленетін қосымша жұмысы не үшін қажет?
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көбейді
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына мал бағып, егін егетін, базарда сауда-саттық жасайтындар да, пойыз төңірегінде арба сүйреп жан бағатындар да кіреді. Сондай-ақ тапсырысқа жұмыс алатын фрилансерлер мен жалдамалы үй қызметкерлері, такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар да қосылады. Мәселен, өздері дайындаған тағамдары мен қолөнер бұйымдарын сататындар бар. Олардың өзі нәтижелі және нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар болып бөлінеді екен. Айталық, салық төлемін аудару міндеті енгізілмеген кезде, 2017 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны 2 099 222 адамға жеткен. Оның 1 881 484-і нәтижелі, 217 738-і нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар. Нәтижелі дегеніміз – құжаттары ресми түрде тіркелгендер. Ал нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар ресми тіркелмей, қызметін «көлеңкеде» қалдыратындар. Олар әлгінде айтқан сауда жасайтындар мен дорба арқалайтындар. Осы аптада халықты жұмыспен қамтуға жауаптылар елімізде нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны азайып жатқанын айтты. Пандемиядан кейін Қазақстанның еңбек нарығы тұрақты жақсарып келеді екен. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановскаяның айтуынша, былтыр жұмыс күші 9,26 миллион адамды құрады. Жұмыспен қамтылғандар саны 2020 жылғы 8,73 млн-нан былтыр 8,81 млн адамға дейін өскен. Оның көбі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың есебінен болып тұр. Сөйтіп, жауаптылардың есебінше бір жылда өзі-өзі қамтығандардың саны 2,5 пайызға артып, 2,1 млн адамды құрапты.Салықта басқа, статистикада басқа цифр
Статистикалық көрсеткіштің өскені көңіл көншітеді. Алайда халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын салыққа түскен қаржымен бағалау қаншалықты дұрыс? Олай дейтініміз, дамыған елдерде жұмыспен қамтылғандардың статистикасын саралаудың бірізділігі бар. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымы тоқсан сайын халықтың жұмысы бар-жоғын біліп, кірісін анықтау үшін үйді-үйді аралайды. Осы арқылы олар тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанын анықтай алады. Ал біздегі нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың статусы қандай көрсеткіш бойынша нәтижелі болып саналады? Олар еліміздің экономикасына қаншалықты әсер етіп отыр? Рас, соңғы жылдары дара кәсіпкерлікпен айналысып, ай сайын жарнасын төлеп отырғандар көбейген. Жұмыспен қамтуға жауаптылар солардың есебі арқылы статистиканы көрсетіп отыр. Алайда біздің елде соңғы жылдары әлеуметтік көмек пен зейнетақы жарнасын кәдеге жарату, зейнетақы мен декретке миллионмен шығу мақсатында салық төлейтіндердің саны өскенін ескерген жөн. Шын мәнінде, ондай дара кәсіпкерліктің тұрақты жұмыс істеп, елдің экономикасына қаншалықты пайда әкеліп жатқанын шетелдегідей тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, жарты жыл зейнетақы жарнасын аудартып, несие алатындар да өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына кіріп кетеді. Бұл сөзімізді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Стратегия және талдау басқармасының басшысы Ұлпан Шегенова да растап отыр. Оның сөзінше, еңбек нарығындағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың статистикасы жұмыс істеп отырған кәсіпкерліктерді тексеру арқылы емес, тікелей ақпараттық жүйелерден, не болмаса Ұлттық статистика бюросының мәлімдемесіне жүгініп жасалады. Ал олар статистиканы әлеуметтік сауалнама бойынша қалыптастырады. Демек, статистикада көрсетілген сан шынайы жұмыспен қамтып отырғандардың санын көрсетпейді.Платформадан пайда бар ма?
Еңбек министрлігі халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде жұмыс орындарын көптеп құрып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды тағы да «көлеңкеден» шығаруды жалғастырмақ. Мысалы, қазір қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істесе, олардың бір бөлігі заңнан тыс қызмет көрсетеді. Олардың дені бірреттік қызмет көрсетеді және көп жағдайда құқығы қорғалмайды. Сол үшін министрлік «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын биылдан бастап енгізуді қолға алған. Ендігі жерде үйді тазарту, қорғау, азық-түлік жеткізу сияқты қызмет көрсететін адамдар қосымшада тіркеліп, тез және ыңғайлы тапсырыс алуға мүмкіндік ала алады. Қосымшада жұмыс іздеуші мен ұсынушының құқығы мен міндеті, орындаушының еңбек құқықтарын көздейтін келісімшарт көзделеді. Әрине, қосымша жұмысы өзін-өзі қамтитындар үшін тиімді. Жұмыспен қамтылып, құқығы қорғалса, екінші жағынан салық төлеп, әлеуметтік кепілдікке де қол жеткізеді. Әйткенмен, өткен жолы бір топ депутат қосымша жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Мәжіліс депутаты Ғани Хамзиннің сөзінше, қосымшада рейтингтер, қысқартылған еңбек шарты қарастырылған. Платформа жұмысы Kaspi қосымшасы секілді жұмыс істейді. «Қосымша жұмысына «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жауапты. Бұл квазимемлекеттік кәсіпорын, оның жалғыз акционері Еңбек министрлігі. Яғни, қосымшаны әзірлеу және енгізудің ақысы салық төлеушілердің есебінен төленетінін білдіреді. Оның үстіне, мұндай платформа онсыз да бар. Мәселен, осыған ұқсас Naimi.kz, Easy Top, Market.kz. OLX қосымшаларын жасаушылар маркетингке өз қаражатын салған. Ал дәл сондай қосымша үшін қаражат бөлу қисынсыз», – дейді депутат. Оның айтуына қарағанда, дәл осыған ұқсас Market.kz-тің тек қызмет көрсету бөлімінде 43 мыңнан астам хабарландыру, Naimi.kz былтыр 134 мың маманды жұмыспен қамтыған. Олар да уәкілетті орган айтқан мәселелерді шешуге бағытталған. Сондықтан «платформалық жұмыспен қамту» қосымшасын енгізу қаншалықты қажеттіліктен туындап отыр? Бұл орайда Ғани Хамзин қосымшаны көбейте бергенше, жұмыспен қамтудың жаңа нысандарына ыңғайлы нормативтік реттеуді енгізіп, бюджет қаражатын жеке секторда жұмыс істеп тұрған IT шешімдерді әзірлеуге жұмсауды тоқтату қажет деп топшылайды. Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергеновтің айтуынша, елде жұмыс жоқ емес, бар. Алайда адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтыған күннің өзінде әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер түбегейлі жойылмай, еңбек нарығында өз бетінше еңбек етіп, ел экономикасына пайда алып келетіндердің саны өспейді.