Жем болмаса, жұмыртқа да болмайды
Жем болмаса, жұмыртқа да болмайды
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
427
оқылды
Халықты қос бүйірден қысқан қымбатшылық жағдайында халықтың тойымды әрі құнарлы та­мақтануы өзекті мәселеге айналды. Азық-түлік бағасын бақылауға алу үшін қолға алған ша­ралардың да нәтижесі көңіл көншітпейді. Ендігі кезекте басқаны былай қойғанда, жұмырт­қаның өзі қат дүниеге айналғалы тұр. Себебі қазақ­стандықтардың құс еті мен жұмыртқаға сұранысын өтеп келген Ақмола облысындағы ірі құс фабрикалары өндіріс көлемін азайтпақ. Кәсіпкерлердің мұндай қадамға баруына құс жемінің қымбатқа түсуі себеп болған.

Бағаны қымбаттатуға рұқсат жоқ

Бір кездері Ақмола облысында миллиондап жұ­мыртқа шығаратын төрт бірдей құс фабрикасы болған. Өткен жылы Бурабай ауданындағы құс фабрикасы банкротқа ұшыраған. Қалған үшеуінің қазіргі жағдайы мәз емес. Құс фабрикаларындағы істің кері кетуіне жем бағасының қымбаттауы себеп болса керек. Шаруасы шатқаяқтаған кәсіпкерлер құс фабрикаларын мемлекет қаржыландырмаса, жұ­мыртқа өндірісі құрдымға кететінін айтып дабыл қақты. Себебі жағдайды оңалтуға кәсіпкер­лердің мүмкіндігі жоқ. Олар өнім бағасын қымбаттату арқылы табысқа шығуға әрекет жасаған. Алайда олар­дың бұл қадамын антимонополия қызметі құп­тамаған көрінеді. Оның үстіне, жергілікті кәсіпкер­лерге бағасы әлдеқайда арзан импорттық тауарлармен бәсекелесу де қиынға соғып тұр. «Жұмыртқа бағасы өскенін анықтаған антимоно­по­лия қызметі оның құнын арттыруға еш рұқсат бермей қойды. Ал шетелдік импорт өнімдері күн санап сөредегі біздің өнімдерді ығыстырып барады. Бұлай жалғаса берсе, тауықтарымызды түгел сатып, өндірісті жауып кетуге тура келеді. Қазір де шығынға белшемізден батып жатырмыз. Соған қарамастан фабрикадан жұмыс істеп, нәпақысын тауып жүрген 240 жұмысшыны қысқарту әзірге ойымызда жоқ. Бірақ олар да жалақысының өскеніп, ара-тұра сыйақы төленгенін қалайды. Ал олай етуге біздің еш мүмкіндігіміз жоқ», – дейді Степняк қаласындағы «Қазгер-Құс» фирмасының басшысы Борис Оздоев. Бұл кәсіпорын – жылына 320 миллион дана жұ­мыртқа шығаратын еліміздегі ең ірі құс фабрикала­рының бірі. Әйтсе де, қазір бұл фабрика құрдымға кетудің алдында тұр. Сол секілді құс шаруашылығына ден қойған Аршалы ауданы Жалтыркөл ауданындағы «Ақ дала агро» компаниясы да мемлекет қолдауын күтеді.

Табысынан шығыны көбейген

Құс өсіру және шығарумен айналысатын бұл кәсіпорындар осыған дейін жемді Ресейден арзан бағада алып келген. Көрші елдегі санкциялар құс фабрикаларына қажетті жемнің бағасына да өз әмірін жүргізген. Ресейден келетін жемге тосқауыл қойылған соң елдегі жем бағасы да шарықтап кетіпті. «Қазір Ресейде бидайдың келісі 90-95 теңгеден болса, бізде 150 теңгеден асып жығылады. Тіпті, соның өзін табу қиын. Бұдан жұмыртқаның өзіндік құны бірден еселеп артты. Ал біз шығарған шығынды қайтармақ түгілі, әр жұмыртқадан 7-8 теңгеге дейін шығындаламыз. Бұлай жалғаса берсе банкротқа ұшырайтынымыз анық. Ал жазғы уақытта жұмыртқаға сұраныс айтарлықтай азаяды. Фабрика біржола құрдымға кетіп, жабылып тынбасы үшін бізге мем­лекеттен қолдау ауадай қажет», – дейді құс фабри­касының басшысы Борис Оздоев. Атап өтетін бір жайт, бүгінде құс фабрикаларына мемлекеттен берілетін субсидия тоқтатылған. Ал мәселеге жауапты облыстық басқарма өкілдері өңірдегі құс фабрикаларындағы қиын жағдайды ескеріп, қолдау болатынын мәлімдеді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы аталған құс фабрикаларына 1 тонна жем 117 мың теңгеден берілмек. Қазіргі нарықтағы жем құны 150-160 мың теңгеден асып жығылатынын ескерсек, бұл атал­ған құс фабрикаларына әжептәуір көмек бола­тыны анық. Яғни, шамамен 25 пайызға арзандатылған жем беріледі», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының бөлім жетекшісі Қайрат Көшенов.

P.S.

Бір сөзбен айтқанда, қазаққа енді жұмыртқа жеу­дің өзі қымбатқа түсетін түрі бар. Жемі дұрыс болма­ған тауық­тар жұмыртқа бермек түгілі бір күнде қырылып қа­луы да ғажап емес. Әрі-беріден соң өзге фабрика­лардың да Бурабайдағы құс фабрикасының кебін кимесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан азық-түліктің маңызға ие түріне жата­тын жұмыртқаның қат дүниеге айналмауы үшін құс фабрикаларына мемлекет қолдауы ауадай қажет.

Ақмола облысы