Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсіміне қатысты, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мейрамымен құттықтап, еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің үлесін ерекше атап өтті.– Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны, – деді Мемлекет басшысы.Президент жақсы жабдықталған заманауи армия мемлекеттілігіміздің берік қорғаны екенін айтты.
– Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы күштік органдарда қызмет етудің абыройлы миссия және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары мен сардарлары өздерінің ептіліктері мен қабілеттерін тұрақты түрде шыңдай отырып, озық жауынгерлік шеберліктерін көрсетіп келеді. Президент Екінші Дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангеріміздің ерліктері түрлі себептерге байланысты елеусіз қалғанын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушы офицерлерге аты аңызға айналған үш ержүрек жауынгердің ерен ерлігі туралы айтты. Бұл майдангерлерге қаза болғаннан кейін бүгін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
– Біріншісі – атақты мерген Төлеуғали Әбдібеков. Ол бір өзі майдан даласында 397 жаудың көзін жойған. Бұл ерлік тиісті құжаттармен дәлелденген. Қазақтың қаһарман ұлы қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Бірақ, ерлігі ескерусіз қалды. Капитан Александр Несмиянов та ерекше ерлік пен қаһармандық көрсетті. Ол бораған оққа қарамастан, орда бекінген бүкіл батальонды өзімен бірге шабуылға көтерді. Жау қорғанысын бірінші болып бұзған Несмиянов жаудың 20 жауынгерімен жалғыз алысып, 13-інің көзін жойған. Қалғанын бас сауғалауға мәжбүр етті. Кезекті ұрыста ол жау шебінің тылына өтіп, басты қауіпті өзіне бұрды, сөйтіп жаудың қорғаныс шебін серіктерінің бұзып өтуіне мүмкіндік жасады. Ал ротаның екі командирі жараланған соң, басшылықты өз қолына алды. Александр Несмиянов үш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды, бірақ, әр кез оған әділетсіздік жасалып, елеусіз қалды. Жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменов те құралайды көзге атқан нағыз мерген болған. Ол бір жылдың ішінде 289 жау әскерін жойды. Бұл ерлік те тарихи деректерде көрсетілген. Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова екеуі соңғы демі қалғанша жаумен арпалысып, қаза тапты. Батыр атағына екеуі қатар ұсынылғанымен, Ыбырайым Сүлейменовтің ерлігі жоғары деңгейде бағаланбады, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шараға қатысқан Төлеуғали Әбдібеков пен Ыбырайым Сүлейменовтің туыстарына Халық қаһарманының ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін табыстады. Ал Александр Несмияновтың наградасы музей төрінен орын алады. Төлеуғали Әбдібековтің туысы Айгүл Кемелбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа және даңқты атасының атын мәңгі есте сақтауға атсалысқан жауапты тұлғалардың бәріне алғысын айтты. Ыбырайым Сүлейменовтің қарындасы Айткүл Сүлейменова Мемлекет басшысына шын жүректен алғыс білдірді. Сондай-ақ Президентке зор денсаулық тілеп, Жаңа Қазақстанды құру ісінде табысқа жетуіне ниеттестік білдірді және сөзін «Біз Сізге сенеміз», – деп аяқтады.
– Бұл – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы. Біз ерлеріміздің есімін жаңғыртып, оларды ұлықтай беретін боламыз. Өйткені, ерлік ешқашан ескірмейді. Майдангер аға буын кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге, – деді Мемлекет басшысы.Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген еліміздің барша азаматына алғыс айтты. Бұдан кейін Президент мемлекеттік наградаларды табыстап, офицерлерге әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер берді.