Атырау облысында құрылысшылар жататын вагон өртеніп кетті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім етті.
ТЖД мәлім еткендей, өрт бүгін, 6 мамырда Таңдай ауылында тұтанған. Бұл ауыл – Махамбет ауданындағы Бақсай ауылдық округінің орталығы.
«Махамбет ауданының Бақсай ауылдық округінде таңғы сағат 6:33-те құрылысшылар жататын вагон өртенді. Вагон «Caspian Ecology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болған. Өрттің салдарынан вагон түгі қалмай жанып кетті. Жалынды сөндіруге департаменттің №6 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер мен 1 арнайы техника тартылды. Өрт сөндірушілер жалынды сағат 8:00-де оқшаулап, сағат 08:35-те толық сөндірді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.
Жақында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Caspian ecology» ЖШС-нің аталған аудандағы Таңдай ауылында ашық жиын түріндегі қоғамдық тыңдау өткізетінін хабарлады. Қоғамдық тыңдауда жұртшылық талқылауына қалдықтармен жұмыс істеу кешенінде шығарындылардың рұқсат етілетін нормативтер жобасы, қалдықтарды басқару, өндірістік экологиялық бақылау бағдарламалары, сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды ұсынуды көздеген. Серіктестік қоғамдық тыңдауды 19 мамырда Таңдай ауылындағы Бақсай ауылдық мәдениет үйінде өткізуді жоспарлап отыр.