Қазақстанда референдум өткізумен тікелей Орталық сайлау комиссиясы айналыспайды, өйткені бұл науқанның сайлаудан ерекшелігі бар. Осы мақсатта Орталық референдум комиссиясы құрылды. Кеше аталған комиссия 2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі бірінші отырысына жиналды. Жиында алдағы бүкілқазақстандық сауалнамаға қатысты маңызды қаулылар қабылданды.
Егер сайлау – Президентті, әкімдерді және халық атынан сөйлейтін мемлекеттің өкілді органдарының депутаттарын таңдауға бағытталса, референдум – мемлекет пен қоғам өмірінің ең маңызды мәселелерін шешудің тетігі саналады. Құқық магистрі, профессор Маржан Құдайбергеннің айтуынша, қазір «референдум – тікелей демократияның ең көп таралған институты» және уақыт өткен сайын оның қолданыс аясы кеңеюде. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ол тек 2 рет (екеуі де 1995 жылы) өткізіліпті. Демек, Президент Қ.Тоқаевтың осы институтты қайта жандандыруы – биліктің халық үніне құлақ асуға және елдің ықтиярымен шын санасуға ден қойғанын білдіреді.
Айтқандай, плебисцитті ұйымдастыруға жауапты Орталық референдум комиссиясына ОСК мүшелері кіріп отыр. Алғашқы жиында комиссия басшысы Нұрлан Әбдіров те референдумды – «тікелей демократияның маңызды институты» деп атады: оның байламынша, осы арқылы халық тікелей заң шығарады. Яғни, депутаттар сияқты нақты заңнамалық құжатты жақтап не қарсы дауыс береді.
«Бұл мемлекет пен әрбір азамат үшін маңызды шешімдерді қабылдауға бүкіл жұртшылықтың қатысуының бір тәсілі. Ата Заңға енгізілетін түзетулер еліміз үшін аса құнды. Өзгерістер Конституция баптарының үштен біріне қатысты болмақ. Яғни, Конституциямыз жаңа мәртебеге ие болады. «2022 жылғы 6 мамырда БАҚ-та жарияланған «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасында баяндалған Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сауал бойынша бүкілхалықтық дауыс беру – азаматтардың мемлекет ісін басқаруға тікелей қатысуын және саяси шешімдерді қабылдау процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді», – деді Н.Әбдіров.
Орталық референдум комиссиясы (ОРК) төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, референдумға дайындық пен оны өткізу тәртібін 1995 жылғы 2 қарашада қабылданған «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңы айқындайды. Яғни, толыққанды заңнамалық база бар. Осы заңның 20-бабында референдумның орталық комиссиясының функцияларын Ортсайлауком орындайтыны айтылған. Бұл жұмысқа сондай-ақ аумақтық сайлаукомдар жұмылдырылады, оларға референдумның аумақтық комиссияларының функциялары жүктеледі. Ал учаскелік комиссия функцияларын учаскелік сайлаукомдар жүзеге асырады.
Тиісінше, референдум комиссиялары сайлау комиссияларының мөрлерін, интернет-ресурстарын пайдаланады.
Жиында референдумды әзірлеудің әрбір кезеңі бекітілетін «Республикалық референдумды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары» бекітілді. Сонымен, күнтізбелік жоспарға сәйкес, алдымен аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы, орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер ақпарат құралдарында 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануы тиіс. Бұл ретте дауыс беру учаскелерінің шекаралары, яғни қандай көшедегі тұрғындар қандай учаскеге жататыны туралы хабар да 15 мамырдан кешіктірілмей жариялануы міндет.
К.Петровтың түсіндіруінше, референдумды қазірден насихаттай беруге болады екен, себебі үгіт референдум тағайындалғаннан бастау алып, дауыс берілерден бір күн бұрын, яғни 4 маусымда, сағат 00:00-де аяқталуы шарт. Ал референдумның алдындағы күнде және референдум өткізілетін күні үгіттеу жүргізуге тыйым салынады.
Сонымен бірге референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімдеріне әрбір учаске бойынша жергілікті әкім қол қояды және 15 мамырдан кешіктірiлмей акт негізінде табыс етеді. Учаскелік рефкомдар дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 25 мамырдан кешіктірмей құлағдар етеді.
Ақыр соңында учаскелік комиссиялар жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін дауыс беруді ұйымдастырады.
Референдум қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады, хаттамамен ресімделеді. Оған комиссия төрағасы мен орынбасары, хатшысы мен мүшелері қол қояды және қаулымен бекітіледі.
Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман референдумға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылар қатыса алатынын мәлімдеді. Жариялауға ниет білдірсе, шетелдік ақпарат құралдарының өкілдеріне де есік ашық. Қабылданған қаулыға сәйкес, шетелдік байқаушылар өтініш білдіріп, ОРК төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруын алуы керек.
«Бұл ретте СІМ жанынан Халықаралық бақылау мәселелері жөніндегі штаб ашылды. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына орталық комиссия белгілеген үлгідегі аккредиттеу куәлігі беріледі. Бұл олардың референдум өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болады. Жалпы, ОРК қаулысы шетелдік байқаушылардың өзімен бірге аудармашысын алып жүру мүмкіндігін қарастырады», – деді М.Ерман.
Байқаушыларды аккредиттеу дауыс беру күніне 5 күн қалғанда, яғни 30 мамырда, сағат 18.00-де аяқталады.
ОРК төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумды ұйымдастыру мен өткізу кезеңдері конституциялық заңға сәйкес, ашық және жария түрде жүзеге асырылатынына уәде етті. Ол «Республикалық референдум туралы» конституциялық заң аясында қазақстандықтарға, қоғамдық бірлестіктерге референдумға шығарылған мәселе бойынша жиналыста, митингте, халық жиындарында, ақпарат құралдарында өз пікірін білдіру құқығына кепілдік берілетінін қадап айтты. Сонымен бірге Нұрлан Әбдіров азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерді үгіт-насихат іс-шараларын заңнама аясында өткізуге шақырды.
Қалай болғанда да, референдум нәтижесі халық шешімі болмақ. Сонысымен де ол ел тарихында лайықты орын алары даусыз. Халықтың таңдауы ең жоғарғы заңдық күшке ие болады: ел қолдаса, Қазақстанның жаңарған Ата Заңы өмірге жолдама алады.