Қара кемпірдің қара шаңырағы
Қара кемпірдің қара шаңырағы
1,073
оқылды
Төрткүл дүниені шарпыған ІІ дүниежүзілік соғыстың жа­расы әлі де жазыла қойған жоқ. Әсіресе, сұм соғыстың қасіреті айтылатын әндерді естіген сайын сол жараны сыз­дата түседі. «Сағындым Жексен­құ­лым, Қосшығұлым, Өзекті жарып шыққан қос шыбығым» деп басталатын «Қа­ра кемпір» әнін тыңдаған­да майданға кеткен ұлдарына деген сағынышын жүрек түпкіріне мәңгілік сақтаған ананың ащы зары тұла бойды шымырлатады. «Қара кемпір» – сұрапыл соғыс бауыр еті баласын жал­маған қасіретті аналарға әнмен қойылған ескерткіш. Ал осы әнге тағдыры арқау болған Қали ананың бертінге дейін Жамбыл облысы Меркі ауда­ны Қызылсай ауылында ғұ­мыр кешкенін көпшілік біле бер­мейді. Тіпті, ауылдағы зар­­лы ана тұрған үй де сол күйі сақталған. Әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың бұл туындысынан тыңдарман ананың балаға деген махаббатын, соғысқа лағнет айтқан әйелдің образын таниды. Майданда мерт болған Жексенқұл мен Қосшығұлының қазасына сенбей, үмітпен батысқа көз тік­кен ананың тағдыры шынында жан ауыртады. Қара кемпір ақтық демін алғанша ұлдарын тосумен болды. Жанына жалғыздықты серік еткен Қали ананың тағдыры шынында аяныш­ты. Бұл соғыс кезіндегі және одан кейінгі жыл­дар­дағы миллиондаған анаға ортақ тағдыр еді. Ал ән авторы бұл қасіретті өзі туып-өскен ауылдағы Қара кемпірдің образына сый­ғызады. – Қара кемпір – қырғыздың қызы. Өз есімі – Қали. Қазақ жі­гіт­ке тұрмыс шыққан. Жолдасы дүниеден ерте озып, қос ұлы Жек­сенқұл мен Қосшығұлын өзі өсі­ріп, жеткізген. Олар 18-19 жасын­да соғысқа аттанды. Арада бес-алты ай өткенде «қос ұлыңыз қаза тапты» деген қаралы хабар келді. Алайда Қали ана бұған сенбеді. Өмірінің соңғы күніне дейін бала­ларын күтумен болды. Мен талай рет ол кісінің қойын бақтым. Ауыл азаматтары асарлатып са­маннан екі бөлмелі үй салып берді. Бір бөлмесіне қой-ешкісін қамаса, екінші бөлмесінде өзі жатты. Көршілері қолдарынан келгенше көмектесіп, ас-суын берді. «Жексенқұлым, Қосшығұлым келеді. Мынау – солардың малы» деп күбірлеп сөйлеп отыратын. Ұлдарына деп жүн мен киіздің арасына ақшасын тығатын. Бірде ауыл сыртына тікұшақ қонғанда «Сұраңдаршы, қос құлынымды көрді ма екен?» деп жүгіре кетіпті. Сырын білетіндер «Иә, балала­рыңызды көріпті. Аспанда ұшып жүр екен» деп жұбатқан екен. Қара кемпір сексенге қараған шағында дүниеден озды. Алайда Қали ананың тағдыры ешқашан жадымнан шықпайды», – дейді Алтынбек Қоразбаев. Иә, үміттің жетегінде жүріп, өмірден өткен Қара кемпірдің тағдыры Алтынбек Қоразбаевтың әні арқылы алты Алашқа таныл­ды. Жеңістің 40 жылдығында әннің 9 шумақ жолын Қораз­баевтың өзі жазды. Бұдан кейін Жақсылық Сәтібековтің поэмасы жарық көрді. Жеңістің 70 жыл­дығында «Қара кемпір» әнінің желісі бойынша фильм түсірілді. «Қара кемпір» әні шыққаннан кейін жазушы Қали Сәрсенбай Қали анаға арналған ескерткішке байқау жариялап, мүсінін Болат Досжанов жасап шығарды. Бүгін­де бұл ескерткіш Қызылсай ауы­лын­да алыстан менмұндалап тұр. Алайда Қара кемпірдің тұрған үйі қараусыз қалған. Құлауға шақ тұр. Бұған біз аталған ауылға арнайы ат басын бұрғанда көз жеткіздік. – Мен осы ауылға келін болып түсіп, Қали анамен көрші тұрдым. Бір білетінім, көзі тірісінде ол кі­сіні бірде-бір туысы іздеп келмеді. Өмір бойы соғысқа кеткен ұл­да­рын күтумен болды. Ауылға со­ғыстан біреулер оралса, «Ұлымды көрмедің бе?» деп алдынан жү­гіріп шығатын. «Жоқ, көрмедім» десе, «Бір соғыста жүріп қалай көрмейсіңдер?» деп ренжитін. Көр­шісі болғандықтан, ас-су жа­ғынан қарасып тұратынмын, – дейді Қали ананың көршісі Нұрбүбі әже. Ауыл тұрғындары Қара кем­пір­дің ескерткішінің маңы демеу­шілер есебінен абаттандырылға­нын, ал ол тұрған қара шаңырақты ешкімнің көзге ілмегенін айтады. Жергілікті билік аталған үйді сақ­тап қалу үшін қаржы бөлудің теті­гін таба алмаған. Ол үшін әуе­лі үй белгілі бір мекеменің балан­сына берілуі керек екен. Десе де, ретін тапқанға сұм со­ғысқа лағнет айтып, өз ісімен кейінгілерге өнеге бола алған Қали ананың екі бөлмелі үйін жөн­деу соншалықты қиындық туғыза қоймас. Әрі-бері­ден соң бұл шаруаны «Жомарт түлек» жобасы аясында Қызыл­сай­да туып-өскен азаматтардың басын біріктіріп реттеуге болар еді. Тіпті, осы маңынан көзі жұ­мыл­ғанша ұлдарын күткен Қара кемпірге арнап мұражай тұрғызуға да болады. «Қара кем­пір» әнінің авторы Алтынбек Қоразбаев бұл игі іске суретші-зергер Берік Әлі­баев атсалысып, өз қорынан 100 көне жәдігер бе­руге уәде еткенін айтады. Одан бөлек, ауыл тұрғын­дары да мұра­жай қорына Қара кемпірдің қолданған бұйымдарын, өзге де бағалы жәдігерлерді өт­кізуге дайын. Өкініштісі, бұл игі істі ұйым­дастыру жағынан кемшін түсіп жатыр. Оған аудан әкімдігі өз тарапынан ұсыныс болмаса, Қара кемпірді арда тұтуға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұр­жігі­товтің өзі бас болып, үн қос­қаны абзал-ау. Қалай десек те, жұрт құлағына сазбен жеткен зарлы ананың өр бейнесін ұрпақ жадынан өшір­мей, өсиет ету баршамызға ортақ міндет!

Жамбыл облысы