"Қошқарбаев ту тіккенде жылап тұрдық": Қазір Ақтөбеде тұратын әжей 18 жасында соғысқа өзі сұранып барған
"Қошқарбаев ту тіккенде жылап тұрдық": Қазір Ақтөбеде тұратын әжей 18 жасында соғысқа өзі сұранып барған
Фото: kaz.nur.kz
9 мамыр күні Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагқа жеңіс туын тіккенде ақтөбелік соғыс ардагері Ажар Оразғалиева Берлин қаласында болған. 98 жастағы қарт жауынгер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, тарихи оқиғаның қазақ жауынгерлеріне ерекше әсер еткенін айтып берді. Ұлы Отан соғысы жылдары Харьковтан бастап, Берлин қаласына дейін жеткен жауынгер қыз бүгінде ақ жаулықты ана, аяулы әже атанған. Ғасыр жасаған соғыс ардагері Ақтөбе қаласында қызының қолында тұрады. Әлі де тың, өзі жүріп-тұрады. Айтуынша, 1945 жылы жеңісті Берлин қаласында қарсы алған.
"Қазір бәрі түс сияқты. Соғыс қажытып жіберсе де неміс жағының әлсірегенін естіп, күш алдық. "Берлинді бағындырдық. Қызыл ту тігілді! Рейхстагты бағындырған – қазақ Рақымжан Қошқарбаев!" дегенді естіген кездегі қуанышымызда шек жоқ. Қошқарбаев жауынгерлердің арасына келгенде оны бәрі аспанға лақтырып, құшақтады. Қазақтар "тәубе" дестік. Елге, ағайынға жетеміз деп қуандық. Әлі кезге дейін есімде, қуаныштың көз жасы төгілді", – дейді қарт жауынгер Ажар Оразғалиева.
Ол майдан даласын 18 жасында көрген. Соғысқа өзі сұранып барған қыздардың бірі. Атыраудағы 416 зенитті артиллериялық полкте әскери жаттығудан өткен. Ол беліне түскен шашын қидырып, жауынгер киімін киіп, соғыс даласына аттанады. Кейін бірнеше айға созылған Курск қаласындағы соғысқа қатысады. Курск шайқасынан кейін Киевті, Румынияны азат ету ұрыстарына қатысқан.
"Тәртіп қатты. Барлық қаруды пайдалануды беске білдік. Күні-түні ұйықтамастан зеңбіректі құшақтап отыратын кездер болды. Өлген жоқпыз, ол кезден де өттік. Саптама ауыр етікті айлап шешпейтінбіз. Он қыз бір зеңбіректен оқ атамыз. Бомбалаған сәтті күнде көріп, өрт пен қара түтін арасында жүрдік. Украина жерінде ауылдан бірге шыққан жақын құрбым Жаниядан айырылдым. Оны сол жерде өмірі қиылған 19 адаммен бірге көмдік. Оған ағаштан табыт жасалды. Бұл мен үшін ауыр оқиға болды", – дейді Ажар әжей.
Соғыс біткен соң жауынгер қыз Ғабидолла Оразғалиев есімді азаматқа тұрмысқа шыққан. Төрт ұл мен алты қызды дүниеге әкелді. Қазір алты қызы тірі. Омырауы орденге толы анада "Киевті азат еткені үшін", "Белоруссияны азат еткені үшін", "Курск қаласын азат еткені үшін" және "Германияны жеңгені үшін" медальдары бар.