Абай есімі әуежайға берілді
Абай есімі әуежайға берілді
491
оқылды
Семейдің халықаралық әуе­жайына ресми түрде қазақтың бас ақынының есімі берілді. Таяуда қа­ланың басты әуе қақпасы маң­дай­ша­сындағы ескі атауы жедел түрде алынып тасталды, оның ор­нына АBAI деген жаңа атау пайда бол­ды.   Мекеме журналистерге бүгінде әуе­жай ресми түрде, құжат жүзінде «Абай атын­дағы халықаралық әуежай» ЖШС деген атау алғанын растады. 2019 жылғы қарашада Үкімет жа­нындағы Республикалық ономастика комис­сиясы Семей әуежайын Абай аты­мен қайта атау туралы шешім қабыл­дағаны мәлім. Тиісті ұсыныс былтырғы күзде семейліктерден келіп түсіпті. Ол бастаманы алдымен облыстық оно­мас­тикалық комиссия және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депу­таттары мақұлдады. Бұл шара халықаралық, республи­ка­лық және өңірлік деңгейде кеңінен мере­келенетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында іске асырылып отыр. Айтқандай, сол бастама аясында қа­ла тұрғындары шаһардағы білім орда­лары атауында көрнекті тұлғалар есімін ұлықтауды да ұсынған. Осыған сәйкес, №49 мектебіне – Абай, №3 мектеп-ке­шеніне – Мұхтар Әуэзов, №2 орта мек­тепке – Қаныш Сәтпаев, №34 мектепке – Бауыржан Момышұлы, №37 мектеп-гимназиясына – Ыбырай Алтынсарин, №39 мектебіне – Әлихан Бөкейханов, №47 мектебіне – Ахмет Байтұрсынов, Қаламаңы орта мектебіне Жүсіпбек Аймауытов есімі беріледі. Семей ұлы ақынымыздың мерей­той­лық жылы аясында осылай қазақылануда.