Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам табылды
Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам табылды
214
оқылды
Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам аман-есен табылды, - деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы. Бұған дейін Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.
«8 мамыр күні сағат 14:00-ден «УАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 10 жолаушы Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықта орналасқан аталған учаскеге жету үшін жолға шыққан. Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты Махамбет ауданына баруды көздеп, жолдан адасып кеткен. 9 мамырда сағат 10:50-де Исатай ауданында бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды іздестіру іс-шарасы жүргізілді. Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды. Іздестіру іс-шарасына Исатай аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері қосылды. Бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адам 9 мамырда жергілікті уақытпен сағат 14:50-де Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылынан шамамен 85 шақырым қашықтықта орналасқан Жасқайрат елді мекенінен аман-есен табылды. Табылған адамдардың денсаулығында кінәрат жоқ. Олар алғашқы медициналық көмекке жүгінуді қажет деп таппады», - делінген хабарламада.
Қазір бір жүргізуші мен 10 жолаушы Жасқайрат елді мекенінен Х. Ерғалиев ауылына аман-есен жеткізіліп, ағайын-туыстарына табысталды. Іздестіру жұмыстарына Исатай аудандық полиция бөлімінің бір қызметкері көмегін берді.