Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесіп, облыс орталығын қайта атауға арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
"Қапшағай атауын Қонаев деп өзгерту - қала тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қалалықтардың басым көпшілігі қолдағанын атап өткім келеді. Бұл біздің ұлы саяси және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың еңбегінің маңызын көрсетеді", - деді сенатор Динар Нөкетаева.
Сенаторлар сондай-ақ алдағы референдумды және конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылады.
"Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум - Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси реформалардың маңызды кезеңі. Біз 5 маусымда ұсынылған алдағы өзгерістердің бағыттары бойынша таңдау жасайтын боламыз. Дауыс беру қорытындысы Қазақстанның соңғы жылдары барлық салаларды реформалау бойынша жүргізіп жатқан ауқымды жұмысына қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейін көрсететініне сенімдімін", - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Депутаттар кездесу барысында қала тұрғындарымен және басшылығымен облыс орталығының даму келешегін, сондай-ақ елді мекеннің мәртебесін арттырудың өңірдегі барлық тұрғындарға маңыздылығы талқыланды.