Елдігіміз сыналатын сәт
Елдігіміз сыналатын сәт
265
оқылды
Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешімі наурыз айындағы Президент Жолдауының іске асуының нақты дәлелі. Қазақстанның қазіргі таңда дамудың жаңа сатысында тұрғанын ескерсек, бұл референдум сол өзгерістерің негізгі кілті болмақ. Мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу – өркениетті елдердің тарихында болған және өзінің оң нәтижесін берген демократиялық шешім. Мұндай саяси институт алғаш рет Швейцарияда қолданылғаны белгілі. Президент Қ-Ж.К.Тоқаевтың «Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар.Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады» деген сөзін еліміз расымен ұзақ күтті және қуантты. Халықтан асқан жауапкершілікті талап ететін бұл сәттен ешқайсысымыз тыс қалмауымыз тиіс. Еліміздің тәуелсіздігі мен ұлтымыздың болашағы, ана тіліміздің тағдыры шешілер сынақты сәтте ел болып бірігіп, отансүйгіштік танытқанымыз абзал. Саяси жүйені бір сәтте өзгертіп, түбірімен жойып жіберу мүмкін болмаса да, осы референдумға қатысу арқылы әрбіріміз Қазақстанның бүгіні мен ертеңінің жарқын болуына үлес қосатынымызды сезінгеніміз жөн. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін тағдыры талай рет талқыға түскен Ата Заңымыз көп сынға ұшырады. Жиырма жеті жыл бұрын өткізілген референдумда қабылданған Ата заңымыз одан кейін Парламентте бірнеше рет өзгеріске ұшырап, бүгінгі деңгейге жетуінің өзі көп жайды ұқтырады. Конституциялық реформаның Парламентте мақұлдануы заңды қалыптасқан тәжірибе десек те, қандай «оң» өзгерістердің қабылданғанын халық жақсы біледі. Сол олқылықтарды жою мақсатында Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды шешімді бүкіл халық болып қабылдау маңызды. Енді Мемлекеттігіміздің басты символдарының бірі болып табылатын Конституциямызға құрметпен қарап, оны халық пен елдің, мемлекетті құраушы ұлттың ана тілінің мүддесін көздейтін құжат етуге үлес қосар тарихи сәт туды. Президент «Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр» деп ақиқатты айтты. Расымен де, сөзден іске көшетін және мемлекет басшысының тапсырмасын шынайы түрде орындайтын уақыт жетті. 5 маусымда қабылданар саяси шешімге келешек ұрпақ ұялмайтындай болуы үшін барынша азаматтық ұстаныммен референдумға қатысып, Конституциялық түзетулер жобасы бойынша жаппай дауыс беруге шақырамын. Бұл референдум - Қазақстанның болашағын айқындайтын сынақты сәт. Барлығымыз толық дауыс беріп, шын мәніндегі өркениетті, дамыған, өзіміз көргіміз келетін Қазақстанды бірге құрайық!

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш САПАРБАЕВА,