3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев Локомотив зауытына жұмысқа орналасатын болды
3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев Локомотив зауытына жұмысқа орналасатын болды
© sn.kz
314
оқылды
Елорда әкімі Алтай Көлгінов 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевпен кездесіп, оған жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.
«Бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық. Ол елордаға осы жылдың мамыр айының басында Қызылордадан келген. Сәбитке осындай сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айттым! Өз тарапымыздан Сәбиттің отбасына тиісті көмек көрсетеміз. Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар», – деп жазды астана әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында.
Қала басшысы батыл азамат Сәбитке елордаға біржола қоныстану туралы ұсыныс айтқанын мәлімдеді.
«Сол сияқты бүкіл отбасын елордамызға көшіріп әкелу туралы ұсыныс жасадым. Сәбит зайыбымен бірге 4 бала (3 ұл, бір қыз) өсіріп отыр. Жұбайын жұмысқа тұруына, ал балаларын мектепке және балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады. Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне көмектесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз», – деп жазды ол.
Сондай-ақ, Алтай Көлгінов сөз соңында қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырды. Бұған дейін белгілі депутат 3 жасар қызды құтқарып қалған жігітке 3 бөлмелі пәтерді сыйға тартқанын жазған болатынбыз.