Референдум – маңызды мәселені халықтың талқысына салып, көпшіліктің пікірімен шешім қабылдауға үндейтін шара. Дегенмен әр елде жалпыхалықтық плебисцит өткізуге сан түрлі мәселе себеп болып жатады. Посткеңестік елдердің тәжірибесінен референдумдардың әдетте Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізер сәтте жарияланатынын аңғару қиын емес.
Мәселен, өткен жылы 11 сәуірде Қырғыз Республикасында жергілікті сайлаумен бірге жаңа конституцияның жобасын қабылдау жөніндегі референдум өтті. Қырғыз елінің басты құжатына енгізілген өзгерістер Президенттің өкілеттілігін күшейтуге бағытталған. Дауыс беруге азаматтық таңдауын жасауға құқылы қырғызстандықтардың 35 пайызы қатысқан. Плебисцитке қатысушылардың 79,31 пайызы Конституцияға енгізілген өзгерістерді қолдаған. Жалпы, елдегі референдум туралы заңнамаға сай мұндай өзгертулер сайлаушылардың 30 пайызынан қолдау тапса, жеткілікті.
Атап өтерлігі, елдің басты құжатына өзгеріс енгізу туралы бастаманы Қырғыз Республикасының басшысы Садыр Жапаров көтерген. Мемлекетті басқарудың парламенттік-президенттік басқару формасынан президенттік билікке көшуді мақсат еткен өзгерістерді 89 мүшеден тұратын конституциялық жиналыс мүшелері енгізген. Халықаралық сарапшылар Қырғыз елінің жаңа Конституциясы мемлекеттің саяси құрылымымен бірге базалық конституциялық принциптерін өзгертеді. Жаңа өзгерістерге сай Қырғыз Парламентіндегі депутаттар саны 120-дан 90-ға дейін өзгерді. Ал халықтық Құрылтай президентке қоғамдық дамудың бағыттары бойынша ұсыныстар береді. Сондай-ақ Президентке елдегі ең жоғарғы қызметті 5 жылдан қатарынан екі рет атқаруға мүмкіндік берілді. Бұған дейін Қырғыз Президенттері тақта 6 жыл бойы бір-ақ мәрте отыра алатын.
Былтырғы референдумда Қырғыз елінің қолданыстағы заңына бас-аяғы 81 өзгерту енгізілді. Парламенттің сайтында жарияланған Конституцияның жобасы сол тұста қырғыз сарапшылары мен заңгерлерін былай қойғанда, Венеция комиссиясы мен ЕҚЫҰ жанындағы халықаралық құқықтық институттың да сын тезіне ілікті. Олар қырғыз билігін осы өзгертулер мен толықтырулар арқылы азаматтардың бейбіт жиынға қатысу, ойын еркін айту құқығын шектеді деп айыптады. Негізінен, 1993 жылы қабылданған Қырғыз Республикасының Конституциясына референдум арқылы 10 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен. Олардың көбінде елдің жаңадан сайланған Президенті президенттік-парламенттік билікті президенттік бақсару формасына ауыстыруға тырысқан. Ал 2010 жылы билік тізгінін қолына алған қырғыз оппозициясы керісінше президенттік басқару формасынан парламенттік билік жүйесіне көшірді.
2020 жылы Ресей Федерациясында да әлемдік пандемияға қарамастан Конституцияның 206 тұсына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. 25 маусымда басталып, 1 шілдеге дейін жалғасқан шараға дауыс беру құқығына ие ресейліктердің 65 пайызы қатысқан. Және де олардың 73 пайызы заңға федеративті құрылым, Президент, Парламент, Үкімет, сот билігі және прокуратура, жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерінде енгізілген өзгерістерге қолдау білдірген. Пандемияға байланысты алғаш рет Мәскеу қаласы мен Нижегород облыстарындағы жалпыхалықтық референдум онлайн режимде ұйымдастырылды.
Референдум нәтижесінде Ресейдің басты құқықтық құжатындағы 22 бап өзгерді. Қоғам өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы бұл плебисциттің қазір Президентке шеттен тыс өкілеттілік бергеніне наразылық білдірді. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде Владимир Путиннің бұған дейінгі президенттігі есепке алынбай, оған 2024, 2030 жылдары қайтадан елдегі ең жоғары лауазымға сайлануға мүмкіндік берді.
Беларусь елі де референдум арқылы биылғы ақпанда өздерінің Конституциясына өзгеріс енгізді. Елдің бас құжатына өзгерістер енгізу мәселесін Беларусь билігі 2016 жылдан бері қарастырып келгенімен, оған 2020 жылғы президент сайлауынан кейін баса назар аударылды. Осылайша, әуелі арнайы комиссия Конституцияның жаңа мәтінін дайындады. Ал былтырғы жылдың соңында құжат жалпыхалықтық талқылауға салынды. Сол сәттен бастап тәуелсіз сарапшылар жаңа Конституция елдегі саяси жағдайды өзгертуге қабілетсіз деп таныды. Соған қарамастан 27 ақпандағы жалпыхалықтық дауыс беру рәсімінде өз таңдауын жасағандар 82,86 пайызы Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға қолдайтынын растаған. Нәтижесінде, Беларусь Республикасында мол өкілеттілікке ие жалпыбеларусьтік халық жиналысы деп аталатын құрылым пайда болды. Сонымен қатар президенттік кандидаттарға жаңа талаптар қойылды. Бұдан бөлек, ел басшысының заңнамалық қызметі шектелді. Президентке заңды күші бар декреттер шығаруға тыйым салынды. Ұлттық жиналыстың (Парламент) өкілеттілік мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылды. Беларусь Республикасының үкімет басшының өкілеттілігі кеңейіп, ол үкімет құрамын жасақтаудағы, бюджет қалыптастырудағы аса ықпалды тұлғаға айналды. Елде адам құқықтары жөніндегі өкіл институты құрылды.
Осыдан бірер жыл бұрын өткен Әзербайжандағы конституциялық референдумда Конституцияға 29 өзгеріс енгізілді. Қызығы, әзербайжандықтар баптарға енгізілген өзгерістерге жеке-жеке таңдау жасады. Елдегі сайлау құқығы бар азаматтардың 69,7 пайызы қатысқан шарада сайлаушылардың 90-95 пайызы өзгерістерді қолдап дауыс берген. Референдум нәтижесінде билік тармағына бірінші вице-президент және вице-президент лауазым енгізілді. Президенттің өкілеттілік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін артты. Әзербайжан басшысы ұлттық жиналысты таратып жіберуге құқылы болды.
Ал Арменияда 2020 жылдың 5 сәуіріне жоспарланған жалпыхалықтық референдум кезінде Президент пен Конституциялық Соттың өкілеттіліктерінен айыру мәселесі қарастылуы керек болған. Алайда пандемияға байланысты енгізілген төтенше жағдай салдарынан кейінге шегерілген шара сол күйі өтпеді.
Биылғы 7 наурызда Молдова президенті Майя Санду елде референдум өткізілуі мүмкін екенін хабарлады. Мұнда елдің Еуропалық Одаққа кіру мәселесіне қатысты азаматтардың ой-пікірі ортаға салынуы керек болған. Алайда әзірге Молдовадағы жалпыхалықтық референдумның уақыты нақтыланбады.
Соңғы жылдары жалпыхалықтық референдум өткізген посткеңестік елдердің тәжірибесінен олардың президенттік өкілеттілік мәселесіне көп көңіл бөлгені аңғарылады. Ел азаматтарының саяси белсенділігінің арқасында шексіз суперпрезиденттік билікке ие болу фактісі де көп кездеседі. Ал біздегі референдумда қазақстандықтар керісінше биліктің бір қолға шоғырлануынан бас тартып, оны биліктің өзге де тармақтары арасында бөлісу мәселесіне қатысы азаматтық көзқарасын білдірмек.