Шымкентте 8 мамыр күні экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мейрамхана алдында бір-бірімен төбелескен, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Басшысын ұрып құлатқан тергеуші қамауға алынды. Қол астындағы қызметкерден таяқ жеген Бақтияр Ахметжанов ес-түссіз ауруханада жатыр.
Видеодағы кадрдан думандатып жүрген тергеушілер есік алдында сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Осы кезде 2-жедел басқарманың бастығы Бақтияр Ахметжанов Мырзабек Тойлыбаевқа жұдырық ала жүгіреді. Соққыдан қашып үлгерген тергеуші Ахметжановтың өзін ұрып жығып, баспалдаққа баспен құлатқан. Ауыр жарақат алған бастық ауруханада жатыр.
Жұдырығы жуан тергеуші қамауға алынды. Төбелескіш тергеушілерге қатысты қаржылық қадағалау агенттігінің өзіндік қауіпсіздік қызметі тергеу жүргізіп жатыр. Полицейлер де істің ақ-қарасын анықтайды.
«Биыл 8 мамырда Шымкент қаласы әл-Фараби АПБ ҚР ҚК 106-бабы 1- бөлігімен тіркеуге алынған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» делінген ПД-ның ресми хабарламасында.