Қараусыз құрылыс – қауіпті құрылыс
Қараусыз құрылыс – қауіпті құрылыс
469
оқылды
Шетелдік және отандық сарапшылар қа­­­зақстандық сәулетшілерді аяусыз сы­най­ды. Тәуелсіздік мемлекеттік құрылыстың қар­­қынын есепке алды да, оның мазмұнын на­зардан тыс қалдырды. Статистика үшін құ­­рыл­ған есепте сапаға мән берілмеді. Құ­ры­лыс саласындағы жобалаушы ұйымдар­дың 90 пайызы көлеңкеде көрінеді. Бұл – өзге бірде-бір салада жоқ рекорд! Жаңа Қа­­­зақ­станды құру құрылыстың сапасы мен сәу­летіне көңіл бөлуден басталса игі.   Алпауыттар семіз сөйлеп, арық шығуға әуес 2021 жылғы 27 қазанда Digital Bridge халықара­лық технологиялық форумына қатысқан ел Президенті Қ.Тоқаев құрылыс саласын сапасыздық, жем­қорлық, қымбатшылық, бюрократия жайлағанын сынға алды. Яғни, бұл сектордың өне бойы ке­селге толы. – Алпауыт құрылыс компаниялары тұрғын үй­лер, мектептер, ауруханалар, жолдар, басқа әлеу­меттік маңызды объектілерді салу үшін мем­ле­кеттің орасан зор қаражатын игереді. Алай­да ол объектілердің са­пасы сын көтермейді, тым күмәнді. Бұл азаматтардың наразылы­ғын ту­дырады. Сондықтан Үкімет осы мәселеге қы­ра­ғы назар аударуы тиіс, – деп ескертті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент қадап айтқан соң жаңарған Үкімет салаға ден қойды. Көргенінен, көңіліне түйгенінен көңілі қалыпты. Сонда қандай жүйелі олқылықтар әшкереленіп отыр? Біріншіден, көркем тілмен түй­сек, салада «мектеп жоқ». Яғни, Қазақстан не архитектура, не ди­зайн, не жобалау саласында мықты мектебімен, білікті кадрларымен мақтана алмайды. Осыдан он жыл­дай бұрын Ақордада өткен Ел­ба­сының отандық кәсіпкерлермен кездесуінде BI Group басшысы Ай­дын Рақымбаев Үкіметтің елдегі стратегиялық маңызды, ірі нысан­дар құрылысына отандық құрылыс компанияларын жібермейтініне шағымданған болатын. Сонда Тұң­ғыш Президент шаңыраққа – Ақ­ор­даның бірнеше қабаттық биік­­тікте орналасқан алып күм­безіне саусағын шошайтып: «Ең құрыса, ортасында ешқандай тіреуі жоқ мынадай үлкен күмбезді тұрғыза ала­сыңдар ма?» деп сұрады. Рақым­баев күмілжіп, жауап таба алмай қалды. Әйтсе де, отандық құрылыс алпауыттары EXPO-2017 көрме ке­шенінің нысандарын салуға жі­бе­рілді. Нәтижесі көптің көз алдында. 2016 жылғы 16 қарашада оның ау­ма­ғында C1 және C2 блоктары ғи­ма­раттарының арасын қосқан жа­бық дәліз-көпір түріндегі конс­трук­ция құрылысшылардың көзінше құлады. Күйреген нысанның мер­дігері BI Group болатын. Масқарасы сол, дәл осы оқиға қарсаңында, екі апта бұрын BI Group Construction басқарма төрағасы Талғат Қожах­метов бұл блоктағы негізгі жұ­мыстар халықаралық стандарттарға сай орындалғанын мәлімдеген еді. Содан бері саладағы жағдай өз­герді деу қиын. Сондықтан Үкімет елордадағы, өзге өңірлердегі басты құрылыс жобаларының көбін Түр­кияның, Иранның, Әзербай­жан­ның және басқа елдердің беделді құрылыс компанияларына сеніп тапсырып келді. Дегенмен қазір заман басқа: пан­демия және карантин шектеу­лері салдарынан шетелдік маман­дар – сәулетшілер, құрылысшы ма­мандар елге кіре алмады. Сон­дай-ақ ұзаққа созылып бара жатқан дағдарыс кесірінен республикада жұмыссыздық деңгейі артты, сол себепті ел Үкіметі шетелден жұмыс күшін тартуға қатаң шектеу қойды. Ендеше Қазақстанды ары қарай өз құрылысшыларымызға салуға тура келеді. Сондықтан Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігінің Құрылыс және ТКШ істері комитеті «мектептен бастап аза­мат­тардың құрылыс саласындағы білім деңгейін көтеру» туралы Үкіметке ұсыныспен шықты. Себебі «қазіргі уақытта білікті мамандардың тап­шылығы өршіді, соның кесірінен тұрғызылып жатқан нысандардың сапасына нұқсан келіп жатыр».   Қастеев мұражайын айыптағанның өзі кінәлі Екіншіден, құрылыс сала­сын­дағы жобалау ісінде бақылау жоқ. Нарық ойыншылары ойына кел­генін істейді. Айтқандай, нысан­дардың гүрс етіп құлауы жалғасты. Қарағандыда 2012 жылғы 6 сәуірде құлаған «Бесоба» тұрғын үй кеше­ніне қатысты жағдай он жылдан бері созылып келеді. Айдың-күннің аманында, шалқалай жалп етіп құ­лаған 5 қабатты жаңа үйдің күйреу себептерін зерттеумен айналысқан мемлекеттік комиссия аталған ТК-ны салу кезінде жобалау шешімдері құрылыс нормаларына сәйкес кел­меген деген қорытынды шығарды. Қарағанды облысының басшылығы Үкіметке сапасыз тұрғызылған осы тұрғын үйдің бәрін бұзып, орнына жаңа ТК салуға 4,2 миллиард теңге бөлуді сұрапты. «Жобалық шешімдердің бұ­зы­луы жиі кездеседі. Атап айтқанда, объектілер арасындағы қашықтық сақталмайды, өрт сөндірушілер техникасының өтуі үшін қажет кірме жолдар қалдырылмайды. Мы­салы, 2021 жылғы шілдеде Қас­теев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына кондиционерлерінің қатты дыбысымен өзіне жапсарлас тұрғызылған тұрғын үй кешені тұрғындарының тыныштығын бұз­ғаны үшін 230 АЕК (670 мың теңге) айыппұл салынды. Мұражай бұл жазамен келіспеді. Ақырында тұр­ғын үй кешенін жобалау кезінде оның «мәдени нысанның қорғау аймағы» талабын сақтамай, мұра­жайға тым жақын салынғаны анық­талды. Бұған қоса, ТК жобасы уә­кі­летті органмен келісілмеген. Құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен үйді шудан оқшаулауға шешім қабылдады», – деп мәлім етті ИИДМ комитеті. Құрылыстағы былықтар тек тұрғын үй кешендерімен шектел­мейді. 2019 жылғы маусымда, про­курорлық тексеру қорытынды­сын­да, Ақтөбе облысы өзендерінің арналарын тазарту, түбін тереңдету және жағалауларын бекіту бойынша жұмыстардың құны шамадан тыс арттырылғаны, жобалық бұзушы­лықтарға жол берілгені әшкере­лен­ді. Құрылыстарды бұзуды немесе оларды айналып өтуді жобалау ке­зінде өсімдіктердің сирек кездесетін түрлеріне қатысты мәліметтер жи­налмаған болып шықты. Салда­ры­нан, Қазақстанның Қызыл кіта­бындағы өсімдіктер толық құрып бітуге бір табан жақын қалса керек. Бұл ретте жобалау жұмыстарынан ақша аямағаны аңғарылады: оған бірер миллион емес, 200 миллионға жуық (171,5 млн теңге) бюджет қа­ражаты төгілген. Бұдан бөлек, бұ­талар мен ағаштарды заңсыз кесу­ден мемлекетке 7,8 млн теңгедей залал келтірілген. Жалпы алғанда, Индустрия ми­нистрлігінің мәліметінше, рес­публика бойынша өрескел бұзу­шылықтары бар 200-ден астам ірі нысан пайдаланылып жатыр. Олар­да алапат апат болмасына кепілдік жоқ. Жобалаушылардың бассыз­дығы кесірінен Қазақстанға еш соғыссыз, бейбіт күнде-ақ ғаламат зиян келуі ғажап емес.   «Бесобаны» бүлдіргендер жұмысын жалғастырды Президенттің «саладағы жағдай еш сын көтермейді» дегені қыз­дыртпа қызыл сөз емес. Ел эконо­микасының базалық, тұғырлы са­ласында шын мәнінде жантүр­ші­герлік жағдай орнағандай. Тәуелсіз­діктің отыз жылында тұрғызылған жаңа ғимараттар «картадан жасал­ған үйдей» бірінен соң бірі жапы­рылып құлап жатпаса жақсы «Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының (ГАСК) қыз­меткерлері тіркеген жобалау қыз­метіндегі құқықбұзушы­лық­тардың саны 2017 жылдан бері өсіп келеді. Нақтылай кетсек, егер 2017 жылы меморган 78 ұйымды әкім­шілік жауапкершілікке тартса, 2020 жылы бұл сан 2 есеге дерлік артты: 148 жобалық ұйым жазаланды. Автор­лық қадағалау жобалары бо­йынша да осындай күрделі жағдай қалыптасты: 2017 жылы сәулет-құрылыс бақылау органдары 32 жобаны авторлық қадағалаушыны жауапқа тартса, 2020 жылы ол сан 50-ге жетті. Ал 2021 жылдың бірінші жартысында тағы 52-ге жуық ұйым жазаланды. Жалпы, 2017 жылдан бері 483 жобалау ұйымы және ав­торлық қадағалау жобалары бо­йынша 255 ұйым жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады Құры­лыс және ТКШ істері комитеті. [caption id="attachment_195828" align="alignright" width="1200"]құрылыс © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Инженер-жобалаушы Ербол Кәрібайдың айтуынша, дамыған елдерде құрылыс, жобалау жұмыс­тары сапасына қатысты жүйелі проб­лема жоқ. «Еуропада жіберілген қате­лік­тер үшін аттестатталған сәулетші, инженерлер басымен жауап береді. Егер нысаннан шикілік шықса, олар тек бедел-репутациядан ғана емес, сондай-ақ бар жиған-терге­нінен жұрдай болады. Өйткені бұл мамандар қателік жіберсе, жеке мүл­кімен жауап береді. Кәсіби қыз­меті аяқталады, лицензиясынан айырылады, айырылмағанның өзінде оларды салмақты жобаларға ешкім шақырмайды. Бізде оның бірі де жоқ. «Бесобаны» тұрғызуға қа­тысқан жобалаушылар да, құ­ры­лыс салушылар да жазадан жал­та­рып кетті, олардың ісі тіпті сотқа да жеткен жоқ, барлығы тергеу саты­сында рақымшылыққа ілікті. «Бе­собаны» тұрғызған «Сервис­пром­снаб» басшысы Андрей Малянов клиенттердің бүкіл ақшасын алып, шетелге қашып кетті. Енді оның шығынын мемлекет өтеуге мәж­бүр», – дейді сарапшы. Мамандар саланың былыққа батқанын растайды. Біріншіден, мемлекет тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан жобалау ұйым­дарының саны беталды өсіп барады. Нарықта мемлекеттік лицензияға ие ұйымдардың саны 18 313-ке жетті. Олардың ішіндегі кәсіби, абы­рой-беделін ойлайтын ұйым­дардың саны тым сирек. «Еліміздегі 18 мыңнан астам жобалау компаниясының арасынан шын мәнінде білікті мамандары бар және жобаны жоғары деңгейде әзірлейтін 1 мың ұйым да табыл­май­ды. Ал құрылыстағы жұмыс­тар­дың сапалы орындалуы ең алдымен жобаның сауатты әзірленуіне және жобалаушының біліктілігіне тікелей тәуелді. Ғимаратты жобалау барысында жіберілген қателер мін­детті түрде құрылыс барысындағы қателіктерге ұрындырады», – деген байлам жасады ИИДМ. Сауатсыз, жауапсыз ұйымдар мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйым тендерін жеңіп алса немесе оларға ТК жобасы жүктелсе, олар жобаны интернеттен көшіріп алу­дан арланбайды. Сөйтіп, өзгенің қа­телігін қайталағанын да ұғын­байды. Сонымен қатар жобада барлық тораптар, есік-терезелердің нақты мөлшері, қолданылатын құ­рылыс материалдары және бас­қа­лары егжей-тегжейлі жазып көр­сетілуі шарт. Ал бізде жобалаушылар жобаға Қазақстан нарығында жоқ немесе бағасы тым қымбат құрылыс материалын көрсете салады. Сал­дарынан нысанды салуға кіріскен мердігер не қосалқы мердігер амал­сыз, соған ұқсас, бірақ әлдеқайда арзан баламасын іздеуге мәжбүр.   Алаяқтар жаулаған сала олардан арыла ма? Екіншіден, сала сол қалпымен кө­леңкелі нарыққа айналып кетті. Ко­­митеттің өзі «бір күндік фир­ма­лар» көп екенін жасырмады. Ме­м­ле­кет­тік бюджеттен бөлінген мил­лиардт­тарды талан-тараж етуге тар­тылған жобалау ұйымдары табылады. «Жобалаушылар қазір еш ба­қылаусыз жұмыс істейді. Не мем­лекет тарапынан, не кәсіби қа­уым­дастық тарапынан қадағаланбайды. Бұл ретте жобалау ұйымдарының 90%-ы – көлеңкеде. Бұлар шағын кәсіпорындар және жеке кәсіпкер­ліктер. Олардың арасында жалған ұйымдар да, сондай-ақ штатына кілең біліктілігі төмен жобалау­шы­ларды жинап алғаны да көп», – деп мәлім етті министрлік. Үшіншіден, жемқор шенеу­нік­тер бұл саланы жемсауына айнал­дырып алды: ақысын берсе, ақа­уына көз жұма қарайды. Апат қау­піне қарамастан сапасыз салынған үйді құрылыс компаниясының тезірек тұрғындарға тапсырып, жауапкершіліктен құтылып кетуіне жол береді. Төртіншіден, осы жағдай ары қарай жалғаса берсе, құрылыс ны­сандары азаматтардың денсау­лығына, өміріне, қауіпсіздігіне, әл-ауқатына және заңды мүдделе­ріне зор нұқсан келтірмек. Алданған жүздеген мың үлескердің дауы қоғамды жарып жібере жаздағаны есте. Тек мемлекет араласып, Ұлт­тық қордан және бюджеттен онда­ған миллиард қаржы бөлген соң жағдай біршама түзелді. Бірақ үлескерлері ұлардай шулап жүрген жекелеген «сақалды құрылыстар» қазір де, елорданың өзінде де бар. Бесіншіден, жауапсыз жоба­лау­шылар мен құрылыс компания­ла­рының жұмысын жалғастыруы дағ­дарыстан бюджет ортайған за­манда мемлекеттің тағы шығын­да­луын қажет ететін жаңа пробле­ма­ларды одан ары туындата бермек. ИИДМ комитеті заңнама қан­ша жерден жетілдірілді десе де, қол­данысқа берілген тұрғын үй кешендерінің әу баста белгіленген және жарнамаланған сынып-дең­гейіне сәйкес келмеу проблемасы сол бойы сақталғанын мойындады. Яғни, «премиум-сынып» деп сат­қаны «бизнес-сыныпқа» да тарт­пайды. Тығырықтан шығу үшін Құ­рылыс және ТКШ істері комитеті салада барлық жобалаушының басын біріктіретін ортақ палата құ­руды ұсынып отыр. Яғни, жобалау­мен шұғылданғысы келетін фирма соған міндетті түрде мүше болуы тиіс. Адвокаттар мен нотариустар сияқ­ты. Сондай-ақ жобалау­шы­лар­дың тұтынушылары алдында дербес «мүліктік жауапкершілігін» енгізу мәселесі талқылануда. Тиісті норма қабылданса, жобалау қызметін жүзеге асыратын ұйымдар шығын­ды өз мойнымен көтереді. Сондай-ақ комитет BIM технологияларына құрылған, сапалы жобалауға және құрылыс құнының сметасын есеп­теуге арналған бірыңғай ақпараттық бағдарлама құрылады дейді. Сәй­кесінше, бизнестің жыл сайын бағ­дарламалық қамтылымды сатып алумен байланысты шығыны аза­юы тиіс: ұйымның барлық мүшесі жеке кабинет арқылы ақпараттық бағдарламаға қол жеткізбек. Осы және басқа да жаңа­шыл­дықтар «Кейбір заңнамалық актілерге құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында қарастырылған. Әсіресе, қалада тұратын аза­мат­тар көктем мен жаздағы дауылда, күздегі нөсер жаңбырда, қыстағы боранда ғимараттардың ауыр әрі үшкір қыштақталары, басқа бөлік­тері құлап кете ме деп қорқады. Ал жобалаушылар, авторлық қадаға­лаушылар мен құрылыс салушылар оған бас қатырмай, тыныш өмір сү­реді. Бұған тосқауыл қоймаса, осы былықтың бәрі Жаңа Қазақ­станға өтпек. Сондықтан олардың көзбояу тірліктеріне көз жұма қа­рауды тоқ­татып, шынайы реформа жүргізетін, жауапсыз, біліксіз ұйым­дардан са­ланы тазартатын кез жетті.