10 мамыр сағат 18.45-те Шымкент қаласы Абай ауданы 4 шағын ауданы Р.Қабылбеков көшесіндегі құрылысы бітпеген ғимараттың жертөлесіндегі өрт туралы хабарлама «112» құтқару қызметіне түсті.
Құтқарушыларды зардап шеккен екі баланың өзі көмекке шақырған.
Жертөледе 2011 және 2012 жылғы туған екі бала отпен ойнап, нәтижесінде өрт болып, жертөлені іші қара түтінге оранған. Балалар сыртқа шыға алмай қалған. Тез арада оқиға орнына мамандандырылған жасақ қызметкерлері жөнелтіледі.
Түтінге тұншығып, үрейге бой берген балалармен «112» қызметкерлері үнемі хабарда болып, іс-қимыл тәртібін түсіндіріп отырды. Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша балалар үстіндегі киімдерімен тыныс жолдарын жауып, барынша түтіннен қорғану амалдарын жасап отырды.
Өрт орнына тез жеткен мамандандырылған жасақтың қарауыл бастығы Р. Письменский, аға өрт сөндірушілер Б. Сихымбаев, Б. Лескен, ГТҚҚ аға шебері Ө.Қуантай тез арада қою түтінге оранған жертөлеге кіріп, талықсып жатқан балаларды дер кезінде арнайы тыныс алу аппараттарына қосып сыртқа шығарып, апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандарына табыстаған. Осылайша өрт сөндірушілер 2 баланың өмірін құтқарып қалды. Жертөледе 6 ш.м. қоқыс жанған.
https://youtu.be/NAb8-f7OrVU
Өрт сағат 19.12-де оқшауланып, 19.31-де толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге 3 техника, жеке құрамнан 13 адам, апаттар медицинасы орталығы филиалының 1 бригадасы жұмылдырылды.