Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Сыр өңіріне сапары барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге облыс активімен, зиялы қауым өкілдерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен және өңірдің белсенді жастарымен кездесу өткізіп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жалпыхалықтық референдум туралы пікір бөлісті.
Қызылорда облысының активімен жүздесу кезінде өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды.
Өз кезегінде, Мемлекеттік хатшы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы тоқталды.
Сонымен қатар Ерлан Қарин бастаған делегация шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен және облыстың қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Жиында білім, мәдениет және өскелең ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беру мәселелері көтерілді. Қоғам өкілдері елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жалпыхалықтық референдум өткізудің маңызын атап өтті. Қоғам белсенділері, сарапшылар және мемлекеттік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жайында әңгіме қозғалды.
Бұдан соң Ерлан Қарин өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар жұмыспен қамту және жастарға арналған әлеуметтік қолдау бағдарламаларының орындалу жайын талқылады. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметіне тоқталып, жас буынның елдегі қоғамдық-саяси өмірге араласуының маңызын атап өтті.
Жалпы, кездесу аясында аймақтың қоғам белсенділері Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен жалпыхалықтық референдум өткізу идеясын қолдады.