Күлтегін мәтіні 14 тілге аударылды
Күлтегін мәтіні 14 тілге аударылды
270
оқылды
Биыл күллі түркінің даңқты қолбасшысы Күлтегінге арналған бітіктастың орнатылғанына 1290 жыл толды. Осы айтулы мерзімге орай Халықаралық Түркі академиясында «Дүниежүзі түркологтарының мерейтойлары: тарихы және қазіргі заман» атты халықаралық онлайн семинар өтті. Академия ұйымдастырған іс-шара сонымен қатар көрнекті түрколог В.Радловтың туғанына – 185 жыл, көне түркі жазбаларының құпиясын ашушы, әйгілі лингвист Вильгелм Томсен мен Орхон ескерткіштерін тұңғыш тапқан зерттеуші, этнограф Н.Ядринцевтiң туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Онлайн форматта өткен семинарға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркияның көрнекті түрколог-ғалымдары Осман Фикри Серткая, Ахмет Бижан Ержиласун, Университет Висконсин-Мэдисон және Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамилоғлы, белгілі қырғыз түркологы Кадыралы Конкобаев, Өзбекстан Ғылым академиясы Археология ұлттық орталығы директорының орынбасары Гайбулла Бабаяров, Измир Катип Челеби университетінің профессоры Шабан Доган, РҒА Сібір бөлімі Моңғолтану, буддология және тибетология институтының ғылыми қызметкері Владимир Тишин, РҒА Петербор Шығыс қолжазбалар институтының ғылыми қызметкері Дмитрий Рухлядев, Катип Челеби атын­дағы университеті Түрк ислам археологиясы кафедрасының оқыту­шысы Ринчинхоролын Мөнхтулга қатысып, зерттеу жұмыстары бойынша баяндама жасады. Алқалы жиын барысында академия басшысы Дархан Қыдырәлі Күлтегін ескерткіші мәтіндерінің 14 тілдегі ғылыми аудармалары жинағын таныстырды. Түркі академиясы әзірлеп шығарған ғылыми жинақта Күлтегін бітіктасы мәтінін ағылшын, әзербай­жан, қазақ, корей, қырғыз, мажар, монғол, неміс, орыс, татар, түрік, тыва, қытай, және француз тіл­дерінде ғылыми әрі көркем аудармалары беріліп отыр. Сонымен бірге іргелі еңбекке Күлтегін ғұрыптық кешені бойынша соңғы кезде жасалған соны ғылыми мәліметтер, архивтік және тарихи құжаттар, эстампаж үлгілері, бүгіндері сирек кездесетін мәліметтер, фото­суреттер, кешеннің сызба жаңғыртпасы секілді бірқатар мағлұматтар жүйеленіп енгізілді. Айта кету керек, Түркі академиясы биылғы атаулы мерейтойлар күнтіз­бе­сіне Күлтегін ескерткішінің орнатыл­ғанына 1290 жыл толуын, сондай-ақ көрнекті түркологтар В.Радловтың туғанына – 185 жыл, В.Томсен мен Н.Ядринцевтiң туғанына 180 жыл толуын атап өтуді қосқан еді.