«Мақсат – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру» – Рақымбек Қуатбекұлы
«Мақсат – саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру» – Рақымбек Қуатбекұлы
955
оқылды
Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы істер әрдайым жанкеш­тілікпен келері сөзсіз. «Сенімен болашақ» республикалық қо­ғам­дық бірлестігінің негізгі қағи­дасы да ұрпақ тәрбиелеумен тығыз байланысты екен. Ұйым­ның төрағасы Рақымбек Жолаевпен кездесіп, ата-аналар бірігіп құрған бірлестіктің мис­сиясы мен қызметі туралы аз-кем сұхбаттасқан едік. – Ата-ана мен бала, ата-ана мен ұстаз қарым-қатынасы өзгерді. Ата-ана мен бала тәрбиесінде біз қан­дай қателік жіберіп алдық? Құнды­лықтар неге жоғалды? – Біз көп нәрсені жоғалтқан се­кілдіміз. Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдерде экономикалық қиындықтар болғаны жасырын емес. Еліміз нарыққа көше бастаған кез. Жұртшылық сол бір қиын кезеңдерде түрлі қиындықтарды бастан өткерді. «Әлеуметтік жағдайымызды түзейміз» деп кәсіп іздеп кеткендер қаншама?! Көпшілік «қара қазан, са­ры баланың» қамымен кетті. Үлкен қала­ға ағылғандар да көбейді. Еліміз­ді былай қойғанда, шетелдерге жұмыс іздеп кеткендер де көп. «Жұмыс» деп бала-шағасын жылдап көрмегендер де болды. Ауыртпалықтың көбі әйелдердің иығына артылды. Анала­ры­мыз ала дорба арқалап, базар жаға­лап кетті. Баласына тамақ беру керек, оқыту-тоқытуы тағы бар. Оларға да кінә артуға болмайды. Қай ата-ана табысының кем болғанын қалайды дейсіз. Табыс табамын деп жүріп, бала-шағасының тәрбиесін екінші кезекке ысырып қойды. Одан бөлек, табыс таппай, жұмыссыз үйде отырған, баласына да қарамаған ата-аналар бар. Жұмыссыздық қатары арт­қан соң, ажырасулар да көбейетіні бел­гілі. Отбасында зорлық-зомбы­лық белең алды. Өгей әке, өгей шешеден жапа шеккендер көп. Мұның бәрі отбасына кері әсерін тигізетіні анық. Сөйтіп жүргенде ата-ана тәрбиесін көрмеген, қоршаған орта мен интернет тәрбиелеген жаңа буын өсіп шықты. Әлеуметтанушы ғалымдар оларға «X,Y, Z» ұрпақ деп атау беріп отыр. Осылайша, ғасырлар бойы қа­лыптасқан ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар шет қалып қойды. Біз ұлттық болмысымызды жоғалттық. Саналы ұрпақ тәрбиелеуде осындай қателіктерге жол беріп алдық. – Бірлестіктің атқаратын миссиясы – ата-анамен жұмыс істеу. Жал­ғызбасты аналар, жалғызбасты әкелер тәрбиелеп жатқан балалар көп. Ондай отбасылар бұл ұйымға мүше бола алмай ма? – Отбасы деген қатып қалған қа­ғида жоқ. Біз ата-ана деген ұғымға көбірек мән береміз. Ол кім? Ол – бала өсіріп отырған ана, ол – бала өсіріп отырған әке. Тіпті, бала асырап алған ата-аналар да бұл ұйымға мүше болуға құқығы бар. Өзін ата-анамын деп есептейтін, балаға жауаптымын деген адамдардың бәрін біз өз аудиториямыз деп есептейміз. – Ата-ана институтын қалыптастыру үшін не қажет деп ойлайсыз? – Ол үшін екі нәрсе маңызды: біріншісі, ата-аналар институтын дамытуға мемлекеттік қолдау қажет. Идеологиялық жұмыстар жүргізілгені дұрыс. Ұлттық идеологияға жауапты барлық министрліктер бірігіп, мемлекеттік бағдарлама әзірлегені дұрыс. Екіншіден, үкіметтік емес ұйымдардан құрылған платформалар қарқынды жұмыс істегені жөн. Ауыл-аймақты, өңірлерді аралап, насихат жұмысын жүргізуге болады. Түрлі кездесулер, тренингтер, жиындар өткізілсе. Қысқа-қысқа роликтер, жеңіл форматта отбасына қатысты көркем бейнежазбалар әзірленіп жатса, отбасы болып көрер еді. Осы арқылы отбасыларды қорғаймыз, аман сақтап, балаларға жарқын болашақ сыйлаймыз деген ойдамын. – Қазір мектептерде мұғалім мен баланың арасындағы пікір қайшылығы көп. Тіпті, ұрыс-керіс көбейді. Бейнежазбаға түсіріп алып, әлеуметтік же­ліге таратып жатқандарды да көрдік. Оның бір мысалы, Талдықорған қаласындағы мектептегі жағдай. Бейнежазбаға қарасаңыз, оқушы бала апайы­на мінез көрсетіп, ұрып жібере жаздап тұр. Бұл бір ғана мысал. Біз білмейтін осындай оқиғалар қаншама?! Бұл қателікті қайтіп түзейміз? – Бұл оқиғаның қайда болғаны маңызды емес. Мұндай оқиғалардың болуы – елімізде үлкен бір әлеуметтік түйткілдің бар екенін көрсетеді. Мәселен, оқушы баланы алайық. Өтпелі кезеңде тұрған ұл. Бойында ашу-ыза, кек, өкпе тұр. Бұл баланың әке-шешесінің кім екенін зерттеген жоқпыз. Тек осы оқиғаға қатысты психологтермен сөйлесіп көрдік. Ол бала не әкесіз өскен, не әкеден қатты қорлық көрген, не болмаса әкенің мейіріміне бөленбеген. Тіпті, достарының арасында абыройы да болмауы мүмкін. Сол өз бойында жиналған негативті ұстазына шығарып отыр. Әрі әйел затын сыйламайтынын көр­сетіп тұр. Әже мен атаның, әке мен шешенің жылуына бөленіп өскен бала әйел затына дауыс көтеріп, қо­қан-лоққы жасамайды. Қоғамда ата-әже мен ата-анадан бөлек, туыс­қандық қарым-қатынас бар емес пе? Қоғам бұл қатынастан да алшақтап барады. Ал ұстазды алайықшы. Өз-өзін қорғай алмайтын, қорғана алмайтын мұға­лімнің бет-бейнесі бай­қалмай ма? Егер мұғалім өзінің пәнін мықты білсе, онда оқушылар мұндайға жол бермес еді. Сотқар, бұзақы бала болуы мүмкін, бірақ мұ­ғалім үйіріп әкетсе, қалған оқушылар бір бұзықты түзеп алар еді. Үшіншіден, мектеп тарапынан ешқандай бақылаудың жоқ­тығын да байқауға болады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қайда? Олар неге бұған дейін мектепте осындай жағдай болып жатқанын білмеген? Мектепте ата-аналар комитеті де тәрбие жұмысын үйлестіре алмаған секілді. Интернеттен атыс-шабыс, агрессияны көп көрген бала мектепке келіп, соны қайталайды. Әрі қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін моралін де ұмытпаған абзал. –PISA-ның соңғы зерттеуі елі­міздің білім саласында сауатсыздық деңгейі жоғары екенін көрсетіп берді. Неге? –PISA дегеніміз – халықаралық зерттеулер. Бұл төрт жылда бір рет өткізіліп отырады. Әлемнің дамушы және дамыған елдерінің бәрі осы зерттеуге қатысады. Сауаттылық деңгейін анықтайтын өлшеуші фактор деп айтуға болады. Соңғы зерттеуде төмен дәреже көрсеткеніміз рас. Біз бұл жерде біраз қателіктер жіберіп алдық. Бірінші қателік – PISA зерттеуін дұрыс ұйымдастыра алмағанымыз. Оның сұрақтары ағыл­­шын тілінде дайындалады. Оны Білім және ғылым министрлігі қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тіліне аударады. Аудармадан қателік кеткен. Солтүстік аймақтардың көрсеткіші өте жақсы. Ал ең төмен көрсеткіш көрсеткен – Маңғыстау, Атырау, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары. Таза қазақтілді мектептері көп өңірлер. Балалар сұрақты түсінбеген. Аудармаға мықты мамандар қатыспаған. Сол үшін бұдан біз зардап шектік. Бұл – бір. Екіншіден, соңғы зерттеуді оқушылар компьютермен тапсырды. Бұған дейін ауызша өткізіліп келген еді. Төмен көрсеткіш көрсеткен оңтүстік аймақтардағы мектептердің дені компьютермен қамтамасыз етілмеген. Мұны пандемия кезінде де көзіміз көрді. Балалардың цифрлық сауаты өте төмен. Қысқа уақыт ішінде сайтқа кіріп, тіркеліп, сұрақтардың дұрыс жауаптарын жазу мүмкін емес. Оған бейімделу керек. Компьютердің тілін меңгеріп, тіркеле алмаған да балалар болды. Биыл PISA зерттеуі тағы өтеді. Қазір министрлік аударма жұ­мыстарын тиянақты қолға алған секілді. Пандемия кезінде мектептердің көбі компьютермен қамтылды. Осы жолы зерттеуде дұрыс нәтиже көрсетеді деген ойдамыз. – Мектептерде ата-аналар комитеті жоқ емес, бар. Байқасаңыз, ол комитеттің көбі мерекеде мұғалімге сыйлық беруді ғана мақсат тұтатын секілді. Ата-аналар комитетінің атқаратын функциясы қандай болуы тиіс? – Елімізде 8 мыңға жуық мектеп бар. Оның арасында 100-ге жуығы Назарбаев зияткерлік мектептері, БИЛ, «Дарын» мектептері. Арасында жекеменшіктері де бар. Ол мектептерде ата-аналар комитетінің жұмысы жүйелі жолға қойылған. Оған ата-аналардың өздері де мүдделі. Балаларының болашағына алаңдап, жауапкершілікпен қарайды. Бірақ бұл мектептердің саны бір пайызға да жетпейді. Қалған 99 пайыз мектептерде мұндай жүйе жоқ. Директор жауапкершілікті тәрбие жөніндегі орынбасарына беріп қояды. Ол сынып жетекшісіне жүктейді. Ал ата-аналар болса, тек мерекелерде бірігіп, ақша жинайды, сыйлық береді, сонымен миссиясы бітеді. Біз осы тенденцияны бұзып, жаңа бір жүйе қалыптастырсақ деген ойымыз бар. Бір мектептің ата-аналар комитеті қандай болуы керек, ол немен айналысуы тиіс? Біз осындай проблемаларды бағыттап көрсетіп бергіміз келеді. Сонда ғана мектепте ата-ана-мұғалім-бала қарым-қатынасындағы кемшіліктер жойылып, комитеттің де атқаратын функциясы өзгеретін болады. – Бірлестікті құру идеясы қайдан туды? – «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі деп аталады. Бірлестік 2021 жылдың тамыз айында құрылды. Бірлес­тік құру туралы идея авторы – Нұркен Асанов деген азамат. Меценат, белгілі кәсіпкер. Ол кісі қазір қо­ғамдық бірлестіктің құрылтайшысы. 20-25 жылдан бері ауыл шаруашы­лығы саласында қызмет етіп келе жа­тыр. Пандемия кезінде бәріміз үйде отырдық. Үйде болған соң, балалармен әңгіме-дүкен құрасың. Сондай бір сәтте Нұрекең де үлкен қызымен әңгімелесіп отырып, одан: «Қызым, менің ең жақсы қасиетім қандай?» деп сұрайды. Былай қарасаң, балаларының бүкіл материалдық жағдайын жасаған адам. «Көйлегі көк, көңілі тоқ», балаға одан артық не керек? Қызы да әкесінің осы іс-әрекетін жоғары бағалап, «сізге ри­за­мын» деп айтатын шығар деп күтеді. Қызы: «Әке, сіздің менімен бірге уақыт өткізгеніңіз ұнайды. Бірге әңгімелескеніңіз, бірге қыдырғаныңыз, мектепке келіп, ата-аналар жиналысына қатысқаныңыз ұнайды» дейді. Бұл әкесі күтпеген жауап еді. Ма­те­риал­дық жағдай жасау ғана маңыз­ды емес, баланың жанында болу, оның жан дүниесіне үңілу, ішкі сырын ұғыну, ойын бөлісу – ата-ана тәрбиесінен тыс қалып бара жатқан дүниелер екен. Содан бастап қызының мектебіне барып, ата-аналар ко­ми­тетін құрып, балалардың жа­нын­да болып, түрлі іс-шаралар ұйымдастыра бастаған. Сөйтіп, бірлестіктің алғашқы негізі қаланды. «Ата-ана – ұлттың ұясы» деген ойдың аясында бірлестік жұмыс істей бастады. Бүгінде бірлестіктің 12 филиалы бар. Тіркелген ата-аналар саны 30 мың­ға жуықтады. Жаңа үш облыс қосы­лып жатыр.Ол аймақтардан да филиал ашу жоспарымызда бар. Қоғамда саналы ата-ана болу мәдениетін барынша насихаттайтын боламыз. – Жақында «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласында үлкен форум өткізгелі жатыр. Бұл форумның мақсаты қандай болмақ? – Иә, 14 мамыр күні Алматы қаласында үлкен форум ұйымдастырып жатырмыз. «Ата-ана – ұлттың ұясы» деген атпен өтетін форумға Ресейден гуманитарлық педагогиканың негізін қалаған педагог-психолог, академик Шалва Александрович Амонашвили қатысады. Біз академикті арнайы шақырып отырмыз. Ол ұлымен келіп, форум аясында Алматы қаласындағы мұғалімдерге дәріс оқиды. Бұл да өз кезегінде түсінген адамға үлкен оқиға деп білеміз. Өйткені академик Шалва ата Қазақстанға күнде келіп жат­қан жоқ. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бала құ­қы­ғы, білімі, денсаулығы секілді тақырыптарды терең білетін мықты мамандар шақырылған. Ал форумның негізгі мақсаты – саналы ата-ана мәдениетін жан-жақты насихаттау дедік ғой. Саналы ата-ана саналы бала тәрбиелейді. Саналы бала өркениетті қоғам қалыптастырады. Әзірге бірлестіктің күн тәртібінде осындай мәселелер бар. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР