Пандемияның беті қайтты, вакцина шығыны артты
Пандемияның беті қайтты, вакцина шығыны артты
231
оқылды
Билік пен халық екі жыл бойы тауқымет тарттырған пандемия­ны тез ұмытты. Негізі, жыл басында да індет өршіп тұрған еді. Мы­салы, 2022 жылғы 20 қаңтарда, бір тәулікте COVID-19 жұқ­тырған сырқаттардың саны 16 441 адамға жетті. Алайда қа­сірет­ті қаңтар оқиғалары пандемия проблемаларын кейінгі орынға сыр­ғытты. Бүгінде КВИ-дің беті қайтты: соңғы тәулікте бұл дерт­ке 14 адам шалдыққан. Соған қарамастан Денсаулық сақтау ми­нистрлігі биыл вакцинациялауға 27 миллиард теңгеден астам қар­жы сұрайды. Бұл былтырғыдан көп. Мұның қандай қисыны бар? ДДСҰ-дан Есмағамбетова батыл болғаны ма? Биылғы қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемдегі барлық елге карантин шектеулерін жұмсартуға ұсыным берді. Бірақ жаһандық ұйым 2020 жылғы 12 наурызда жариялаған пандемияның бас­талғаны туралы шешімінің күшін сол бойы жойған жоқ. Дамыған елдерде ресми жиын-кеңесте, көшеде бетперде таққан адамдарды кезіктіруге болады. Көрші Қытай карантин шараларын қайта күшейтті. Қазақстанда Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік са­нитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова алдымен 21 қаңтардағы қаулысымен барлық шектеуді жұмсартты, кейін 25 наурыздағы №18 қау­лысымен оларды тегіс жойды. 2022 жылғы 12 мамырдағы мәлімет бойынша елде 1 193 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Оның ішінде 68 па­циент ауруханада жатыр. 1 125 науқас үйінде ем қабылдайды. 11 адамның жағдайы ауыр. Жағдайы өте ауыр науқас жоқ. 1 адам ӨЖЖ аппаратымен тыныстауға мәжбүр. Елдегі ковид-стационарлардың басым көпшілігі жа­был­ған көрінеді. Республика бойынша Ashyq қосымшасының қолданысы тоқ­татылды. Шектеулердің жойылғаны сол-ақ екен, қазақстандықтар егілуді доғара бастады. Келушілердің аяғы саябырсыған соң егу пункттерінің көбі жабылды. 2022 жылғы 12 мамырдағы мәлімет бойынша вакци­наның I компонентін 9 490 372 адам, II компо­нентін 9 256 909 адам салғызған, ре­вак­цина­ция­ланғандар – 4 116 950 адам. Салыстыра кетсек, биылғы 1 қаңтарда бір тәулікте 4 802 адам коронавирусқа қарсы егілді. Қаңтар оқиғалары жағдайды тү­бе­гейлі өзгертті. Денсаулығы түгіл өмірі үшін қауіптенген адамдар тәртіпсіздік жай­лаған күндері ізінше барлық өңірде ТЖ жария­ланғанда, егу пункттеріне баруды қойды. Ары қарай ел еңсесін көтеру үшін билік ка­рантин шектеулерін босаңсытты, артын­ша алып тастады. Сөйтіп, қазір, негізінен шетелге шығатын немесе індеттен қауіп қы­латын санаулы қазақстандық қана вак­цина салғызып жүр. Ресей вакцинасынан неге бас тарттық? Мемлекет бүгінде бөле-жармай, қалаған адамның бәріне америкалық Рfizer екпесін егуге кірісті. Нәтижесінде, 12 мамырдағы жағ­дай бойынша «Комирнати» вакцина­сының 1 компонентін жалпы саны 1 101 145 адам, ІІ компонентін 960 025 адам салғызды. Қазір егілушілердің басым көпшілігі Рfizer таңдайды. Отандық «ҚазВакқа» сұраныс төмен. Ал ресейлік «Спутник V»-ны сатып алуды Қазақстан толық тыйды. «Қарағанды фармацевтикалық кешен» АҚ да оның өндірісін доғаруға мәжбүр. Бұған қоса, Украинаға шапқыншылығы үшін Ресей санкцияға іліккендіктен, көршіде дайын вакцинаны құятын шыны құтылар да тап­шы. Қазақстан ресейлік «Спутник V» вакци­насын Қарағанды фармзауытында құтылау­ды тоқтатқанын биылғы 28 сәуірде бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетова жария етті. «Қазақстанда COVID-19 вакцинала­рының 4 миллионнан астам дозасы түрінде үлкен қор бар. Бұл вакцинациялауға да, ре­вакцинациялауға да жеткілікті. Осыған байланысты екпелерді қосымша өндіру және сатып алу әзірше жоспарланып отыр­ған жоқ. Біз вакциналардың қалай пайда­ланылып жатқанын, тұтынушылардың келу қарқынын бақылап отырмыз. «Спутник V»-ны Ресейден сатып алмаймыз. Қара­ғанды фармкешені былтыр вакцина өндірісі басталғанға дейін шығарып келген басқа дәрілік препараттарын одан ары өндіре береді», – деді ол. Ресей клиникалық зерттеулері әлі күнге аяқталмаған және қорытынды есебі түпкі­лікті жарияланбаған вакцинасының ал­ғашқы партиясын Қазақстанға 2021 жылғы 21 қаңтарда жеткізді. Маусым айына дейін ел Үкіметі Ресейден 10 млн 280 мыңнан ас­там дозасын сатып алды. 2021 жылғы ақ­панда Қарағанды фармкешенінде «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») ресейлік ковид вакцинасының алғашқы 90 мың дозасы өндірілді. Бұл зауыттың тең қожайында­рының бірі белгілі олигарх Қайрат Боранбаев болатын. Биылғы 17 наурызда Қаржылық мониторинг агенттігі бизнес­менге қатысты қылмыстық істі тергеу бас­тал­ғанын жариялады. Қ.Боранбаев тұтқын­далғаннан кейін Қазақстанда халықты жаппай иммундауға Pfizer/BioNTech вак­цинасын пайдалануға мүмкіндік берілді. Оған дейін «Комирнати» тек жасөспірім­дерге, жүкті және бала емізетін аналарға ғана қолжетімді болатын. Дегенмен Үкімет басшысының орынбасары, ВАК жетекшісі Ералы Тоғжанов бұлардың арасында ешқандай байланыс жоқ екенін айтады. вакцина «Қайрат Боранбаевтың ұсталуының Pfizer препаратының кең қолданысқа жіберілуіне еш қатысы жоқ. Ол адамның ком­паниясы ресейлік вакцинаны шығару­мен айналысты. Оның Pfizer-мен ешқандай байланысы жоқ. Елімізде 2 миллион до­задан артық «Комирнати» вакцинасы бар. Оларды қажетке жарату үшін халықтың барлық тобына сонымен егілуге мүмкіндік беруге ұйғарылды. Бұған қоса, 2 миллион дозадай қытай вакцинасы қалды. QazVaс отандық вакцинасының өндіріс қуаттылығы айына 500 мың дозаны құрайды», – деді Е.Тоғжанов. Жалпы алғанда, Денсаулық сақтау ми­нис­трлігі былтыр Қарағанды фармзауы­тынан ресейлік 5 миллион доза вакцинаны сатып алуды қарастыратын келісімге қол қойған болатын. Вакцинаға қажеттілік тек арта береді Қазір коронавирусты күніне 15-ке жуық адам жұқтырады, 250-дей адам ға­на екпе еккізеді. Онда неге ДСМ вакци­на­циялауға биыл қомақты қаражат сұратып отыр? Бұл сауал Мәжілісте биылғы жылдың нақтыланған бюджетінің жобасын қарау кезінде депутаттарды да мазалады. Себебі «2022-2024 жылдарға арналған республика­лық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жоба­сында «вакциналарды сатып алуға қо­сым­ша 6,7 млрд теңге» бөлінетіні көрсетіл­ген. Бұған қоса, Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт ақшадан Pfizer вакциналарының 4 миллион дозасын сатып алуға қосымша 20,6 миллиард теңге қаражат бағытталады. Мұның мәнісі неде? Әлде Қазақстан күзде пандемияның жаңа тол­қынына әзірленіп жатыр ма? Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғи­ният­тың түсіндіруінше, былтыр бюджет тү­зілгенде ДСМ екпе сатып алуға 6,7 мил­лиард теңге сұратыпты. Бірақ Республи­калық бюджеттік комиссия қолдамады. Ол қаржы КВИ вакцинасын емес, қыздарға арналған «адам папилломасы вирусына» (АПВ) қарсы вакцинаны сатып алу үшін қажет болыпты. «Ол қаражат қоғамда қыздарға АПВ ек­песін егуге қарсы әлеуметтік наразылықтың болуына байланысты бөлінбеді. Қазір біз 6,7 миллиард теңгені қайтадан сұратып отыр­мыз. Сома ұқсас, бірақ оның бағыты өз­геше. Бұл соманың 3,4 млрд теңгесі диф­терияға, полиомиелитке, көкжөтел-кок­люш­ке және гемофильдік инфекцияға қар­сы вакцинаға, балаларға арналған пен­тавакцина құнының қымбаттауын өтеуге жұмсалады. Вакцина бағасы өсті. Біз биыл 700 мыңнан астам баланы вакцинациялауға тиіспіз. Қалған 2,4 миллиард теңге ұлттық күнтізбе аясындағы барлық вакцинаны сатып алу үшін валюта бағамының айырма­сын өтеуге кетеді», – дейді Ажар Ғиният. Оның мәліметінше, пентавакцинаның 1 дозасы былтыр 6 мың теңге тұрыпты, биыл 12 мың теңгеге дейін көтерілген. Министр Pfizer вакцинасының жаңа дозалары сатып алынбайтынына сендірді. «Коронавирус вакцинасына келсек, 20,6 миллиард теңге жаңасын сатып алуға бағытталмайды. Былтыр Pfizer вакцинасын алғанда, біз оған «СҚ-Фармацияның» қара­жатын жұмсадық. Өйткені 2021 жылдың бюджеті мамырда нақтыланып бекітілді. Ал Pfizer компаниясымен тек қазанда ғана келісімшарт бекіте алдық. Тиісінше, ол қа­ра­жат былтырғы бюджетте болмады. Уағда­ластық бойынша өткен күзде вакцинаның құнын 100 пайыз төлеуге тиіс болдық. «СҚ-Фармация» ол соманы өтеді. Қазір «СҚ-Фармация» алдындағы қарызымызды өтеуі­міз қажет. Егер мамырда осы қарызы­мызды уақытылы қайтармасақ, онда Бірың­ғай дистрибьютор дәрілік препараттарды жеткізушілермен арадағы міндеттемелерін орындай алмай қалады», – деді Денсаулық сақтау министрлігі. Осылайша, жұртшылық Pfizer екпесі Қазақстанға 20,6 миллиард теңгеге түскенін білді. Егер қазақстандықтар қазіргі қар­қынмен (күніне 250-дей адам) егілуін жал­ғастырса, 2021 жылы алынған америкалық вакцинаның үлкен көлемінің мерзімі бітіп, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың тү­сіндіруінше, бұл қаржыны былтыр Үкі­меттің резервінен ала алмапты: «Резервте ақша таусылды деуге болады, 2021 жыл бойында коронавирусқа қарсы іс-шараларға біз резервтен 100 миллиард теңгеден астам қаржы шығындадық, – деді министр. Малға да вакцина керек Негізі, бүгінде үй жануарларын дерттен қорғау мәселесі де өткір тұр. Жануарлардың жұқпалы ауруларының жиілеп кеткені ерекше алаңдаушылық тудырады: кейбір елді мекенде мал қырылып жатыр. Халық қолын­дағы малын союға мәжбүр. Елде төрт түлік азаюда. Ауылдықтар ветеринарлардың емдеу және вакцинация шараларын уа­қытылы жүргізбейтініне шағымданады. Мал дәрігер­лері бюджеттен тиісті қаржы бөлінбейтініне сілтейді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, Қазақстан аумағында малдың 68-ден аса қауіпті ауруы тіркелген, оның 45-і бойынша елдегі ахуал тұрақты, саламатты, 2022 жыл­дың үш айында ол аурулардың ошақтары тіркелмеген. «Жануар ауруының 23 түрі тіркелген ошақтарда қажетті іс-шаралар дер кезінде атқарылып жатыр. Осы мақсаттарға биылғы бюджетте 21,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 3,5 млрд теңгесі диагностикалық зерт­теулерге көзделген. 70 миллион теңгені зерттеулерге жоспарлап отырмыз. 7,7 млрд 145 млн теңге вакцинация салуға қарас­ты­рылған. Осы 21,2 млрд теңге жеткілікті бол­ғандықтан, біз бюджетті нақтылау кезін­де қосымша қаржы сұратқан жоқпыз. Қаражат жеткілікті, жұмыс атқарылып жатыр», – дейді АШМ басшысы. Халықаралық сарапшылар әлемде жыл өткен сайын жаңа індет-вирус түрлері өршуі мүмкін деп отыр. Ендеше вакцинациялау тақырыбы өзекті болып қала беретінге ұқсайды.