Биыл наурыз айында AMANAT партиясының Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде филиал төрағасы Н.Даумов аудан тұрғындарын мәселесі бойынша қабылдау өткізді. Сол қоғамдық қабылдауға Сайқын ауылының тұрғыны, әлеуметтік осал топқа жататын Қамажай Жармұханбетова келген болатын. Жолдасы жұмыссыз, өздігінен жүріп тұра алмайды. Жеке баспанасы жоқ, бірнеше жылдан бері ауылда үй жалдап тұрып жатқан.
Осыған байланысты филиал төрағасы аудандық филиалдың атқарушы хатшысы И.Құрмашевқа аталмыш мәселеде көмектесуді тапсырды.
Берілген тапсырмаға сай, филиалдың атқарушы хатшысы И.Құрмашев, өтініш білдіруші тұрып жатқан үйдің қожайынымен сөйлесіп, сатылатын үйдің бағасын анықтап, демеушілер іздеді.
Нәтижесінде, Сайқын ауылындағы М.Мәметова атындағы мектепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер құжаттарын рәсімдеп, тұрғын үйді сатып алып берсе, сол мектепті бітіргеніне 15 жыл болған түлектер аталмыш үйге газ бен су жүргізіп берді.
Баспаналы болған Қ.Жармұханбетова аудандық филиал төрағасы мен филиал қызметкерлеріне алғыс айтты.