Жақында ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік тілде қызмет алушылардың құқығы қалай сақталып жатқанын зерттеу үшін сауалнама жүргізілген. Сұрақ-жауапқа Facebook, Instagram және WhatsАpp әлеуметтік желісінің 1,5 мыңнан аса қолданушысы қатысыпты. Жауаптың қорытындысы бойынша қазақтілділер мемлекеттік тілдің коммуникациялық әлеуетін күшейтуге бағытталған ілкімді істерді іс жүзінде көре алмай жүргендерін көрсетіпті.Сауалнама барысында «Мемлекеттік мекемелерден мемлекеттік тілде қызмет немесе ақпарат ала аласыз ба?» деген сауалға 1 524 адамның 544-і «жоқ» деп жауап берген. 520 адам өзі талап еткенде ғана, яғни күресіп жүріп мемлекеттік тілде қызмет не ақпарат алып жүргенін айтса, 119-ы қанша талап етсе де, өз тілінде қызмет көрсетілмейтініне қынжылыс білдірген. «Мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде Қазақстанда құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?» деген екінші сұраққа сауалнамаға қатысқандардың бар болғаны 19,75 пайызы ғана, яғни 290 адам Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде құқы сақталып жүргенін айтыпты. Қалған 80 пайыздан астамы тілдік құқы тапталып келе жатқанын жеткізген. Атап айтсақ, «Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлейтін азамат ретінде тілдік құқыңыз қаншалықты сақталып жүр?» деген сұраққа 146 адам «ешқашан», 729-ы «құқым сақталмайды, көбіне күресіп жүріп сақтаймын», ал 309 қатысушы «қанша күрессем де, тілдік құқым тапталады» деп жауап беріпті. Соңғы «Конституциямен бекітілген Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік кепілдерінің бірі деп есептейсіз бе?» деген сұрақ берілген. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Қазақстандағы мемлекеттік тілде сөйлейтін азаматтардың 90 пайыздан астамы «қазақ тілі мен елдің егемендігі бір-бірімен тығыз байланысты» деп санайды екен.
Аударма тілінен аса алмай тұр
Сауалнамаға қатысқандардың жауабы «қазақ тілінің қолдану аясы кеңейіп келе жатыр» деп есеп беретіндердің баяндамасына қарағанда шындыққа жанасатын сияқты. Тіл жанашыры, заңгер Жасұлан Исаның сөзінше, қазақ тілі аударма тілінен аса алмай отыр. «Себебі Үкіметтің қолданыстағы бірінші тілі – орыс тілі. Мәселе осы жерде ғой. Сондықтан қазақ тілі мемлекеттің тілі болу үшін Министрлер кабинетінің мүшелері мемлекеттің тілін меңгеріп алуы қажет», – деп санайды заңгер.
Бізде барлық мемлекеттік органда азаматтардың өтінішін қабылдайтын бірыңғай E-Otinish ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Дегенмен пошталық сервистерді пайдаланбай-ақ азаматтардың арыз-шағымдарын мемлекеттік органдарға жеткізу уақытын қысқартып, бюрократия мен жергілікті жерлердегі сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік берген портал жұмысы қазақтілділердің құқығын сақтамай отыр. Жүйе іске қосылғалы азаматтармен өзара тиімді іс-қимыл жасау үшін жұмысы жаңа форматқа көшіріліп жатыр. Жауаптылар да азаматтар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектерге назар аударып, қажет болса, қызмет алушы тарапынан айтылған тиімсіздік туралы ұсыныстарымен бөлісетін бөлек сервис те қарастырылған. Алайда ақпараттық жүйе арқылы мемлекеттік тілде қызмет ала алмай жүргендердің талап-арызы әлі күнге дейін ескерілмей келеді.
«Тіл туралы заң» талапқа сай келмей ме?
Портал қызметін жиі пайдаланып жүрген заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов: «Ақпараттық жүйенің сол жақ бағанында «электронды өтініштер» деген жазу шығады. Талай рет жүйе арқылы мемлекеттік органдарға, Президентке дейін ұсыныс-тілектерімді айтып жүрмін. Бірақ өтініш беру кезінде жүйенің тілін қазақшаға аудара алмай қиналдым. Неге дейсіз ғой. Мысалы, жүйедегі қазақ тілі «электронды өтініштер» деген жазудан соң орыс тілінде жалғасады», – дейді. Айтуынша, электронды e-mobile бағдарламасын қолданушылардың күн сайын құқығы тапталып жатыр. Мысалы, сервистер тарауының «Денсаулық паспорты» бөліміндегі ақпараттар орыс тілінде көрсетіледі. Сонда Мемлекет басшысы қол қойған «Тіл туралы заңның» талаптары кім үшін бекітілген? «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымын іске асыратын мемлекеттік орган Денсаулық сақтау министрлігіне де бұл мәселені өтініш етіп жаздым», – дейді ол. Бірақ министрлік жүйедегі мемлекеттік тілдің қолдану аясына қатысы жоғын айтқан. Сөйтіп, ақпараттық жүйе мен смартфонға арналған қосымшадағы қазақ тіліндегі кемшіліктер қашан реттелетінін сұрап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министріне де хат жолдапты. Жауаптылар әдеттегідей «Мобильдік қосымшадағы кейбір сервистердегі жолдардың мемлекеттік тілге аударылмауына қатысты ескертулеріңізге байланысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірге жұмыстар жүргізіледі» деген дүдәмал жауап береді. Одан бері де біраз уақыт өтті. Бірақ сервис тілі сол қалпы.
Оң шешімі бар
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, Qazaqsha Jaz қозғалысының мүшесі Қуатбек Дүйсенов жыл басынан бері e-tutynushy.kz және eotinish.kz тұтынушыларының құқықтарын қорғау бойынша шағымданып жүргендерін жеткізді. Оның айтуынша, ақпараттық жүйедегі өтініштерге байланысты хабарландырулар орысша, кейде қазақша келеді екен. Ал ақпараттық жүйеге орыс тілі мәзірінен өту арқылы тіркеледі. «Әрбір өтінішті жазған кезде жауаптары әртүрлі келеді. Сонымен қатар платформада әрбір өтініш бойынша мемлекеттік органдардан келетін шешімдер мен жауаптар өтініш беру тілінде келмейді. Интерфейс мәзірі міндетті түрде орыс тілінде келеді. Ішіндегі жауап хаты қазақша беріледі. Кейде мекемеге байланысты орысша да жазылады. E-Otinish арқылы хаттарға қазақша жауап келген кезде жауаптардың сапасы сын көтермейді. Мысалы, шағымыма байланысты келген жауаптарында заңнамалардан сілтемелер беріліп, құқықтардың тізімі жасалады. Шешілу жолдары бойынша нақты жауап жоқ. Бұл жүйедегі қазақ тіліндегі жауап тек көшіріп қоюмен шектелетінін көрсетеді», – дейді тіл маманы.
Қуатбек Дүйсенов жүйедегі олқылықтың орнын толтыруға болатынын айтады. Ол үшін IT мамандарды қазақша сервистерді жасақтауға міндеттеу керек. Екінші, IT мамандарының жұмыс стандарттарын жетілдіріп, мемлекеттік қызметкерлерді және А, Б корпусына үміткерлерді Қазтест жүйесі арқылы мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша сынақтан тұрақты түрде өтуін міндеттеу қажет. Сондай-ақ қазақтілді тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша заңнаманы жетілдіру де кезек күттірмеген абзал.
Жауаптылар жалтарып жүр
Әйткенмен, тіл маманы айтып отырған істі жүзеге асыруға жауаптылар асықпайтын секілді. Өйткені біз де осы материалды жазу барысында E-Otinish ақпараттық жүйесіне жауапты «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на ресми хат жолдаған едік. Хатымызда қазақ тіліндегі аудармасы ақсап тұрған ақпараттық жүйенің кемшілігі қашан түзелетінін және мобильді қосымшасындағы мемлекеттік тілдегі сервистерге қанша қаражат жұмсалғанын білгіміз келетінін көрсеттік. Бірақ «БАҚ туралы» заңның талабын өрескел бұза отырып, бір ай дегенде, оның өзінде екі қайтара сұратып алған жауаптың сиқы мынау: «eGov mobile» мобильді қосымшасы PlayMarket және AppStore-да 2019 жылдың қазан айында жарияланды. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 28-бабының 3-тармағына сәйкес ақпаратты қолжетімділік санаттарына жатқызу тәртібін, коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты сақтау және пайдалану шарттарын кәсіпкерлік субъектісі айқындайды. Осыған байланысты қосымшадағы сервистік қызмет көрсету тілін мемлекеттік тілге аударуға қанша қаражат жұмсалатыны туралы ақпарат коммерциялық құпия болып саналады. Қосымшадағы қызмет көрсету түрлері толығымен мемлекеттік тілге аударылу мәселесіне қатысты eGov Mobile жобасының командасы пайдаланушылардың ескертулеріне, оның ішінде әлеуметтік желілердегі аудармадағы қателерді анықтауға қатысты ескертулерге белсенді әрекет ететінін және қажетті жұмыстарды жүргізетінін хабарлаймыз».
Айтпақшы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов «Бұрын бізде азаматтардың өтініштерін қарау үшін бірыңғай жүйе болған жоқ, сондықтан біз деректерді талдай алмадық және өтініштерді қарау процесін бақылай алмадық. Бұл ақпаратсыз өтініш берушілердің портретін жасау және мемлекеттік орган жұмысының сапасын бағалау қиын болды. EOtinish электронды өтініштер жүйесін енгізу осы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді» деп еді. Азаматтардың өтінішін қараудың ашықтығын арттырамыз дегендердің өзі сауалымызға жүрдім-бардым жауап бергеніне қарап-ақ мемлекеттік тілде қызмет алудың алыс екенін аңғарасың.