Қазығұртта тұрғынның алтыны мен ақшасын көз алдында алдап алып кеткен өзбекстандық екі әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, белгісіз екі әйел жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне келіп, «үйіңде дуа бар, соны тазалап береміз» деген желеумен оның басын айналдырып, мойнындағы алтын алқасы мен саусағындағы алтын сақинасын, 100 мың теңгеден астам ақшасын алып кеткен.
Олар кеткен бойда есін жинаған әйел, бірден полицияға хабарласқан. Полицейлер жәбірленушінің айтқан белгілері бойынша жедел іздестіру шараларын қолға алып, күдіктілер мініп кеткен көлікті қуып, тоқтатқан. «Лада Приора» көлігінің ішінде бес әйел болған. Олардың барлығы полицейді көрген бойда далаға қарай қаша жөнелген. Бірақ тәртіп сақшылары барлығын түгел ұстады.
«Жергілікті тұрғынды алдаған екі әйелден алтындар мен ақша айғақты зат ретінде алынды. Ұсталған бес әйелден де жауап алынды. Оларды тексеру кезінде Өзбекстан Республикасының тұрғындары екендігі анықталды. Аталған жайт Қазығұрт АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер олардың Түркістан облысындағы басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр»,- делінген хабарламада.