– Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміз үшін, халық үшін өте маңызды. Сайлау жүйесіне қатысты түзетулерді алатын болсақ, депутаттарды халық өзі сайлап, өздері мандатынан айыра алатын мүмкіндік қарастырып жатыр. Мәселен, сайлауға түсетін депутаттар партия тізімінде емес, бір мандаттық округтер бойынша бағдарламасымен таныстырып, алдағы жоспарымен бөлісе алады. Сайлау жүйесінің аралас жүйеге ауысуы демократияланудың даңғыл жолына түсудің алғашқы қадамы. Халық әділ жолмен сайлап алған депутаттарына сенім арту арқылы билікке талап-тілегін жеткізуге жол ашылады. Айталық, оның ішінде пропорционалды-мажоритарлық жүйе республикалық және өңірлік деңгейлерде де сайлаушылардың мүдделерін көрсетуге мүмкіндік беретіні көптің көкейіндегісіне дөп түсіп отыр. Себебі депутаттардың 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты аумақтық сайлау округтері арқылы сайланбақ. Облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары 50/50 аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Ал қазіргі мәслихат депутаттары саяси партиялардың арқасында тізімге енеді. Бұл дұрыс емес. Өйткені кез келген дамыған елдердің барлығында халық атынан сөйлейтін адамды халық өздері сайлайды. Сайлаудың жаңа жүйесі осы себепті тиімді. Аудан мен қала депутаттары өз бағдарламаларымен шығады. Сөзінің салмақтылығымен, іске мықтылығымен танылған адамдар арасында бәсекелестік пайда болады. Нағыз бәсекелестік болған жерде шын мықтыларды таңдау қиындық тудырмайды.
Сонымен бірге Президенттен бастап саяси шенеуніктер, мемлекеттік қызметтегі лауазым иелері ешқандай партияда болмайды. Бұл да сайлаудың әділ өтуіне жол ашады. Бір мандатты округ арқылы өткен депутаттар жұмысын дұрыс істемейтін болса, оны кері қайтару мүмкіндігін халықтың өзіне қалдырып отыр. Бұдан бөлек, байқаушылардың статусы да заңмен реттелмек. Тағы бір жаңалық, ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері мен депутаттары қызметінен шеттетілсе не болмаса жағдайына байланысты жұмыстан шыққан жағдайда аймақтық сайлау комиссиялары тұрақты түрде жұмыс жасайды.
Бір сөзбен айтқанда, Конституцияға енгізіліп отырған өзгерістер әрбір азаматтың құқығын қорғауға жағдай жасайды. Референдум өткізу туралы ұсыныс Президенттің жауапкершілігі жоғары қадамға барып отырғанын көрсетеді. Сондықтан дәл қазіргі сәтте кемел келешекті құру үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қолдай алсақ құба-құп.