Баласы бардың басында батпан қайғы. Соңғы кездері балалардың зорлық-зомбылық көріп, педофилдердің құрбаны болғаны жайлы хабар қаптап кетті. Жамбыл облысында 3-сынып оқушылары зорланғаны жайлы дерек тарады. Ізін ала Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде жоғары сынып оқушылары бала зорлағаны айтылды. Қоғам ішінде бүлдіршіндерін ойлап, алаңдаған ата-ана жетерлік. Ал бұл мәселе елде неге көбейді?– Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, педофилия тым көбейіп кеткен тәрізді. Әр ай сайын осындай оқиғаларға байланысты ақпараттар шығып жатыр. Салдарын көріп отырмыз, ал бұл мәселенің себебін қалай түсіндіреміз?
– Өкінішке қарай, балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті болып тұр. Тек 2021 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2088 қылмыс, яғни күніне орта есеппен 6 балаға байланысты оқиға тіркелген. Ал жыныстық қол сұғуға қатысты 913 қылмыс жасалған. Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, балаларға қатысты қылмыстардың 70 пайызы жақын ортада, отбасының өз ішінде болады. Кәмелетке толмағандардың өзі 2021 жылы 24 зорлық жасаған. Жалпы алғанда, ең әуелі зорлық-зомбылықты болдырмауда психологтер маңызды рөл атқарады. Мамандар балалар арасындағы агрессияны, зорлық-зомбылық фактілерін уақытылы анықтап отыруы керек.
Отбасы және балалар құқықтарын қорғау кеңесі 2020 жылдан бастап мектеп психологтеріне арналған бірыңғай жүйелі әдіс-тәсілдердің жоқ екенін айтып келеді. Білікті кадрлар жетпейді, кейбір психологтер сауалнама жүргізсе де, оны талдамайды, сәйкесінше балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларын анықтамайды. Жақында қабылданған Бала құқығын қорғау бойынша заң жобасында мектептегі психологтарға бірыңғай тәсіл енгізуді, сондай-ақ психологтардың жұмыс сапасын жақсартуға тиіс әдіснамалық сүйемелдеуді енгізетін түзетулер көзделген. Заң жобасында мектептердегі жәбірлеу, буллингтің алдын алу да қарастырылған. Бұл бағдарламаларды Білім және ғылым министрлігі әзірлейтін болады.
Балалардың құқығын бұзуға, қайғылы оқиғаларға әкелетін тағы бір себеп – әлеуметтік проблемалардың шешілмеуі. Мұны болдырмаудың бір жолы – профилактика, оның ішінде отбасылармен, балалармен уақтылы жұмыс істеп, көмек көрсеткен абзал.
Біз әкімдіктер мен мемлекеттік органдар жұмысына жан-жақты талдау жасадық. 286 елді мекенді араладық. Содан шыққан қорытынды, басты мәселе – отбасы мен балаға атаулы көмек көрсетуді реттейтін бірыңғай құрылымның жоқтығы. Қазақстанда 1 миллион 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында тұрады. Қолайсыз жағдай бойынша есепте тұрған отбасыларда 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Қолданыстағы жүйе қиын өмірлік жағдайдағы, қолайсыздық пен аз қамтылған балалардың құқықтарын қорғаудың нақты қажеттіліктеріне жауап бермейді. Осылай біз іс жүзінде қалыптасқан тәжірибе бойынша салдарымен ғана күресеміз. Отбасылар мен балалардың әл-ауқатының деңгейін арттыру жөніндегі көптеген бағдарламалар мен қөмектер нағыз мұқтаж жандарға толық жетпей жатқанын көріп жүрміз. Жалпы, жергілікті әкімдіктер отбасы мен бала проблемаларын жүйелі шешуден алшақтаған. Іс жүзінде барлық өңірлердің алдағы бес жылға арналған аумақтарын дамыту жоспарлары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту жөніндегі түйінді нысаналы индикаторларды мақсат етпейді. Сондықтан осындай құқық бұзушылықтардың алдын алып, отбасы институтын күшейту үшін әкімдіктерде отбасы басқармаларын немесе Отбасы және балалар құқығын қорғау жөнін дегі бөлек министрлік ашу керек.
Тағы бір себеп – зорлық-зомбылық мысалдары көрсетілетін бейнежазбалар. Мұндай контентке ел аумағында тыйым салынған, бірақ уәкілетті органдар оны анықтап, жойғанша біраз уақыт кетеді. Сондықтан ата-аналар балалардың интернетте не көретінін бақылап отыруы тиіс.
– Балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарына көзделген жазаның жеңіл екенін айтып, сынаушылар көп. Расымен жазаны одан әрі ауырлатуымыз керек пе?
– Педофилдердің жазасы 2020 жылдан бастап қатаңдатылды. Атап айтқанда, зорлық-зомбылық орташа ауырлықтан ауыр қылмысқа өтті. Татуласу рәсімі мүлдем жойылды. Балаларға қарсы жасалған мұндай қылмыстар аса ауыр қылмыстарға жатқызылды. 14 жасқа толмаған балаларға жасалған зорлық-зомбылық үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сонымен қатар қылмыстық жаза балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырған мамандандырылған балалар мекемелерінің қызметкерлері мен басшылығына да қолданылады. Ата-аналар мен қамқоршыларға қатысты да осындай жауапкершілік көзделген.
«AMANAT» партиясының жанында отбасы мен балалардың құқығын қорғау үшін арнайы ашылған «111 Жедел қызметі» байланыс орталығының жұмыс істейтінін ескерген жөн. Кез келген адам қоңырау шалып, сұрағына жауап ала алады.