Үлкен жүректі азамат
Үлкен жүректі азамат
496
оқылды
Өткен күндерден белгі қалатыны рас. Бәрі, барлығы кеше ғана болғандай, ал өзің де сол ұмытылмас сәттердің белортасында жүргендейсің. Уақыт ырғағы солай болды ма әлде шығармашылық үйлесімділіктің әсері ме әйтеуір, тоқсаныншы жылдардың аяғы, үшінші мыңжылдықтың басында «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымында өңшең, «сен тұр, мен атайын» қабырғалы қаламгерлер қызмет істеді. Қызық, қызық болатын себебі басқаны қайдам, шығармашылық еркіндікті өз басым осы жерде анық сезіндім. Бас редакторымыз – белгілі жазушы Ахат Жақсыбаев. Жазушылық қырынан елге кеңінен танылған және таланттыларды жазбай тани білетін Ахаңның жүріс-тұрысынан, істеген ісінен, тіпті киім киісінен де жинақылық пен шалт қимылдың исі аңқып тұратын. Газеттің кезекті саны жарыққа шыққалы жатқан тұста күн кештете, жұмыс аяғында жаяулап барып, «Дәуір» баспа­сынан бір шаң беріп қалу Ахаң үшін түк емес-ті. Осы кісінің бойындағы қарапайымдылықтан көп нәрсе үйренгенімді ылғи айтқым келеді. Редакцияның күн батыс бетін­дегі шеткі бөлмесінде Иранбек Оразбаев, Исрайыл Сапарбаев, Әмірхан Меңдеке, төртеуміз тізе қосып, бірнеше жыл бірге қызмет істедік. Көрші бөлмеден Мейірхан Ақдәулетов пен Әлия Бөпежанова­ның жарқын-жарқын күлкілері естіліп жататын. Жүсіпбек Қорғасбеков – бас редактордың орынбасары, Еркін Жаппас – жауапты хатшы. Айтайын дегенім, сол кезде шағын ұжымдағы еркін­дік, шығармашылық аура аспан тірейтін. Газетке керекті мақала үйде жазылатын еді де, сол шағын бөлмеде әдебиетке қатысты арғы-бергі естеліктер; әлдекімнің жаңа шығармасы жөніндегі «ыстығы көтерілген» пікірталас, әзіл-қал­жың, ертеңгі күні жарыққа шыға­тын поэзия бетіндегі жас ақын­дардың өлеңдер топтамасы; тосын ойы, биліктің назарына ілігетіндей ащы шындықты ашық айтқан публицистика, әлем әдебиетіндегі мойны озық туындының өмірге келуі... қойшы құрысын, сол қуықтай бөлмеде не айтылмады дейсің! Сол бөлме маған әркез ыстық. Жолым түсіп, одаққа бара қалғанда өзім отырған үстөлге құйрық қойып, қазір қызмет істеп жатқан жас әріптестеріме: «міне, мына жерде Ирағаң, Иранбек ақын түнде қағазға түскен өлеңін бұрқыратып оқып тұратын еді» деп еске түскен шрихтарды айтып кетемін. Рақаттанып, кәдімгідей жеңілденіп қаласың. Гер-ағамыздай (Г.Бельгер) қағазға деген ұқыптылық бәріміз­дің бойымыздан қайдан табыла берсін. Әдеби салонымызға айналған сол бөлмедегі айтылған ойларды өзім үшін де, өзгелер үшін де түртіп жүрмегеніме әлі күнге дейін бармақ тістеп өкінемін. О кезде бүгінгідей компьютер атымен жоқ-ты. Жазған-сызғаны­мыз машинкаға басылатын еді де, газет шыққаннан кейін бір азаптан құтылғандай сезініп, қолжазбаның корректордың суырмасында ұмыт қалатындығымен де санасып жатпайтынбыз. Жазған басымыз, соларды да жинастырмаппыз-ау! Ал бізден басқа пысықтау біреу болғанда сол салондағы әдеби ахуалды диктофон таспасына жазып та қояр ма еді. Эх!.. Сөздің келер жағында айттым ғой, өз басым шығармашылық еркіндік дегенді Ахат ағамыздың тұсында «Қазақ әдебиеті» редакция­сынан кезіктірдім. Мен Ахаңның газеттің бас редакторы­мын ғой, ұжым басшысымын ғой деп шіренгенін, өзін өзгелерден жоғары қойғанын бір сәт, жалқы сәт көрсем не дейсіз; бәрімізбен тең дәрежеде пікірлесетін, күлтелектемейтін, ойын барынша ашық айтатын, егер жазған-сызғаның ұнамаса қолжазбаны дереу өзіңе қайтып беретін. Ал сен ұсынған материал Ахаңның көңілінен шыға қалса, ұжымда кездесетін анау-мынау көңілсіздік­тердің бәрін ұмытып, құдды сол дүниені өзі жазғандай сенің жаныңа кеп, сол тақырыпты тағы бір қаузап, ол қағаз бетіне түсіп, қашан оқырман қолына тигенше езуінен күлкі жиырылмайтын. Естуімше, Ахаң табан тайдыр­мастан Жазушылар одағында отыз жылдан астам қызмет істепті. бір таңғаларлығы, осы уақыт ішінде біреумен ұрысып-керісіп, мазасыз күйді бастан кешпеген, біреудің өтінішіне жүрдім-бардым қарамаған. Әділдігі мен турашыл­дығын қызметтес болған жігіттер әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүреді. Ол кісінің «Жұлдыз» жур­налындағы жауапты хатшылығын, жұмысқа жан-тәнімен берілетін әбжілдігін, жанында бірге жүрген қызметтестерін былай қойғанда, редакцияға сан түрлі шаруамен келетін қаймана қазақтың да көңілін табу үшін, өзінің күнделікті қат-қабат шаруасын жинап қойып, ол толыққанды жауап алғанша сонымен бірге болатынын Қуандық Түменбай досым жыр қылып айтатын-ды. Қазір қайдам, о кезде қолынан азды-көпті жазу келетін пендеңіз қағазға түскен дүниесін осындағы газет-журнал редакцияларына әкелетіндері бір бөлек, одан басқа ішіндегі буыр­қанған «желді» қайтып шығарарын білмей, менің аласұрған жан әлемім­ді бір түсінсе осылар түсінер деп, одаққа салып ұрып жетіп келетіндердің саны да тым қомақты болатын. Және төмендегі қайран «Қаламгер»-дің есігі қашанда ашық тұратын. Шөліркеп келгендер «суындарын» ішіп, жағдайларын біршама түзеп алған соң, жоғары қабатқа көтерілер еді. Жазушылар одағындағы жұмыс кестесі белгілі, түні бойы шығарма­шылық шаруасымен айналысатын ағайынға мұнан артық қамқорлық қайдан бола қойсын. Қызметкерлер ырғалып-жырғалып түс ауған шақта бір шаң берер еді. «Жұлдыз» журналының емен есіктері әдеттегідей жабық, тек ортаңғы бөлмеде ғана тірлік бар секілді. Иә, тірлік бары бірден сезіледі, себебі «Жұлдыз» жур­налы­ның жауапты хатшысы Ахат Жақсыбаев тумысынан қатаң тәртіптің адамы. Жұмыс уақы­тын­да сымдай тартылып, шалбарының қыры сынбаған күйі, өзге қылтың-сылтыңды басы бүтін ұмытып, қызмет орнынан табылғанды жөн көреді. Сондықтан амал нешік, редакцияға жолы түсіп келгендерді алғаш қабылдайтын да Ахаң, олардың бұйымтайларына толық­қанды жауап беретін де Ахаң. Себебі – жауапты хатшы. Ахаңа «қалқам, бүгін шаруа шашетек, қолжазба оқудан мойын босамай жатыр, журналдың кезекті санын баспаханаға тапсыру керек, ертең немесе арғы күні келсеңіз қайтеді» дейтін сүйретпе жауап, «ұзын арқан, кең тұсау» мүлдем жат мінез. Мейлінше жауап та сарт-сұрт; болады, не болмайды. Әрқашан жұмыс орнынан табылатын осы табандылық кейін әріптестерін де осыған үйреткен тәрізді. Басшылар мен қосшылар: «Ахаң бар ғой» дегенмен біртіндеп ішкі тәртіпке үйрене бастаған секілді. Ал одақ басшыларының Жақсыбаевтың іскерлігі мен ыждағаттылығына айтар алғыс­тары шексіз. Журнал бірде-бір мәрте баспахананың графигінен кешіккен емес. Сол кезде «Жұлдыз» журналы­ның таралымы 240 мың дана болған екен. Ертегі секілді кәдімгі. Міне, осы тираж мәселесіне келгенде де Ахаңның көл-көсір жанқиярлық еңбегі барлығын ішім сезеді. Бірде Ахаң тираж шаруа­сы­мен Қарақалпақстанға іссапармен барған екен. Көп оқырмандары­мыздың сол өңірде тұратыны белгілі ғой. Сол мақсатпен «Қазақ әдебиетінен» Рақымжан Отарбаев та сол жақта жүріпті. Екеуі шүйір­келесе қалып, бірден сол кездегі өлке басшысы, өзіміздің қадір­мен­ді ақын ағамыз Кәкімбек Салықов­тың қабылдауына жазылыпты. Бірінші хатшы жерлестерін бірден қабылдаған, қабылдап қана қоймай, келген шаруаларының мінсіз орындалуы үшін тиісті мекемелерге мұқияттап тапсырған. Мұндай да шығармашылық адамының қуанышында шек бола ма?! Мен мұны кейіннен Рақым­жанның естелігінен оқыдым. Оқыдым да, Ахаңның журнал үшін жанын беретін жауапкершілігіне қайран қалдым. Иә, қазір күллі дүние өзгерісте. Әдебиетке деген көзқарас та өзгерді. Баяғыдай кіреқарыс кір­піш кітаптардың күні өтті дейтін пікірлер де аракідік айтылып қалып жүр. Әрине, бұған бірден құлай кету қиын шығар. Ал жаңа тұрпатты әдебиет жасау біздің мойнымызға жүктелген міндет деп те қояды кейбір жас перілер. Пікір алуандығына кім қарсылық жасай қойсын, десе де осының бәрі туған әдебиеттің пайдасына шешіліп жатса, шіркін-ай дейсің ғой баяғы. Рас, кейіпкер психологиясындағы арпалысты сезімдерді көп сөз шығындамай кәдімгі майдан қыл суырғандай, шеберлікпен қағаз бетіне түсіре білсеңіз, рақметтен басқа айтар тілек бола ма?! Оның үстіне оқырманның да талғам-тілектері күрт өзгерді ғой. Қалың кітаптарды оқып отыруға уақыт жетпейтіндігін ылғи алға тартады. Интернет, электронды кітап дегендеріңіз, іздесеңіз үнемі жаныңыздан табыла кетеді. Оған бола күш шығындаудың қажеті шамалы. Шетел әдебиеттері кітап сөрелерінде сыймай тұр. Жарнама­ларына елең етпеуіңіз және мүмкін емес. Міне, осындай сан түрлі құбылыстардың арасынан сына тауып, жазған шығармаңызды оқырман талқысына салуыңыз мүмкін бе? Салыңыз, сала беріңіз, оның қайтарымы болса, кәнеки! Осындайда отыз жылын одақтың ащы ішектей созылған қат-қабат шаруасына арнаған және шаршадым, шау тарттым дегенді өмірі ауызға алмайтын Ахаң еске түспегенде қайтеді?! Бұл неткен табандылық дейсің және де. Былайғы әңгіме, повестерін, публицистикалық мақалаларын айтпағанда, «Егес», «Бөгет», «Қорған» секілді әрбірі бір кісін ұрып жығатындай романдарды дүниеге әкелген Жақсыбаев неткен еңбекқор жазушы еді дейсің ішіңнен. Иә, қабілет-қарымы бар әркім-ақ кітапты жазуын жазар ғой, бәрінен бұрын оның оқырман жүрегін жалқы сәт болса да, бір дір еткізетіндей құндылығын айтсаңызшы! Бір ақиқат айқын – қазақ әдеби өмірінде өндіріс тақырыбына қалам тартқан, қалам тартып қана қоймай жұмысшы әулетінің психологиялық ахуалын тамыр­шыдай тап басып, оқырман ойынан шыға білген тұлғалы қаламгерлеріміз – С.Ерубаевтан кейін, Ғ.Мұстафин, Ш.Мұртазадан кейін Ахат Жақсыбаевтың тұрғаны ешкімге дау тудырмайды. Жақсы­баев шығармаларының әлі талай ұрпақ тұшынып оқитыны – жазушының өндіріс тақырыбын бүге-шігесіне дейін жатық білетін­дігі; өзінің де өндіріс орнымен біте қайнасқаны, сол ортаның жан-дүниесін өзгелерден анағұрлым толық түсінетіндігі. Екібастұз қаласында алғашқы еңбек жолын шахтерліктен бастаған жазушы кейін бұл «ерлігіне» өкінбейтін де болған шығар. «Егес» романындағы басты кейіпкер Батырбекті қалай дегенде де Ахаңның өзіне ұқса­та­мын да тұрамын. Үнемі көз алдыма Батырбек Ахаң болып елестейді де тұрады. Клара жеңгемізді жақсы көре­тін адал махаббаты әркімге де үлгі боларлықтай ерекше жаратылыс. Жай көшеде қыдырып бара жатса да, жеңгеміздің қолынан ұстап жүретін. Біз мұнысына сырттай қызығатынбыз. Жеңгеміздің де ағамызға деген кіршіксіз көңілі ешкімге ұқсамайтын. Екі жақсы­ның қосылып, өмір сүретіндігіне анық көзіміз жетті. Жеңгеміздің Ахаңмен қалай танысқанын, қыз-жігіт боп бірге қыдырғанын, қиындық көрсе қиналмай, керісінше қайраттана түсетіндігін, күллі қазақ зиялылары секілді Алматыда пәтерден-пәтерге көшіп жүргендерін, бала-шағаларына қалай тәрбие бергендерін Ж.Ауп­баевтың Клара жеңгеймен болған әңгімесінен оқып білгем-ді. Ахаңмен «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеген жылдары ол кісінің біреуге қатты ашуланғанын, біреудің сыртынан бөгде сөз айт­қанын, біреуге ұрысып-жекіргенін көрмеппін. Қашанда бір қалыпты, жайдары жүретін. Орнымен әзілдесе білетін. Жұмыс барысында Ахаңның кейде өзінің бас редактор екендігін есінен шығарып алып, «маған келіп кетіңізші» деп бөлмемізге жетіп келетіні бар-ды. Ондайда біз де ағамызға еппен еркелеп қалатынбыз: «Аха, алдыңыз­да хатшыңыз отыр, өзіңіз жүгіре бергенше, соны жұмсамай­сыз ба?» «Сен де қызық екенсің! – Ахаң риясыз күлер еді. – Ол саған барып келемін дегенше, мен саған екі барып, екі келмеймін бе...» Арғы жағын түсіне қоямыз. Қалай дегенде де Ахаң ауыз толтырып айтарлықтай, үлкен жүректі азамат еді. Кешегі күнге дейін телефон арқылы болса да, хабарласып, хал-жағдай білісіп тұрдық. Ахаңның өмір сүруге деген құштарлығы, құлшынысы керемет еді. «Жер үйге көшіп алдым. Ерте тұрамын, гүлдерді суғарамын, жеміс ағаштарының түбін қопсытамын. Бұл рақат екен, уақытың тез өтеді, әрі демалыс, әрі жаттығу...» Бүйтіп естелік жазамыз деген кімнің ойында бар. Амал қанша... О дүниеге қимайтын-ақ жан... Қаралы хабарды естігенде қайғы­дан қабырғамыз қайысты. Ахаң­ның артында өлмейтін әдеби шығар­ма­лары қалды, бала-шаға­лары, Клара жеңгеміз қалды... Соларға амандық тілейміз. Жатқан жеріңіз жайлы, жүзіңіз пейіште шалқысын, Ахат аға!

 Қуаныш ЖИЕНБАЙ, жазушы