14 мамырда түнгі сағат 02-00-де Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Азизбек Латифжонов бастаған жедел топ колоннамен Жамбыл облысы Жуалы ауданынан 8 жедел медициналық жәрдем көлігі және 1 "Ванхолл" маркалы жолаушылар автобусымен Өзбекстан Республикасына жөнелтілді. Автокөліктерде 13 зардап шеккен адам, уақытша орналастыру пунктіндегі 7 және 2 қаза тапқан адам бар. Өзбекстан ТЖ министрінің орынбасары Жамбыл облысындағы әріптестеріне және өз отандастарын құтқаруға жұмылдырылған барлық қызметтерге алғысын білдірді. Таңғы сағат 07-15-те колонна Қазақстан Республикасының шекарасынан өтті. 1980 және 1965 жылдары туған Өзбекстанның екі азаматы Жуалы ауданы ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 12 мамырында сағат 15:46-да Жамбыл облысының Жуалы ауданында "Алматы-Ташкент" автожолының 571 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алған болатын. Салдарынан екі адам оқиға орнында қайтыс болып, 16 адам түрлі жарақаттармен Жуалы ауданының орталық аудандық ауруханасына жатқызылды. Салонда барлығы 51 адам болды, оның 46-сы Өзбекстан азаматтары. Жамбыл облысы ТЖ департаментінде "жедел желі" телефоны жұмыс істеді. Жергілікті атқарушы органдардың күшімен мәдениет үйінің базасында эвакопункт және ыстық тамақ ұйымдастырылып, оған 32 адам орналастырылған болатын.