ҰҚК Тоқаевқа қастандық жасауды жоспарлаған агентке қатысты мәлімдеме жасады
ҰҚК Тоқаевқа қастандық жасауды жоспарлаған агентке қатысты мәлімдеме жасады
172
оқылды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 25 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президентіне және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған шетел барлау агенті – А. есімді Қазақстан азаматын ұстады, – деп жазады halyq-uni.kz. ҰҚК баспасөз қызметінің 3 сәуірдегі мәлімдемесінде оның бір мезгілде арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер жасауды жоспарлағаны айтылды. Тінту барысында шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленді. Қару Қазақстанға кәсіби жасырылған түрде бөлшектермен әкелінген. Бұдан өзге, ҚР-да А. әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау арқылы Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофоб көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындаған. Алдын ала тергеу барысында ҚР азаматы жоғарыда көрсетілген істерді шетел мемлекетінің тапсырмасы және мүддесінде жасағанын мойындаған. Осы ретте Halyq Uni тілшісі Тоқаевқа қастандық жасауды жоспарлаған агентке қатысты ҰҚК-ға бірнеше ресми сауал жұмсаған еді.
  •  «А» деген ҚР азаматы Президент Тоқаевтан бөлек еліміздің жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің ішінен нақты кімге қастандық жасамақ болды?
  • Оның кінәсі толық дәлелденсе қанша мерзімге сотталуы мүмкін?
  • Аталған тапсырыс орындаушының Қаңтар оқиғасына қатысы бар ма? Нақты қандай эпизод бойынша қатысы анықталды?
ҰҚК жауабында ҚР Қылмыстық кодексiнiң 255-бабына сәйкес агенттің мүлкi тәркiленiп, Қазақстан азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жаза көзделгені айтылған.
«Cотқа дейiнгi тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиiс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мумкiн», – делінген ҰҚК баспасөз қызметінің жауабында.