Былтыр мамыр айының басында Грузияда 26 жастағы қазақ қызы көз жұмды. Марқұм Әсел Айтпаева жездесінің шақыруымен Тбилисиге жұмыс істеп, табыс табуға барған болатын. Алайда сол жақта қызды жездесі Мұрат Мейірбеков зорлап, оны грузин азаматына сатып жіберген. Ол да марқұмды зорлаған екен. Олардың екеуара сөзін жазып алған Әсел жазбаны үй ішіне жіберіп үлгерген. Артынан қыз өлі табылған. Сол кезде жергілікті полиция өз-өзіне қол салды деген шешім шығарған.
Марқұмның анасының айтуынша, қызы өзіне қол салмаған. Оны өлтіріп, 9 қабаттан лақтырып жіберген.
– Қызымның ісі созылғанына бір жылдан асты. 4-5 мамырда қызымның қазасы жайындағы іспен танысып, шығарылған үкіммен күйеуім екеуміз келіспедік. Қызым суицид жасаған жоқ, оны өлтіріп, артынан лақтырып жіберген. Қолымда барлық дәлел бар. Оның үстіне, біздің істі жүргізген қорғаушы қызымның ішкі ағзасы Грузияда қалғаны жайында айтпаған. Тіпті, тергеуші де тіс жармаған. Бас прокуратураға хат жазып, ситуационная экспертиза жасап, баламның ағзасын қайтаруын сұрадым. Бірақ олар одан бас тартты. Баламның ісін дұрыс қарауын, ағзасын қайтаруын талап етемін, – дейді Айсұлу Айтпаева.
Айтуынша, ол бұрынғы қорғаушысы Ербол Қанафиннен бас тартқан. Қазір оларды "Не молчи" қорының адвокаты Саида Сүлейменова қорғайтын болды.